Жаңалықтар

Алтын көпір

«Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал, кітапханашыларды ешқашан жоғалмауы тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын».

Әбіш КЕКІЛБАЕВ.

Кітап – ертеден адам жанына серік болған асыл қазына. Сол білімнің бұлағы, адамгершіліктің негізі болған кітаптардың ордасы кітапхана оқырман мен кітап – арасындағы алтын көпір. Қалаға келгелі өзім оқырманы атанған Қарағандының 27-ші ықшам ауданында орналасқан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №11 кітапхана филиалының игілікті істерін тілге тиек еткім келеді.

Кітапханашылардың айтуынша, кітапхана 1700-ден аса оқырманға қызмет көрсетеді. Кітапхананың тұрақты оқырмандары – мектеп оқушылары, студенттер, түрлі саламамандары, зейнеткерлер. Оқырмандардың бірі келіп жатса, бірі кетіп жатады. Техниканың дамыған заманында кітапқа деген сұраныстың осынша артуы қуантады. Кітапхана қызметкерлері аудан аумағындағы түрлі мекемелермен тығыз байланыс орнатқан. Атап айтқанда, №16, 66 орта мектептер, «Болашақ» колледжі, ҚарМУ, №1 облыстық орталық мешіті, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандарымен бірлесіп, шаралар ұйымдастырады.

Кітаптың иісі кіргенде-ақ бойыңа бір белгісіз қуаныш сыйлайды емес пе?! Мұндағы кітап қоры – 15500 дана. Үнемі жаңа әдебиеттермен толықтырылып тұрады. Кітапхана төрінен мерекелер мен айтулы іс-шараларға арнайы әзірленген әдемі көрмелер орын алған. Ал, маған бәрінен де ұнайтыны кітапхана кішкентай болса да, оқырман залы бар. Онда кітапхана жабылғанша отырып, қалаған газет-журнал, кітабыңызды оқуға болады.

Кітапханашылар аудан халқының мәдениетін көтеруге, әдебиет пен ғылымның жетістігін үзбей насихаттауға, халықтың кітапқа, білімге деген сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында тынбай жұмыс атқарып келеді. Бұл орайда, кітапхана меңгерушісі Ана Ыдырысова, кітапханашылар – Алма Кенжеғалиева, Әйгерім Сыздықбаеваны ерекше атап өту керек.

Кітапхана меңгерушісі мен кітапханашы апайлардың ұйымдастыруымен қазіргі заманға сай оқырмандардың ойын ұшқырлайтын әдеби кештер, айтулы шаралар жиі өткізіліп тұрады. Айта кетсем, сәуірде қазақтың ән өнерін, өзінің қазақ даласындай кең де зор дауысын Парижде бар әлемге танытқан Әміре Қашаубаевтың туғанына 130 жыл толуына орай, «Асқақ әнші Әміре» атты әдеби музыкалық кеш өтті. Шараға кітапхана оқырмандары, Тәттімбет атындағы өнер колледжі, «Болашақ» колледжінің, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің студенттері қатысты.

Еліміздің латын әліпбиіне көшуі – ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Кітапханада «Латын әліпбиі жарқын болашақтың бастауы» тақырыбында дөңгелек үстел, сонымен қатар, «Латын жазуы – мемлекеттік тілдің сенімді тірегі» атты интерактивті көрме өткізілді. Аталған іс-шаралар дүниетанымымызды кеңейтуге, сөздік қорымызды молайтуға үлкен мүмкіндіктер сыйлайды.

Диана САҒЫМБЕКОВА,

ҚарМУ журналистика кафедрасының студенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button