Бас тақырыпТарих

«Алтын адам» – ашылмаған құпия

Қазақ даласын қазсаң, «Алтын адам» шығатын әдеті ғой. Қарқаралыдағы Қасым ауылының іргесінен табылған бұл «Алтын адамның» бұған дейін қайта қалпына келтірілгендегі нұсқасын беріп келгенбіз. Осы жолы әшекейлерге жекежеке тоқталмақпыз. Ерте темір дәуіріне жататын ескерткіштің бөлшектеріне үңілген сайын ерекшелене түсетін сияқты.

Мұны «Талды-2» қорымынан тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі археолог Арман Бейсенов тапқанын тәптіштеп жатпаймыз. Бұл арада баса мән берілуі тиіс нәрсе – қорғандардан табылған 200- ге жуық алтын бұйымның аңдық стильде қалыпталғаны. «Қалыпқа құйып жасады ма екен, жоқ, басқа әдіс қолданды ма екен?!» деген сауал ойға еріксіз оралады. Зер салып қарап отырса, аң стилі өрнектерінің кейбір элементтері бүгінгі біздің Елтаңбамызды еске салады. Кейбір сарқыншақтары ұлттық ою-өрнекке көшкен сияқты. Күні бүгінге дейін құпия, сыры ашыла қоймаған аңдық стильді біз ұмытуға айналдық. Себебі, оның бірде-бір белгісін тұрмыс-тіршілігімізге етенелестіре алмадық. Алтын адам таптық, жаһанға жар салдық, аңдық стиль екенін айттық. Сөйттік те, музейлерге тығып тастадық. Содан бері елімізде қаншама сәулет нышандары бой көтерді. Ұлттық белгілеріміз соғылғаны аз. Жоқтың қасы. Ал, мына Арқадан шыққан «Алтын адам» бөлшектерін жекелеп қараса, нетүрлі тылсым ойға тартып, сиқырымен арбайды да тұрады. Ғалымдар «Есіктегі, сонау Ыстықкөлдегі, Қарқаралыдан табылған зергерлік бұйымдар жасаудағы қолөнер шеберлерінің кәсіби деңгейі, сюжетті сомдау үйлесімділігі, техникалық амал дары өте ұқсас» депті. Осы жерде мәселе тағы аңдық стильге барып тіреледі. Қасым ауылынан табылған кісе белдіктің қапсырмалары, қару асынатын белдік, киімнің әр жеріне тағылған таутеке, мысық тұқымдас жыртқыш аңдар, қабан, грифон, екі таутекенің басы – самғаған құс бейнесіндегі қапсырмалар, өсімдік дәндері формасында жасалған көптеген ілдіргі-салпыншақтар тарихи-археологиялық тұрғыда қарастырылған шығар. Бірақ, ою-өрнегінің қиюласуы, қалыпталу әдісі, турасында толыққанды ғылыми тұжырымдама жоқ. Тек аңдық стиль деген жалғыз ауыз термин бар.

Мұндағы «Мысық тұқымдас жыртқыш пішінді әшекейлер» атауымен айдарланған алтын құйма әртүрлі пішінде көрінеді. Мысық емес, бір қарағанда пілге ұқсайды. Төңкеріп қараса, жануарға да ұқсамай кетеді. «Аң стилі – бейнелеу өнерінің шектерінен шығып, мәдени артефакт ретінде табиғатпен үйлесімді тіршілік етудің рәмізі» депті бір анықтамада. Әр түрлі тұжырымдардан нақты анықтамасын таппай, шатысасыз. Тіпті, «бұл өнердің құпиясы әлі ашылып болған жоқ» деушілер де табылады. Бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі таутекенің басы самғаған құс түрінде де көрінеді. Енді бірде бетіңе бақырая қарап тұрған жалпақ бет адам сияқты. Қалай дегенде де, «Алтын адам», аңдық стиль – ашылмаған құпия. Зерттеушісін күтіп музейде тұрғандай сезіледі.  

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button