Руханият

Алты құрылық назары – “Алтын Адамда”

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ халық алдында есеп беріп, 2017 жылы атқарылған қызметтердің негізгі қорытындылары мен алдағы міндеттері туралы баяндады.

Елорда төріндегі «Қазмедиа орталығы» ғимаратының киноконцерт залында өткен кездесуге мәдениет және спорт қайраткерлері, парламент мүшелері, қоғамдық кеңес, шығармашылық интеллигенция, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ, мүдделі қоғамдық қауымдастықтардың, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Сонымен қатар, селекторлық байланысы режимі арқылы еліміздің 14 облысы, Астана және Алматы қалалары байланысты. Солардың сапында біз де бар едік. Сөйтіп, өңірлердегі қатысушылардың қамтылуы мыңнан астам адамды құрады. Бұдан бөлек, кездесу барысы аталған министрліктің ресми интернет-ресурсы мен «Facebook» парақшасында, сондай-ақ, «Bnews.kz» ақпараттық агенттігінде тікелей көрсетілімде жүргізілді.

Мұнымен қоса, министрліктің интернет-ресурсына биылғы 21 мамырдан бастап келіп түскен сұрақтарға талдау жасалып, кездесу барысында аталған сауалдарға жауап берілді. Осы мақсат та министрлік сайтында сұрақ қоямын деушілерге арнайы бөлім ашылғанын да айта кеткен жөн. Сөйтіп, кездесу барысында министрдің баяндамасы тыңдалып, залда отырған қатысушылар мен өңірлерден келіп түскен сұрақтарға назар салынды.

Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, өткен жыл «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын айтуға болады. Өткен жылы осы бағдарлама аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» құрылып, белгілі ғалым Берік Әбдіғалидың жетекшілігімен Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» атты ғылыми-зерттеу орталығының іргесі қаланды. Сондай-ақ, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы бойынша екі ауқымды республикалық форум өтті.

21 маусымда алғаш рет Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аясында «Рухани қазына» атты Мәдениет және өнер қызметкерлерінің бірінші фестивалі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Қасиетті қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуы нәтижесінде жалпыұлттық 185 нысан мен жергілікті 456 нысанның тізімі жасалды. Өңірлердегі тарихи-мәдени мұра және негізгі нысандар туралы бірегей ғылыми материалдар жиналған «Киелі Қазақстан» энциклопедиясының 1-томы жарық көрді. Сондай-ақ, Қазақстан брендін қалыптастыру мақсатында «Киелі Қазақстан» атты Қазақстандағы сокралды нысандардың интерактивті картасы жасалды. Бұл карта еліміздегі 100-ден аса негізгі сокралды, мәдени және археологиялық нысандар туралы толық мәлімет беруге негізделген.

Елімізде кино индустриясына да аса зор мән берілуде. «Discovery», «Viasat History», «National Geographic» арналарында АҚШ-тың «Castle film» кинокомпаниясымен бірлесе түсірілген тарихи-деректі «Күлтегін: жаңа көзқарас» және «Көшпенділер мекені» фильмдерін көрсетуде. Барлық фильмдер субтитр-дубляжымен бірге әлемнің 6 тіліне аударылған. Сонымен қатар, өткен жылдың қараша айынан бастап «ВВС» арнасында «Қазақстан аңыздары» компаниясының шеңберінде «Алтын Адам» туралы фильмнің түсірілімі басталды.

Сонымен қатар, аталған «Алтын Адам» әлемнің көптеген мемлекеттерінде таныстырыып, мұражайларына қойылды. Солардың қатарында Ресей, Қытай, Корея, Польша, Белоруссия, Әзірбайжан болса, 2020 жылға дейін оны Ұлыбритания, Жапония, АҚШ, Грузия, Италия, Франция және өзге де көптеген елдер тамашалай алатын болады. Бұл ретте, «Алты Адамды» көруге деген алты құрлық тұрғындарының айрықша қызығушылығы бар екенін де айта кеткен абзал. Адамдар сағаттап кезекке тұрып, көру мүмкіншілігін күтетін көрінеді.

– Әлемнің 22 елінде Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің орталықтары ашылған. Сонымен қатар, мұндай орталық жаһанның ең ірі кітапханаларында да ірге қалады. Солардың қатарында АҚШ-тың Вашингтон, Нью-Йорк қалаларындағы кітапханалар да бар. Бұл ретте, Астанадағы Ұлттық Академиялық Кітапхана басшылығының ауқымды жұмысын атап өту қажет, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Жиын барысында еліміздің мәдениет, өнер және спорт салаларына қатысты өткен жылы атқарылған өзге де жұмыстар тілге тиек етіліп, алдағы мақсаттар да айқындалды. Сөйтіп, шара соңында қатысушылар министр мырзаға өздерін мазалаған сауалдарын жолдап, тиісті жауап ала алды. Бұл ретте, селекторлық байланыс арқылы қатысқан 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларының азаматтары да сұрақ жолдағанын айта кету керек.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,

 «Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button