Қарқаралы

Алты айдағы ахуал қандай?

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті ХХХІ сессиясы өтті. Аудандық мәслихат хатшысы Сләмиден Нүркенов, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері мен бөлім, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары қатысқан сессияға №10 сайлау округінен сайланған депутат Азат Бейсенбеков төрағалық жасады. Сессияның күн тәртібінде аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есебі, «Қарқаралы ауданының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасына» сәйкес ауданның денсаулық сақтау саласының жұмысы туралы мәселелері, жергілікті полиция қызметінің І жартыжылдықта атқарған жұмыстары қаралды.

Алдымен сессияның күн тәртібі мен регламенті бекітілген соң аудан әкімі Халел Мақсұтов өзінің функциялары мен міндеттерін орындау жөнінде мәслихат депутаттары алдында есеп берді. Халық қалаулылары алдындағы өз есебін Елбасы Жолдауындағы міндеттер мен межелерге шолу жасаудан бастаған аудан әкімі: «Барлық жұмыстар Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламалар және іс-шаралар жоспары негізінде, Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының міндеттерін, тапсырмаларын іске асыру бойынша, сондай-ақ, Қарқаралы ауданының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасын басшылыққа ала отырып жасалуда» деді.

Есепті кезеңде қамтылған жартыжылдықта ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасы қалыптасқан. Аудан бюджетінің орындалуы кірістер бойынша 111,6% қамтамасыз етіліп, 764 млн. 700 мың теңге қаражат түскен. Қаңтар-мамыр айлары бойынша төртінші деңгейдегі бюджеттің кіріс көлемі 33 млн. 400 мың теңгеге орындалды. Осы айлар ішінде ауданда қаржы игеру – 100% пайыз. Орындалысы – 3 млдр. 182 млн. 988 мың теңге. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың алты айында жалпы экономиканың көлемі 19 млрд. 137,3 млн. теңге болып, жоспар 106,5% орындалды.

Аудан бойынша ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 9 млрд. 033 млн. 200 мың теңге. Аудандағы егістік жер көлемі 53,6 гектар. Егістік алқаптарын электрондық картаға енгізуді қадағалауға қосымша мүмкіндіктер беретіні ескеріліп, бүгінгі күнге аудандағы 78557 га жер электрондық картаға енгізілген. 120,0 тонна мал азығы дайындалған. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің де жұмысы қарқын алуда. Аудан шаруаларының арасында техника жаңартудың оң үрдісі байқалады. Ағымдағы жылы шаруашылықтар 140,0 млн. теңгеге 25 жаңа техника алып, ауыл шаруашылық техникалар паркін жаңартқан. Ағымдағы жылы мал санының барлық түрінің ұлғаюына қол жеткізілген. Мал басының ұлғаюына сәйкес, шаруалардың экспорттық әлеуетін арттыру жұмыстары жүргізілуде.

Ет экспорты бойынша, ірі қара мал етін тапсыру бағытында 142 тонна ірі қара етін сойыс түрінде, 1433 бас бұқашықты мал бордақылау алаңдарына тапсыру жұмыстары жоспарланған. Аудан әкімінің есебінен өнеркәсіп өнімі көлемінің де артқанын байқаймыз. Әрі аудандағы «Өркен Кентөбе», Қарағайлы кен байыту фабрикасы, «Абыз» кеніші, Теректі тау-кен байыту комбинатындағы тұрақтылық сақталуда. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің арнайы қаулысына сәйкес «VOEX COMMERC» ЖШС-не мыс кенін және «Достау Литос» ЖШС-не барит кенін нысаналы мақсаты бойынша өндіру үшін жер берілген. Әрине, бұл өндіріс орындары келешекте жұмыс орындарының ашылуы мен аудан бюджетінің толығуына өз септігін тигізері сөзсіз. Аудандағы шағын бизнес субьектілері саны 2270 болып, ондағы жұмыс жасайтын адамдар саны 3417 адамға жеткен. Яғни, былтырғы жылмен салыстырғанда 101,3%-ға өскен. Бұл алдымен кәсіпкерлікті дамытуға жан жақты жағдай жасап отырған мемлекеттік бағдарламалардың ауданда дұрыс насихатталып жатқандығының бір көрінісі.

Аудан басшысы есепті кезеңде өнеркәсіп саласы, мал шаруашылығы, ветеринариялық жұмыстар, жылыжай өнімдері, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, бюджеттен бөлінген субсидиялар, инвестиция және жоспарланған құрылыс нысандары, тұрғын үй мен автомобиль жолдары, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласы, қоғамдық қабылдаулар, діни ахуалға, қылмыстық құқық бұзушылыққа жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында жоспарлы міндеттердің тұрғандығын, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы», «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша атқарылған іс-шараларды атап өтті.

Баяндамадан соң талқылау үшін жарыссөзге шыққан аудандық мәслихат депутаты Мұхит Адамов ауданда атқарылып жатқан толағай жұмыстар халық пен биліктің бірлесе тіл табысып жұмыс жасауының нәтижесі екенін, десе де әлі түйіні тарқамаған мәселелердің бар екендігін атап өтті. Мәселен, Егіндібұлақ бағытындағы Арқалық пен Айрық жолы бойындағы көпірдің тозып, жедел түрде жөндеу жұмыстарының қажет екендігін, Айнабұлақ бөлімшесіне су құбырын тарту, білім ордаларына жүргізілетін жөндеу жұмыстарын ширату керектігін баса айтты. Депутат Талғат Дауытов Қарағайлыдағы атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Аудан бюджетінен бөлінген 23 млн. теңге қаражаттың игеріліп, әрі мердігерлердің жұмысы көңілден шығып жатқандығын жеткізді. «Қарағайлы мен Қарқаралы арасындағы жолға былтыр жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда, сапасының жоқтығынан таз қалпына түсті. Жөндеу жұмысын жүргізген мердігер компанияның кепілдік мерзімінің аяқталмағындығын пайдалана отырып, қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет»,– деді Т.Дауытов. Аудандағы денсаулық саласында атқарылған жұмыстар жөнінде аудандық орталық аурухана директорының орынбасары Назира Ыдырысова баяндама жасады. Бүгінгі күндегі өзекті мәселе болып отырған ана мен бала өлімінің алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталған баяндамашы ағымдағы жылдың алты айында аудандық перзентханада 208 нәресте дүниеге келіп, үш нәресте өлі туғандығын, денсаулығына байланысты екі нәресте облыстық перзентхана ауыстырылғандығын жеткізді. Санитарлық авиация 29 рет шақырылған. Балалар өлімінің алдын алу жұмыстарының ең маңыздысы – жұқпалы аурудың алдын алуда түбегейлі жұмыстар атқарылған. Туберкулез, күл, А және В сары ауруы, қызылша, қызамық, паротит, сіреспе, көкжөтел, гемофилді инфекция, сал ауруы, пневмококты пневмония, тұмау ауруларына қарсы екпе жұмыстары жүргізілген. Асқынулар тіркелмеген. Дегенмен, аудан бойынша екпе алудан бас тартқандар саны 45-ке жетіп отыр. Жалпы, скринингтік тексерістен 1500 адам өткен. Туберкулезден өлім тіркелмегенімен, жүрек қан тамыры ауруынан 18 адам көз жұмған. Диспансерлік есепте тұрған науқастарға 37 млн. 634 мың 460 теңгеге тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Баяндамашы сондайақ, денсаулық саласындағы түйіткілді мәселелерді де тізбектеп өтті. Бүгінгі таңда дәрігерлердің жетіспеушілігі, баспана мәселесі, шаруашылықтардың құжатсыз, ешқандай тексерусіз адамдарды жұмысқа әкелуі қауіпті дерттің ушығуына негізгі себеп болып отырғандығын қынжыла жеткізді ол. Аталмыш саладағы атқарылған жұмыстарға қанық болғандар көкейдегі сұрақтарын қойып, жауап алды.

Аудандағы қылмыстың алдын алуда жергілікті полиция қызметінің алты айда атқарған жұмыстары да сессияның күн тәртібінен тыс қалмады. Жергілікті полиция қызметінің бастығы Нұрбол Сыздыханов ІІБ жергілікті полиция қызметімен қылмыстың алдын алу, болдыртпау және құқық бұзушылық профилактикасы, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жоспарлы іс шаралардың жүріп жатқандығын айтып өтті. Сонымен, ауданда орын алған қылмыс саны 122-ге жеткен, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,9%-ға өскен. Оның ішінде, алкогольдік масаю күйінде жасалған қылмыстар 11-ден 8-ге, отбасы тұрмыстық жағдайда жасалған қылмыстар екіден бірге, бұрын сотты болған немесе жауапкершілікке тартылғандардың жасалған қылмыстары 27-ден 11-ге азайып, кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары сол деңгейде қалып отыр. Дегенмен, мүлік ұрлау фактісі 58-ден 63-ке өскен. Сонымен қатар, бағын мәселесі мал ұрлығының жиі қайталануының негізгі себебі екендігі айтылды. Жергілікті полиция қызметінің атқарған жұмыстары егжей-тегжейлі баяндалды.

Күн тәртібінде қаралған мәселелер жан-жақты баяндалып, сұрақтар қойылды. Баяндамашылар тарапынан тиісті жауаптар да берілді. Атқарылған жұмыстар да бар, кезек күтіп тұрған түйіткілді мәселелер де көп. Қандай көрсеткіш болсын шынайы жүргізілген жұмыстың көрінісі. Берілген жоспар, орындалған көрсеткіштер, анықталған кемшіліктер, қолданған шаралар сессия барысында жария болып, тиісті шешімдер қабылданды.

Сағыныш Әбілова,

«Орталық Қазақстан»

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button