Облыс әкімі

Алты айдағы ахуалға алаң бар ма?

Аймақтың алты айдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалына айтарлықтай алаң жоқ. Межеленген көрсеткіштер бойынша жалпы облыста өсім бар. Дегенмен, кейбір қалалар мен аудандар жобалаған жоспарларына қол жеткізе алмай тұрғаны – шындық. Әсіресе, жаңа жобаларды жүзеге асыруда несие алып, оны мемлекеттік субсидиялауға 9 аудан мүлдем ынта білдірмеген. Жалпақ тілмен айтқанда, осы уақыт аралығында бірде-бір жоба ұсынылмаған. Бұл бағытқа түрен тимеген. Облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде аймақ басшысы мұны қатаң сынға алды. Кезекті мәжілісте кеншілер мекенінің еңсерген жарты жылдағы жағдайы мен кезегін күткен міндеттері талқыланды.

Аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков жалпы облыстың әлеуметтік-эк­ономикалық дамуы жағымды екеніне тоқталды. Бұған өңірдегі өнеркәсіптердің септігімен бірге, мемлекеттік бағдарламалардың да тигізген үлесі зор. Атап айтқанда, «Нұрлы Жол» бағдарламасы, дағдарысқа қарсы шаралар қолға алынған. Ол нәтижесін ендігі көрсеткен.

Осы орайда облыстың жарты жылдықтағы өсіп-өркендеуі туралы облыстың экономика және қаржы басқармасының басшысы Ольга Чернявская баяндады. Аймақтағы өндіріс өнімінің 30 пайызы экспортқа негізделген. Яғни, өнімдердің артуы-кемуі сырттағы елдің, дәлірек айтқанда, Еуропаның сұранысына тікелей байланысты. Экспортқа шығарылатын өнімдердің үлес салмағына келсек, оның 60 пайызы металл және металдан жасалған бұйымдарда көрінеді.

Негізі, ресми мәліметтерге сүйенсек, алты айдағы көрсеткіш – тәуір. Мәселен, аймақтың жалпы ішкі өнімі 0,8 пайызға өскен. Еліміз бойынша облыстың ЖІӨ-дегі үлесі – 8 пайыз екен. Бұл болса, республикада үшінші орын.

Жарты жылдықта облыстағы ірі өндіріс орындары «Қазақмыс» корпорация­сы» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және басқа да өнеркәсіптері 78 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Соның ішінде, басқарма басшысының айтуынша, ұқсатушы, өңдеуші кәсіпорындарының үлес салмағы жоғары. Оған индустрияландырудың ықпалы мол деп отыр. Айталық, былтыр ұқсатушы кәсіпорындардың үлесі – 28 пайыз болса, биыл 34 пайызға жеткен. Сонымен қатар, еңбек өнімділігінің де көрсеткіші көз қуантады. Ол – 4,8 пайызға артыпты.

Өнеркәсіптерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында тынысы ашылған кәсіпорындардың бүгінде 70 пайызының жүктемесі тұрақты. Бұған қоса, биыл 10 жобаның тұсауы кесілмекші. Бірінші жарты жылдықта оның үшеуі іске қосылды. Ал, жалпы құны – 68,1 млрд. теңге болатын 7 жоба жыл соңына дейін жүзеге асырылады. Аталған жобалар жұмысын бастағанда 784 жаңа тұрақты жұмыс орны қамтамасыз етілмекші екен.

Сөйте тұра, басқарма басшысы осы уақыт аралығында негізгі капиталға инвестиция тартудың төмендегенін атап өтті. Өнеркәсіптер тарапынан құйылған инвестицияның 40 пайызы технологиялық құрал-жабдықтарға негізделген.

Құрылыс саласында құны – 53,4 млрд. теңге болатын 151 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылған. Бұл – 100 отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік берді. Шағын және орта бизнестегі субъектелердің қатары көбейген. Ол өсім – 0,9 пайыз. Сөйтіп, 97908 бірлік шағын және орта бизнес өкілі ресми тіркеуде тұр. Кәсіпкерлер аталған мерзімде 47 млн. теңгенің өнімін өндірген көрінеді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер еткен мемлекеттік бағдарламаларды жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, облыста жүргізіліп отырған мемлекеттік бағдарламаларға 51,8 млрд. теңге қаржы бөлінген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыруға 2016 жылы 6703,3 млн.теңге бөлінген. Соның ішінде, жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат – 309,9 млн. теңге. Бағдарлама аясында 6 айда 21 мыңнан астам тұрғын қамтылған. Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы жаңа жұмыс орындары құрылуда. Осылайша, еңбек нарығындағы мемлекеттік саясаттың белсенділігінің нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Бүгінде жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз.

Бүгінде бағындыратын меже – аймақтың жалпы ішкі өнімін 1,3 пайызға өсіру. Осыған орай, облыс әкімі салалық басқарма басшыларын тыңдады. Олар туындаған проблемалар мен межеге жетуде қандай қадамдар жасалу керектігіне тоқталды. Түйінді мәселелерді шешу жолдары, қала, аудан әкімдерінің қандай қарекет етуі қажеттігі сарапқа салынды. Қайсыбір салада көш соңында қалған аудан, қалалардың аты аталып, түсі түстелді. Алдағы жарты жылға бағытты айқындап, бағдарды белгілеп берген аймақ басшысы құзырлы орындарға ауқымды міндеттер жүктеді. Нақты тапсырмалармен қатар, орындалу мерзімін де көзге шұқып көрсетті. Аппарат мәжілісінде көрсеткіштері көңіл көншітпейтін аудан, қалаларға тығырықтан шығар жол іздеу тапсырылды. Әкімдер тапқан амал-тәсіл, жолдары туралы аймақ басшысына қыркүйекте мәлімдейтін болады.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Сурет ғаламтордан алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button