Жаңалықтар

Алладан – медет, медицинадан – себеп

Адамның өмірі Алланың қолында. Оның қалауымен жердегі абзал жандар адамның өмірі үшін күреседі. Әсіресе, өмірінің соңына дейін аппаратқа таңылған жандар үшін әр күн – күрес.

Бүйрек ауруы асқынған адамдардың ғұмырына гемодиализ аса қажет екенін білеміз. Ондай жандар үшін айрықша жағдай керектігі сөзсіз. Ондай жайлы жағдайды облыс тұрғындары үшін «Diaverum» орталығы жасауда. Бұл – «Diaverum» халықаралық медициналық компаниясының облыстағы негізгі бөлімшесі. Бұдан бөлек, Майқұдықта, Шахтинск, Теміртау, Балқаш, Жезқазған сияқты қалаларда филиалдары бар. Кейінгі кезде Сарыағаш, Бурабайда да гемодиализ орталықтары ашылды. Бұл – науқастарға жасалған үлкен мүмкіндік.

Орталық 2012 жылдың соңында жұмысын бастағанда 25 адамға қызмет көрсетіпті. Келе-келе гемодиализге тұрақты келетіндер осы орталықта – 70, ал, Майқұдықтағы бөлімшеде – 60 адамға жеткен.

  • Келушілердің санының артуы әуелі аурудың ерте анықталуының нәтижесі деп қараған жөн,– дейді орталық директоры Алексей Подгайнов. – Адамның өмір сүру жасы ұлғайды, заманауи медицинаның мүмкіндіктері артты. Дегенмен де, экологияның да кері әсерін тигізіп жатқанын да айта кеткен ләзім.

70 адам апта бойы арасына күн салып келеді. «Бір көрген – біліс, екі көрген – таныс» дегендей, орталық дәрігері Наталья Ромашковаға олардың аты-жөндері ғана емес, өмірі – аян. Қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақтасатын ол науқастардың туысындай болып кеткен. Екі ауысымда келетін науқастар үшін олар барлық жағдайды жасап, гемодиализ орнын тазалап дайындап қояды. Бұл жұмыстарға орталықтағы екі дәрігер жауапты. Сонымен қатар, науқастарды алып келу және апарып салу, тамақтандыру орталықтың мойнында. 4-5 сағатқа созылатын гемодиализ кезінде науқастар үшін тегін вайфай мен планшетке дейін қарастырылған. Оларға берілетін барлық дәрі-дәрмектерді де ұсынады. Қанды тазарту барысында пайдаланылатын барлық медициналық жабдықтар, тіпті, сүлгіге дейін бір реттік қолданылуға ғана жарамды. Мұның барлығының қаржыландырылуы мемлекеттен. Бір адамның ем-шарасына 26 мың теңге кетеді екен. Ол адам айына осындай 13 ем-шарадан өтеді. Сонда есептей беріңіз. Еліміз өз азаматтарының денсаулығы үшін қолдан келгенше көмек беруден аянып жатқан жоқ.

Бүйректің қызметін гемодиализ атқарады. Өте жұқа жартылай өткізгіш мембраналардан тұратын диализаторлар – зат алмасу мен артық сұйықтық шығарылатын орын. Мембраналар қан мен диализдік ерітінді арасында бөгет қызметін атқарады және заттардың қанға және қаннан шығарылуын қамтамасыз етеді. Мұнда залалсыздандырылған пластмасса түтіктері диализаторға жалғанады. Оның біреуі қанды диализаторға жеткізсе, екінші түтік – оны ағзаға қайтаруға арналған. Қазір орталықта шетелдік заманауи үш сорғылы Nipro Surdial-X аппараттары жұмыс істеп тұр.

  • Олар бір мезгілде бірнеше қызмет түрін орындай алады. Науқастар қатты күш талап етпейтін жұмыстар істей алады. Отбасын құрып, бала сүйеді. Тек, дәрігерлік кеңестерді уақытылы орындаса болғаны. Мұнда бастысы әркімнің өз денсаулығына деген жауапкершілігі. Біздің науқас басқа кез келген аурумен сырқаттануы мүмкін. Қажеттілік туындаса, аппаратты сол жерге алып барамыз. Жалпы, бұл ауру туа пайда болғанан гөрі, оны асқындыру салдарынан жиі туындайды. Бүйректі алмастыру – оның жалғыз ғана емі. Өкінішке қарай, айы оңынан туып, донор табылатындар сирек,– дейді Наталья Дмитрьевна.

Барлық науқастардың қан сараптамасы Астанадағы донор банкына жіберіліп отырады. Егер, ол жақта сәйкес донор табылса, науқас жедел түрде жеткізіліп, ота жасалады. Бірақ, біздің елімізде донорлық кенжелеп тұрған мәселе.

Жансая ОМАРБЕКОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button