Алдағы жұмыс ауқымды

Қарқаралы ауданының әкімі Эльдар ДҮЙСЕТАЕВ аудан тұрғындары алдында жыл ішінде атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Еңсерілген белестер мен алда тұрған межелер туралы баяндалған кездесуге облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан АБЫЛАЕВ, аудандық мекемекәсіпорын басшылары, ауылдық округтер әкімдері, аудан тұрғындары қатысты.

Аудан әкімі жыл ішінде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Аудандағы ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында ілгерілеушілік байқалады. Жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 8 млрд. теңгені құрап, мемлекеттік бюджетке 3 млрд. теңгеден астам қаржы түскен. Ауыл шаруашылығы саласында да жоспарлы жұмыстар жүзеге асуда. Жалпы, өндірілген өнім көлемі 35 млрд. теңгеден асқан. Мал тұқымын асылдандыру, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану – ірі қара санының өсуіне себеп болуда. Экспортқа ет тапсыру 105%-ға орындалған. Аудан экономикасының маңызды бөлігі – тау-кен өнеркәсібі саласындағы өндірілген өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ, «Өркен-Кентөбе», «Қазақмыс» корпорациясы, «Интеррин», «Алтайполиматаллы» ЖШС-і аудан халқының басым бөлігін жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Нәтижесінде, аудандағы жұмыссыздық деңгейі 2,9%-ды құрады.

Туризм саласын дамытуда аудан аумағындағы демалыс орындарының жұмысын жандандыру шаралары қолға алынған. 2,5 мың адамға қызмет көрсететін 29 демалыс орны бар. Өткен жылы 4 туристік нысан іске қосылған. Шағын және орта бизнес субьектілерінің саны да артқан. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында субсидиялау бағыты бойынша 109 млн. теңгеге 3 жоба жүзеге асырылды. Білім, мәдениет, медицина салаларында да жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Алдағы уақытта жүзеге асатын жұмыстар да кездесуде жария етілді. Қала басындағы үш мектеп пен Көктас ауылындағы мектептің білім сапасын көтеру мақсатында, «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» білім жүйесін іске асыратын «Ауыл мектебі» жобасы қолға алынуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Егіндібұлақ ауылындағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Қарағайлы кентіндегі жалпы құны 240 млн. теңге болатын 15 орындық стационары бар дәрігерлік амбулатория мен қала басындағы жалпы құны 640 млн. теңге тұратын 320 орындық спорттық сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қала басында 18 пәтерлі төрт үйдің және ауыл шаруашылығы колледжі жанынан 100 орындық жатақхананың құрылысы жүргізілуде.

Аудан әкімінің кездесуі әлеуметтік түйіндерді тарқатуға бағытталды. Яғни, халық түйткілді деген сұрақтарды қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Қала тұрғындарының басым көпшілігінің сұрағы ауыз су мәселесі туралы болды. Ауыз су бүгінде аудан орталығы үшін күрделі мәселеге айналып отыр. Жалпы, қаладағы коммуналдық инфрақұрылымның тозығы жетіп тұрғандығы бірнеше мәрте айтылды. Қарқаралы мен Матақ арасындағы автокөлік жолының сын көтермейтіндігі де және қала мәртебесі де тілге тиек етілді.

Өз кезегінде аудан басшысы қаланы тұрақты сумен қамтамасыз етуде «Жарлы-Қарқаралы» топтық су жүйесі құрылысына жобалау-сметалық құжаттарының әзірленіп, мемлекеттік сараптама жүргізілетінін жеткізді.

Кездесуде қойылған сұрақтарға тиісінше жауап берілді. Аудан әкімінің есебіне жиналғандар атқарылған және атқарылып жатқан істер жайлы толыққанды мағлұмат алып шықты.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.