Жаңалықтар

Алаштың Ахметі – ұлт жүрегінде

     Құдай берген талантын туған халқының игілігіне арнаған Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ  туғанына биыл – 146 жыл.  Әлбетте, мұрасын насихаттау – бүгінгі ұрпақтың еншісінде қалды. Осы ойды негізге алған №41 орта мектептің ұжымы ұлт ұстазын ұлықтады. III қалалық  дәстүрлі танымдық-теориялық конференцияда ғылыми мұраларының өзектілігіне тоқталды. Қазақ мәдениетінің тарихында үлкен дәуірді алып жатқан ғалымның шығармашылық мұрасын дәріптеді.

Конференция жинағына Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұралары жөнінде қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі 130 жұмыс жинақталған екен. Көбісін зерделеген – мектеп оқушылары. Олар, алдымен, қазақтан шыққан тұңғыш әдебиет теоретигінің еңбектеріне тоқталыпты.

Жалпы, Ахмет Байтұрсынов – ел мүддесі жолында өмірін құрбан еткен тұлға. 1912 жылы қазақ әліпбиін қолданысқа енгізген қайраткер екені белгілі. Бұл жолда «Оқу құралы» қазақша әліппесінің бірінші кітабын жарыққа шығарып, 8 мың данамен «Қазақ» газетін оқырман назарына ұсынған. Осы ойларды зерттеулеріне арқау еткен оқушылар конференцияда «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік», «Латын әліпбиі – келешектің кілті», «Ұлттық жаңғыру – туған жер тұтастығы мен ел болашағы» бағыттарындағы жобаларды қорғады.

Жиында ҚББ әдіскері Р.Құлмұханова, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Ж.Смағұлов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Н.Бейсенбекова, ҚарМУ-дың Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының аға оқытушысы Н.Смағұлов, филология ғылымдарының магистрі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі А.Мырзахметов пікір қосты. Әр бағытта қорғалған жұмыстарға жүлделі орындар беріп, қалалық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапаттады. Ал, ғылыми жұмысы ерекше танылған оқушыға профессор Ж. Смағұловтың арнайы сыйлығы табысталды.

Жиында мектеп директоры Ж.Баймолдина Ахмет Байтұрсынұлы  мұражай-үйінің директоры Р.Имаханбеттің  зерттеп, сыйға берген Ахмет Байтұрсынұлы жөніндегі еңбектерін таныстырды.

Жиынды ұйымдастырушы №41 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Толғанай Сейтжанова «Қазақ халқының тәуелсіздігі жолында ақтық демі біткенше күрескен осынау ұлы адамның аты ұлт жүрегінде мәңгі сақталуы тегін емес. Сондықтан, Ахаңды қазақтың ұлттық мәдениетінің ХанТәңірі деп бағалаймыз. Тарих төрінен өшпес орын алған тұлғаның кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы жетерлік»,– деді.

Мектеп ұжымы және облыстың ғалым- зерттеушілері осыған дейінгі жиындарда №41 жалпы білім беретін мектепке Ахмет Байтұрсыновтың есімін беру туралы ұсыныс білдірген болатын. Ұсыныстары облыс билігі тарапынан қолдау тауып, Қарағанды қаласы мәслихатының алдағы сессиясында қаралмақ. Игі бастамалар қолдау тауып, №41 орта мектепке Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілсе нұр үстіне нұр болар еді. Мектеп ұжымы жағымды жаңалықпен қатар, наурыз айының соңында Ахаңа арнап ашылатын мұражаймен елден сүйінші сұрамақ ниетте.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button