Руханият

Алаш жолында, азаттық қамында…

Бүркіт Ысқақұлы! Белгілі ақын, публицист, ғалым ғана емес, Алаш азаттығы жолында күрескен қайраткер де өзі. Қазір ақпарат майданы деп жүрміз ғой, Бүркіт Ысқақұлы бастаған ЕСЕП партиясының басында тұрғандар – сана, рух күресінің соғыстан кейінгі жылдардағы сардарлары. Бұлардың ұстанымына тереңірек үңілсең – Алаш идеясынан тамыр тартады. «Әкелді бір түп – сол жусан…» демей ме?! Алаш арыстарын қырып жібергенімен, дән-дәнегі қалып қойған да ұлы далада.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Елін сүйген ерлер партиясының (ЕСЕП) көшбасшыларының бірі Бүркіт Ысқақтың 95 жылдығына орай өткен тарихи-танымдық кеш дегенге жетіп бардық. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінің ғимаратына. Ақынның қызы Айгүл Бүркітқызы апай келіпті.

«Әкем жастарға көп көңіл бөліпті. Жастармен әңгімесінде көбіне Алаш қайраткерлері туралы айтады екен. Ұлтжандылыққа тәрбиелеген. Шыққан тегін, қазақ екенін ұмытпасын деп өте көп жұмыс істеген. Қаншама мақалалар жазған. Кейін 1950 жылдан бері Кеңес Үкіметінде тағы қудалау басталды. «Халық жауы» деген айыппен 25 жылға соттайды немесе ату жазасы. Бекмахановтар бастаған ұлт зиялылары ұсталды ғой. Сонда менің әкем мен досы Махмет Темірұлы 20-дан жаңа асқан жас жігіттер екен. «Правда» газетіне Бекмаханов бастаған ұлт зиялыларын ақтап мақала жариялаған. ЕСЕП партиясының көсемдері мен мүшелері сотталып, қуғындалған. Әкем мен Махмет аға 25 жылға кесілген. Анам бес-алты айдан кейін қайғыдан қайтыс болған. 3 жаста қалған мені «үкіметке кек тұтпасын» деп нағашы жұртым орыс мектебіне берген, сақтап қалу үшін. Мені кейін Қазақ радиосынан іздеп тауып, қазақшаға тәрбиелеген Махмет аға» – деді ақынның қызы.

Әкесі көзі тірісінде докторлық монографиясын жазып болып, қорғауға бірер жеті қалғанда жүріп кеткен ғой. Содан ол монография белгісіз жағдайда жоғалады. Кейіннен әке мұрасын тауып, кітап қылып шығарған – осы кісі, қызы Айгүл апай. «Қазақ және Еділ бойы халықтарының әдебиеті» деген зерттеу еңбегі. Бұл кісінің екінші еңбегі – нағашы атасы, ақын Доскей Әлімбаев мұраларын жинап, құрастырып, кітапқа бастырған. Үшінші еңбегі – Махмет Темірұлының «Азаттық аңсап азап шеккендер» кітабын шығарған. Және бұл кітаптардың бәрін несие алып, қаражатын өзі төлеген. Ал, Бүркіт Ысқақтың 90 жылдығында қалған қолжазбаларын Нұрлан Дулатбеков ағамыз шығарып берген. «Бұл менің көз жасым ғой қан аралас» деген жинақ – тұтқында жүргенде жазған өлеңдері.

Бүркіт аға, ЕСЕП партиясы жайлы жазушы Кәмел Жүністегі мен ақын Серік Ақсұңқарұлы сөйледі. Кәмекең – Бүркіт ағаны көрген адам. Кейін өзі де осы ЕСЕП партиясының есебінде болғанын бұрыннан білетінбіз. «Қайтып келмес тұлғалар ғой. Ол кезде біздің кездесуіміз бен көрісуіміздің бәрі құпия болатын. Үнемі аңдуда болдық. ЕСЕП партиясының күресі – империяны аударып тастайын деген күрес емес. Қазақты бодандыққа бермей, санасын оятып, рухын көтеру жолындағы майдан. Ел екенін ұмыттырмау» деп бастап, арғы жағын ауқымды әңгімеге ұластырып әкетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Серік Ақсұңқарұлы да тамаша сөйледі Бүркіт Ысқақ туралы. «Антисоветтік қозғалыс біздің елімізде Әлихан Бөкейхандар кезінен басталған. Одан соң оны осы Бүркіт Ысқақтар жалғастырды. Солай жалғаса келе, Желтоқсан көтерілісіне бір-ақ жетті бұл қозғалыс. Ақын Бүркіт Ысқақ – сол майданның бас сардарларының бірі» деп, жырдан шашу шашты.

Тарих факультетінің деканы, доцент Жамбыл Жұмабеков жүргізіп отырған тарихи-танымдық кеште ұлт қайраткері Бүркіт Ысқақұлы турасында тұңғыш рет түсірілген деректі фильм көрсетілді.

Кеште Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Жәрдемдестік ассоциациясының төрағасы, Қазақстан Республикасының құрметті дипломаты Жекен Қалиұлының Құттықтау хаты оқылды.

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Алмагүл Қоғабайқызы, жас ғалым Әділет Жағыпар және Махмет Темірұлының ұрпақтары баяндама жасап, сөз сөйледі. Кеш соңында бүркіттанушы Әділет Жағыпар дайындаған қайраткер тұлғаның есімін ұлықтау және мәңгілік есте қалдыру мақсатын көздеген қарар бірауыздан қабылданды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button