Басты тақырып

Алаш арманы Астанаға

           Қарағандының Астанаға тартқан сыйы дегенде, біз білетін бас-аяғы екі-үш нысан еді. Олай емес, «білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» болып шыға келді. Анығында, ғимарат, зәулім сарайды салу өз алдына, әуелі оның орнын зерттеп, жобалау, құрылыс қаңқасын тұрғызу да сәулет өнерінің үлкен саласы. Мәселен, елордадағы елеулі орындар – «Хан шатыр» мен «Бәйтеректі», «Мәңгілік Елді» тұрғызуда қарағандылықтардың қолтаңбасы бар екенін біз Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архиві Астананың 20 жылдығына орай өткізген «Евразия құрлығындағы Жаңа Астана» атты дөңгелек үстел барысында бір-ақ білдік.

Әуелі құрылыс басталарда, ғимараттың іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқалмас үшін жер жағдайы таңдалады ғой. Оның үстіне Астананың құрылысы болса, жауапкершілік екі есе жоғары. Сәулет өнерінің көзімен қарағанда бұл – үлкен жұмыс. Мәселен, техника ғылымының докторы, қарағандылық ғалым Виктор Попов болмағанда, Астананың айтулы ғимараты «Хан шатыр», тіпті, министрліктер тұрған сарайлар да аз ғана уақыт тұрып, құрдымға кетуі әбден мүмкін екен. Аты мен заты қазақ мәдениетін әйгілеп тұрған «Хан шатырыңыз» басында тұрғызылуы тиіс тұстан тура 100 қадам алшақтатылып салынған. «КарГИИЗ» ЖШС директоры В.Поповтың айтуы бойынша. Өйткені, В.Попов ол жер қыртысын зерттей келе, басында белгіленген тұстан Есіл өзенінің жер асты сулары өтетінін, ол жерге қада қаққанмен, кейін қалтырап шыға келетінін дәлелдеп берген. Құрылысты бастап жіберген түрік компаниясы басында біздің қарағандылық ғалымға сеніңкіремейді. Виктор мырза сонда сөзін ғылыми, тарихи тұрғыдан дәлелдеп шыққан. Қазіргі министрліктер орналасқан үйлерді саларда да жер қолайын ретке келтіртіп, астына тас, қиыршық тас төктіртіп, қадасын 27 метр тереңдікке қақтырған да – Попов оқымысты. Қысқасы, Астанадағы 80-ге жуық ірі ғимараттың геодезиялық жоспарын бекіткен қарағандылық осы кісі.
Облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архивтің басшысы Әсет Несіпбаев жүргізіп отырған дөңгелек үстел барысында сөз сөйлеген тарих ғылымдарының кандидаты, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова да тамаша пікір айтты: «Астананың Алматыдан Ақмолаға көшірілуі тегіннен тегін емес. ХХ ғасыр басында қазақ даласына жер аударылған Григорий Потанин «Қазақтар Қараөткелдің бойынан қала салып, оқу орнын ашып, балаларын оқытса?! «Қозы көрпеш – Баян сұлу» сияқты жыры, ешбір елден қалыспайтын мәдениеті бар қазақтарды әлем сонда таныр еді ғой» деген. Потаниннің осы пікірін Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан да армандап кеткен: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» дейді. Нағыз тәуелсіз Қазақстанның астанасы – осы бүгінгі Астана. Бұған дейінгілердің барлығы – орысқа бодан кезіміздегі астаналар еді» дейді Нұрсахан Ахметқызы.
Дөңгелек үстелге қатысушы «Имсталькон» Қарағанды металлконструкция заводы» ЖШС-ның бас инженері Ринат Нұрғалиев болса, Астанадағы «Спорт сарайының», «Бәйтеректің», Астана әуежайының, Теміржол вокзалының, «Қазақ Елі», «Мәңгілік Ел» монументтерінің, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі нысанының және тағы басқа құрылыс орындарының металл құрастырмасын жасап шығарғандары туралы баяндады. Ал, «Карагандагражданпроект институты» ЖШС-ның директоры Тұрсын Жаров Астана қаласының әкімшілік және тұрғын үй кешендерінің құрылысы туралы сөз қозғады. Тарих ғылымдарының кандидаты, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Б.Төлеуова астананы Ақмолаға көшірудің тарихи маңыздылғына тоқталды.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button