Қарқаралы

Қаламгер құрмет құшағында

БАБАДАН ҚАЛҒАН АСЫЛ МҰРАНЫ КЕСТЕЛІ СӨЗБЕН КӨРКЕМДЕП, ОҚЫРМАННАН ЛАЙЫҚТЫ БАҒАСЫН АЛҒАН БЕЛГІЛІ ЖАЗУШЫ ДИДАР АМАНТАЙ ЕРДІҢ ЖАСЫ – ЕЛУДЕ. ҚАЛАМГЕРДІҢ МЕРЕЙТОЙЫН ЖЕРЛЕСТЕРІ ТУҒАН ЖЕРІ ҚАРҚАРАЛЫДА ЛАЙЫҚТЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАП ӨТТІ.


Мемлекеттік «Дарын» сыйлығы мен тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреатын құттықтап келгендер қатарында – мәдениет қайраткері Рымбала Омарбекова, белгілі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай, Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Серік Сағынтай, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Қамбар Ахметов және қаламгерлер Руслан Нұрбай, Алмаз Мырзахметов, Азамат Шоқшин сынды бауырлары болды.
Киелі қаламын жанына серік етіп, қара сөздің құдіретін танытып жүрген ұлына Қарқаралы төрін ұсынды. Жазушы, публицистің шығармашылық кеші аудан әкімі Халел Мақсұтов пен Қарқаралының қайраткер қызы Рымбала Омарбекованың құттықтау сөзімен ашылды. Халықтың мәдени-рухани мұрасы, асыл қазынасы – сөз өнерін қастерлеген азаматтың бекзада болмысы мен қарымды қаламгер бейнесі лайықты әспеттеліп, тума талант иесі, заманынан озып туған терең талғам иесі екендігі айтылды. Шоқтығы биік шығармалары бірнеше тілге аударылған перзентін құрметтеу жерлестері үшін үлкен мәртебе екендігін баса айтқан аудан басшысы қалың қауым атынан жазушының иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.
«Ағайын – ағайынның айнасы» демекші, жездесі Қайырбек Қыдыралин бала Дидардың жас кезі туралы естеліктерімен бөлісті. Жазушының әкесі Амантаймен бірге оқыған сыныптастары Ақан Жақсылықов пен Мәкіш Әбілова ыстық ықыластарын білдірді.
Әдемі кештің тізгінін ұстаған Ерлан Төлеутай жазушы досының мәртебесін өсіріп, мерейін үстем етіп отырды. Ұлттың рухын көтеретін әдеби туындылары дәуірдің тыныс-тіршілігін тап басып, кең дүниетанымынан хабар беретін Дидар Амантайдың шығармашылығы үнемі өрлеу шегінде екендігін Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Серік Сағынтай қаперледі. Талғамы терең, талап деңгейі жоғары, жазу шеберлігі шыңдалған қаламгер туралы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Қамбар Ахметов те өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, сый-сыяпат жасады.
Жазушының туған ауылынан жерлестері келіп, қайраткер ұлын мерейтойымен құттықтап, тілеулес екендіктерін айтып, ілтипат көрсетті.
Халық пен жазушы арасында емен-жарқын әңгіме өрбіген шара оқырман қауымды бір серпілтіп тастады.
Кеш барысында Ерлан Төлеутай осындай әсерлі шараны ұйымдастырып отырған аудан азаматтарына ризашылығын білдіре келе, кеш иесіне «осы сәтті пайдаланып, аудан басшыларына айтар датыңыз бар ма?» деген сұрақ қойып қалды. «Маған бүкіл қазақ туысқан, менің аудан басшысына бір ғана өтінішім бар. Ол биыл туғанына 60 жыл толғанын дарынды ақын, марқұм Тұрсын Жұмаштың мерейтойын салтанатты түрде атап өтсе, нұр үстіне нұр болар еді» деді. Өлең оқылып, халық әндері шырқалды.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button