Ғалам көз тігетін дода

ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында Күншығыс елінің бас қаласы Токиода өтетіні баршаға мәлім. Әлем жұртшылығының назарында болатын айтулы дода Жапония астанасына алпыс алты жылдан соң қайта оралғалы отыр. Спортшылар үшін Олимпиадаға қатысу – мақсат, жеңіс тұғырынан көріну – арман. Ондағы жетістік – мемлекет мерейі.

2020 жылғы Олимпиада ойындары өтетін спорттық нысандардың дені 1964 жылғы әлемдік додаға арналып салынған. Токио төрінде сол кездегі 42 спорт нысанының 24-і күні бүгінге дейін мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Бұларға қосымша 10 нысан уақытша тұрғызылып, 8 нысан жаңадан бой көтеруде.

Олимпиада ойындары билеттерінің 20-30 пайызы Жапонияда тұрмайтын адамдар үшін сатылымға шығарылмай сақталады. Өткен жылдың маусымында «Токио-2020» ұйымдастыру комитеті билет бағасы 2500 иен (22,77 АҚШ доллары) мен 300 000 иен (2733 АҚШ доллары) аралығында болатынын мәлімдеген еді. Кейінгі ресми мәліметке сүйенсек, билеттердің 8 миллионға жуығы сатылып кеткен.

Байрақты бәсекенің жаңа эмблемасы шахмат тақтасы секілді өрнектермен айшықталған. Мұндай өрнектер Жапонияда Эдо дәуірінен (1603-1867) бері танымал. Ондағы әр тікбұрыш әлемдегі елдер мен оның мәдениетінің нышаны, демек, спорт олардың барлығының басын біріктіреді. Олимпиада атауы («Tokyo 2020») эмблеманың түсіне лайықты бояумен жазылған. Төменгі бөлігіне, талап бойынша Олимпиада белгісі – бес сақина орналастырылған.

***

Токио Олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің алдын ала жоспарлауынша, төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға 11 090 спортшы қатысады деп күтілуде. Жарысқа қатысушы спортшылардың 48,5 пайызын әйелдер құрамақшы.

Олимпиада барысында спорттың 33 түрінен 339 сайыс өтеді. Олардың арасында бейсбол, каратэ, серфинг, құзға шығу және скейтбординг сынды жаңадан қосылған спорт түрлері де бар.

Салтанатты ашылу сәтіне дейін, яғни, 22 шілде күні футбол мен софтболдан іріктеу сындары басталады. Олимпиада басталған күні ескек есушілер мен садақ атушы сайыпқырандар жарыс жолына шығады. Алғашқы күні спорттың 21 түрінен сайыстар өтеді деп жоспарлануда. Оның ішінде, үстел теннисі, теннис, дзюдо, бадминтон, гимнастика, тен нис және велосипед спорты бар.

«Токио-2020» ойындарының бағдарламасына қосылған 3×3 баскетбол, скейтбординг пен серфинг сындары алғашқы аптада басталады.

1 тамыз күні Олимпиада ойындарына алғаш рет енген спорт түрлері бойынша берілетін жүлделер өз иелерін таппақ. Бұл күні спорттың 23 түрінен жарыс өтпекші.

Әлемдік доданың ең соңғы жарыс күнінде ерлер арасындағы марафон басталады. Ол миллиондаған жанкүйердің назарын аударады деп күтілуде.

«Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәлімдеуінше, Қарағанды ай- мағынан жазғы Олимпиада ойындарына спорттың 10 түрі бойынша қатысуға үміткер 15 спортшының тізімі бекітілген».

***

Қазіргі таңда Қазақстанда жасақталатын Олимпиада командасында 10 лицензия бар. Бәсекесі тым ауыр сынға жолдаманы суда жүзу спортынан Дмитрий Баландин (100, 200 метр, брасс), жеңіл

атлеттер Ольга Рыпакова мен Георгий Шейко, велошабандоз Евгений Гидич, классикалық садақ атудан Қазақстанның ерлер командасы (Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин, Санжар Мұсаев) және суда жүзуші Виталий Худяков иеленді. Осы ретте садақ атудан қазақстандық үміткерлер командалық және жекелей сайыста сынға түсетінін айта кету керек.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәлімдеуінше, Қарағанды аймағынан жазғы Олимпиада ойындарына спорттың 10 түрі бойынша қатысуға үміткер 15 спортшының тізімі бекітілген. Атап айтсақ, батут гимнастикасынан Данил Мұсаев, бокстан Абылайхан Жүсіпов, грек-рим күресінен Ерұлан Ысқақов, велоспорттан Роман Василенков пен Сергей Шатовкин, әйелдер арасындағы күрестен Эльмира Сыздықова, ескек есуден Светлана Германович, Виталий Васильев, Михаил Таскин және Дарья Разумович, дзюдодан Ислам Бозбаев пен Жансай Смағұлов, жеңіл атлетикадан Римма Кашафутдинова, синхронды жүзуден апалы-сіңлілі Екатерина мен Алек- сандра Немичтер. Бұл спортшылар бүгінгі күні Олимпиадаға қатысу лицензиясын иелену үшін Халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, өздерінің мүмкіндіктерін арттыру жолында тер төгуде. Үміткер спортшыларға мемлекет тарапынан ай сайын стипендия төленеді. Олардың тыңғылықты дайындықтарына барлық жағдай жасалған. Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы мен жалпы спортсүйер қауым қарағандылық спортшылардың биік межеден көрінеріне сенімді.

Қасымхан ҒАЛЫМ.