Жаңалықтар

Алакөлден ұшқан қоңыр қаз

         Кешегі Кеңес кезеңінде газет-журналдарда «Ел іші – өнер кеніші» деген айдармен очерк, мақалалар жиі жарияланып тұратын. Онда аудандық мәдениет үйлерін былай қойғанда, шалғай ауылдардағы шағын клубтардың қызметі, ондағы көркемөнерпаздар үйірмесінің өнерлі һәм белсенді мүшелерінің жұмысы мен өнері жайлы жан-жақты жазылатын еді. Тіпті, жолы болғандарды облыстық, республикалық радио мен телевидениеге шақырып, өнерін кеңінен насихаттайтын. Шын мәнінде, бұл жақсы дәстүр талай өнерлі жастардың бағын ашқан, үлкен өнер жолындағы алғашқы баспалдақ болатын.

Қазір тәуелсіз еліміздің мәдениет саласында тер төгіп, халықты әлі де өнерімен сусындатып жүрген аға буын өкілдерінің біразы осы жолдан өткені анық. Мысалы, Жаңаарқалық жерлесіміз Қорабай Есеновтің гитара сүйемелдеуімен орындайтын құлаққа жайлы, қоңыр дауысты әндері студент кезінде Қазақ радиосының алтын қорына дәл осылай жазылған.
Әрине, қазір де өнерлі өренді өнер жолына бастар соқпақ жоқ дей алмаймыз. Талаптанған жанға қабілетін танытуға қазір мүмкіндік бұрынғыдан әлдеқайда мол және заманауи құрылғылар мейлінше қолжетімді. Соның салдары болар, бүгінде «жердегі жұлдыздардың» санын анықтағаннан гөрі аспандағы жұлдыздарды санау жеңіл сияқты. Аспанға қарап та, жұлдызды санап та жүрміз ғой…
Ия, қазір заман басқа, бәлкім, соған орай тыңдарманның талғамы да басқа шығар. Мына жаһандану деген аждаһа шыбын жанымыздан басқанын бәрін жалмап, жалаңаш қалдырмаса болды, әйтеуір. Сын мақала жазайын деген ойда емеспін, менікі көптің көкейінде жүрген ойды жастарымызға тағы да бір мәрте құлаққағыс ету ғана. Сондықтан, тақырыптан ауытқымай, осы жерден тізгін тартқаным дұрыс болар.
Негізгі айтпағым, әлі де ауылдық жерлерде үлкен сахнаға шығуға жолы болмай жүрген, бірақ халыққа таныстыруға тұрарлық қаншама өнерлі, талантты жастар баршылық. Солардың бірі емес, бірегейі Нұра аудандық мәдениет үйінің концертмейстрі, талантты әнші-сазгер Амангелді Шахарбаев.
Амангелді 1978 жылы Нұра ауданы, Изенді ауылының (бұрынғы Нұра кеңшары) Алакөл бөлімшесінде дүниеге келген. Әкесі Базарбай зейнеткерлікке шыққанға дейін ата кәсіпті нәсіп етіп, шопан таяғын ұстады. Анасы Шолпан болса, үй шаруасымен қоса мехнаты көп кәсіптің ауыр жүгін отағасымен бірге бөлісе жүріп, 13 құрсақ көтерген, ұлттың демографиялық өсіміне өлшеусіз үлес қосқан, батыр ана. Амангелді осындай көп балалы үйдің сүт кенжесі бола тұра, еркелікке бой ұрмай, бала кезінен ұяң, тілалғыш болып өсті. Ұяда көрген дұрыс тәрбиенің табы бүгінде жігіт ағасы жасқа жеткен азаматтың ақсары өңіне ауып, бүкіл болмысынан білініп тұрады. Өзі жайлы: «Әнге құштарлығым 7-8 жасымда ауылдағы өнерге жақын жігіттерге еліктеуден басталды. Сол кезде елді тамсандырған әнші, үкілі домбырасы қанжығасында жүретін сері жігіт, жылқышы Кәмен аға нағыз «кумирім» болды десем өтірік емес. Үйдегі оқтауды сабалап, ышқынып ән айтып жүргенімді байқаған әкем, бір күні домбыра сатып әперді. Осы күні өмірімде болған алғашқы үлкен қуаныш сол екен ғой деп ойлаймын» деп еске алады.
Мектепті 9 жылдық біліммен аяқтаған Амангелді әскерге шақырылғанға дейін 3-4 жыл әкесіне көмекші болды. Еңбекке ерте араласқан бозбала «қой баққан адамның ой да баға алатынын» бағамдады. Боз далада бозторғайдың үніне әнін қосты, самал желге бетін тосты. Сайын даланың сан алуан сиқырлы үні кеудесінде күй болып күмбірлеп, табиғатпен үйлесім тауып, оның тылсым сырын ұғуға талпынды. Соның құдіреті шығар, қолына музыкалық аспап түсе қалса өзі талаптанып, тез үйреніп алатын. Мазасын алып, көкейін тескен көрікті ырғақты нотаға түсірмей-ақ, миында қорытып, әнді жүрегімен айтатын қасиет, оған нақ сол кездерде дарыған сияқты. Бүгінде домбыра, акардеон, гитара, дауылпаз, синтезатор сияқты аспаптарда еркін ойнау оның әдеттегі машығы.
Мыңжылдықтар тоғысында Отанға деген борышын Алматы маңында өткергенде де, өнерден қол үзбей, әскери үрмелі аспаптар оркестрінің белді мүшесі болды. Армиядан қайтқан Амангелдінің елге келіп, бір жылдай аудандық мәдениет үйінің күзетшісі болып жұмыс істеуінің сырында өнерге деген құштарлық пен құрмет жатқан жоқ па? «Үй болмай, күй болмасын» сезген жігіт жаңа ғасырдың алғашқы жылында сүйгені Самалмен қосылып, жас отаудың шаңырағын көтерді. Көп ұзамай жас жігіттің бойындағы қабілетті байқаған басшылық оны осы мәдениет ошағының әдіскері қызметіне ауыстырды. Өмірін өнермен ұштастыру үшін енді кәсіби білім қажет екенін зерек жігіт дер кезінде ұқты. Осы мақсат жетелеп Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжіне оқуға түсті. Домбыра класында тәлім алған Амангелді, ұстазы Сәлім Ізтілеуовтің ақыл-кеңесі мен ағалық қамқорлығын көп көргенін айтады. Сол ағасының қолдауымен, өнер колледжін бітірместен бірден Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның 2-курс студенті болып шыға келгені де бір қызық әңгіме. Бұл білім ордасын еңбектен қол үзбей жүре, уақытында, ойдағыдай тәмамдап шықты. 2005 жылдан бері Амангелді Нұра аудандық мәдениет үйінің концертмейстрі. Жиырма жылға жуық бір мекеменің ыстық-суығына көніп, бір орында тапжылмай еңбек ету, қазіргі уақыт өлшемімен алғанда екінің бірінің пешенесіне жазылмаған. Осынша уақыт ол сахна төрінде, өнерімен ел алдында, яғни, осынша уақыт ән қанатында. Оның байсалды қалыпта қоңыр дауыспен ән шырқап тұрғанын, аудан елді мекендерінің түпкір-түпкірінен жиі кездестіруге болады. Аудан намысы сарапқа түсер үлкен сайыстарда болсын, Астана мен Қарағанды қалаларында өтетін жомарт күздің берекелі жәрмеңкесінде болсын, ол еш уақытта намысты қолдан берген емес. Уақыт тауып, ел ішінде болатын торқалы тойларға барып, Алла берген өнердің арқасында бала-шағасының нәпақасын айырып жүргені де құптарлық тірлік. Сонымен қатар, ол салауатты өмір салтын ұстанып, асыл дінімізді қастерлеп жүрген азамат. Өзінің құрдас досы, ауданымыздың бас имамы Қоныскерей қажымен бірге жылда ауыл-ауылдарды аралап, шапағаты мол Мәуліт мерекесін өткізуге атсалысуы соның айғағы. Бұндай сауабы мол мерекелік шараларда, шәкірттерімен бірге діни мазмұндағы әндері арқылы «Алланың бір, Пайғамбардың хақ екенін» ұғындырып көпшіліктің құрметіне бөленіп жүр. Демалыс күндері туған топырағы Алакөлге барып, атқа мініп, ит жүгіртіп, аң қағатын саятшылығы тағы бар.
Амангелдінің еңбек жолындағы елеулі істерінің бірі, мәдениет үйі жанынан «Ақ әжелер» вокалдық тобын құрып, оған жемісті жетекшілік еткені. Құрамы 10 адамнан кеміп көрмеген, кимешек киген әжелер тобы барлық мерекелік іс-шаралардың көркі десе болады. Бүгінде біразы бақилық болып кетсе де, есімдері елдің есінде. Олардың орнын кейінгі толқын аналар толықтыруда. Топтың белсенді мүшелері ретінде Бақыт Хайбулдинова, Аман Сатимирова, Салтанат Усенбекова сынды азаматтарды атауға болады. Ал, балалардан құралған «Ізбасар» вокалдық тобы құтты бір бал арасының ұясы ма дерсің. Себебі, бәрі Амангелді ағаларының қол астында өнерлерін ұштауға құштар. Іздене жүріп еңбек еткен Амангелдінің өнердегі шыққан биігі де осал емес. 2006 жылы облыстық «Жас қанат» байқауының бас жүлдесін қанжығасына байласа, 2007 жылы облыс әкімінің жастар арасындағы «Қайнар» сыйлығының иегері атанды. Одан бері де талай байқауларда оза шауып, сан мәрте алғыс хаттар мен грамоталармен марапатталған. Мен бұл мақалада қал-қадірім жеткенше Амангелдінің өмірі мен еңбек жолын, әншілік сипатын ғана баяндауға тырыстым. Ал оның сазгерлік қыры, ән жазу қабілеті арнайы зерделеуді қажет ететін өз алдына бөлек тақырып. Оны музыка өнерінен хабары бар, қайырымды жанның еншісіне қалдырайық. Осы орайда, орыс тілінде жатық айтылатын бір әзіл есіме түсіп отырғаны. Бір әпенді әншіден «осы бұлбұл мен торғайдың айырмашылығы неде» деп сұрапты. Сонда ол «бұлбұл консерваторияны күндізгі бөлімде, ал торғай болса оны сырттай оқып бітірген» деп өзін меңзей мақтана жауап беріпті. Ал, мен болсам, тума талант Амангелді інімді консерваторияны сырттай оқып бітірген бұлбұлға теңеймін. Себебі, ол сазгер болумен қатар, өзі жазған әндерін келістіре орындайтын нағыз күміскөмей әнші. Оның жазған қай әні болсын бірден құлақтан кіріп, жүрекке орнығады. Әндерінің бәрінде Отанға, туған жерге, өскен ауылға, ата-анаға, отбасылық құндылықтарға, замандастарға деген сүйіспеншілік пен махаббат сезімі тұнып тұр. Бүгінде ол ел аузында айтылып жүрген отыздан астам жаңа әндердің авторы. Құрғақ айтпай, бір-екеуіне тоқтала кетейін. Біріншісі, оның мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің 100 жылдығына арналған «Дәуір дарабозы» атты марш жанрында жазылған әні бүгінде еліміздің барлық өңірін аралап кетті. Осы әннің арқасында Амангелдінің Алматыға барып, ұлттық арнада журналист Бейсен Құранбектің «Айтуға оңай» бағдарламасына қатысқаны бар. Екіншіден, біз қазақ қанша жерден жылқы мінезді, көшпенді елдің ұрпағымыз десек те, жылқышы туралы жазылған бір дұрыс әніміз жоқ. Осы күнге дейін «Жылқышы әні» деген қырғыздың жалқы әнінің жалына жармасып келеміз. Амангелдінің сәтті шыққан «Жылқышы жігіт» атты әні енді осы олқылықтың орнын толықтырғандай.
Қайырып айтар болсам, әріптестері «Аужекең» деп ауыз толтырып айтар ағалық жасқа жеткен, мен білетін Амангелді інім, отбасына қамқор, мейірбан әке. Асыл жары Самал екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары Маржан Қарағанды гуманитарлық колледжінің «Музыка пәні» мамандығы бойынша 2-курс студенті.
Тоғжаны Нұра кенті мектебінің 5-сыныбында оқыса, Әминасы 1- сыныптың үздігі. Кішкентайы – Ұлбибі болса әзірге үйдің тәтті еркесі.
Бүгінде қамал алар қырық жасқа толып отырған Амангелдінің барлық қырын ашып, сырына терең бойлай алдым деп ойламаймын. Тек, жанымда жүрген жақсы інім жайлы, жүректен шыққан жылы сөзімді, оқырманға жеткізуді өзіме ағалық парызым санадым. Амангелдінің әлі де жазылмаған жақсы әні, шырқалмаған сазды әні келер күндердің еншісінде екені ақиқат. Тек соны іске асыруға Құдайым ұзақ ғұмыр, денсаулық берсін. Әне, Алакөлден қаңқылдап ұшқан қоңыр қаз, соңына әсем әуен қалдырып, биікке самғап барады. Ылайым, қанаты талмасын деп тілейік!

Қанат Отарбаев,
«Құрмет» орденінің иегері,
«Отқанжар» ЖШС директоры.

Нұра ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button