Қала әкімі қабылдады

    Бұрнағы күні Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров қалалық ардагерлер ұйымы құрылуының 30 жылдығына орай салтанатты қабылдау өткізді. Оған қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, тұрақты және тексеру комиссияларының төрағалары, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері, ардагерлер қозғалысының белсенділері қатыс­ты.

Салтанатты қабылдауда аға ұрпақ өкілдерінің Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі кезеңдердегі қан майдан мен бейбіт еңбектегі ерліктеріне, Тәуелсіздік жылдары жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуде атқарып жатқан жұмыстарына лайықты баға берілді. Облыстық және қалалық ардагерлер ұйымдарының құрылу тарихы мен өткен жолдары еске алынды.

Қала басшысы Н.Әубәкіров құттықтау сөзінде ардагерлер ұйымының, жалпы ардагер ағалардың атқарған істеріне тоқталып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосқан бір топ ардагерлерге Қарағанды қаласы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын тапсырды. Құрмет грамотасына, атап айтқанда, ҰОС ардагері Қариполла Машрапов, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Жарылқасын Бикенов, Алғыс хатқа ҚарТУ бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Юрий Обухов, ҚарЭУ-дің ардагерлер ұйымының жетекшісі Жеңісбек Сүйіндіков және тағы басқалары ие болды.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Федор Ермаков сөз алып, қалалық ардагерлер қозғалысының белсенді мүшелері,ҰОС ардагері Николай Пастуховты облыстық Кеңестің Құрмет грамотасымен, Лилия Шарипова, Борис Дю, Алтынай Исағұлова, Марс Төреғұловты Алғыс хаттары және дипломдарымен марапаттады.

Мұнан кейін қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеубек Зейнешев сөз сөйлеп, қала әкіміне осындай жылы қабылдау ұйымдастырғанына алғыс айтты. Жиналғандардың зор қошеметі үстінде ҰОС және ішкі істер органдары ардагері Николай Пастуховқа «Қаланың Құрметті ардагері» белгісін тапсырды. Сондай-ақ, ардагерлер қозғалысының бастауында тұрған Раиса Базановаға, қалалық кеңестің белсенді мүшелері Александра Слепова, Сембек Сартабаев, Николай Матияшин және басқаларға кеңестің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстады.

Салтанатты қабылдау Жаңа Майқұдық мәдениет үйі артистері мен көркемөнерпаздарының концертімен көркемделіп, қарттарға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Аман ЖАНҒОЖИН,

қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.