Қала көркі – хайуанаттар бағы

Хайуанаттар бағының негізгі міндеті – жануарлар әлемінің түрлерін көпшілік қауымға таныстыру, жабайы жануарлар әлемін қорғауды басты мақсат ете отырып, адам бойында ізгілікті насихаттау. Өте сирек кездесетін, жойылып бара жатқан жануарлар қорын сақтау. Биология ғылымы осы жануарлар дүниесін зерттеуде ерекше орынға ие.

Биология ғылымы тірі ағзалармен байланысты пайда болатын құбылыстарды зерттейді. Биологияның зерттеу аясына биофизикадан бастап экологияның күрделі жүйелеріне дейінгі бірліктер кіреді. Биология ағзалардың сипаттамаларын, классификациялануын және олардың ісәрекеттерін, түрлердің пайда болуын және олардың бір-бірімен байланысын қарастырады.

Биологияның құрамына ботаника, зоология, тағы басқасы енеді. Алайда, ХІХ ғасырға дейін биология біртұтас ғылым болмады. Тек, ғалымдар барлық тірі ағзалардың арасындағы ортақ қасиеттерді анықтағаннан кейін осы қасиеттерді біріктіре отырып, зерттеу қолға алынды. Осыған байланысты өсімдіктер мен жануарлар әлемінің табиғи және жасанды популяцияларының генофондын қорғау – тірі табиғатты қорғаудың бүгінгі күннің маңызды мәселесі болып табылады.

Биосфераның генетикалық ресурсын сақтау, әсіресе практикалық мәні бар немесе жоғалып кету қаупі төніп тұрған өсімдіктер мен жануарлар қорын сақтау әдістері жасалуда. Соның бір айғағы ретінде қазіргі таңда дамыған мемлекеттер бұл бағытта ерен еңбек етіп жатқаны белгілі. Осыған орай, әр мемлекет өз жерінде және мемлекетаралық табиғатты қорғау одағын құру, аймақтың «қызыл кітабын» шығаруға мүмкіндік туғызып, табиғаттың жер шарындағы түрлерін сақтауда.

Біздің мемлекетте кездеспейтін сүтқоректілер, тағы да басқа жануарлармен құстар, қосмекенділер түрлерін хайуанаттар бағында көбейтіп, дүние жүзіндегі басқа хайуанаттар бағында өсірілетін түрлермен алмастырылады немесе сатылады. Бұл үрдіс, әрине, біздің Қарағанды хайуанаттар бағында да жолға қойылған.

Бізде террариум-аквариум залы жұмыс істейді. Онда әлемдік фаунада сирек кездесетін балықтардың, шаянтәрізділер мен қосмекенділердің бірнеше түрін тамашалауға болады. Қарағанды хайуанаттар бағы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жабайы жануарларды қорғау жөніндегі көптеген халықаралық бағдарламаларға қатысады. Оның ішінде, ЕАРАЗА (Еуроазиялық өңірлік хайуанаттар және аквариумдар қауымдастығы) мүшесіміз. Сонымен қатар, зообақ ZIMS (Zoological іnformation management system) – Жаһандық жануарлар, акувариумдар және хайуанаттар бағы туралы деректер базасына тіркелген. Бұл деректер базасында 6 миллионға жуық бас, 14634 түрлер туралы ақпараттар бар. Құрал ретінде ZIMS бағдарламасы ISIS-ті пайдаланады (International species information system) – Жануарлар түрінің халықаралық коммерциялық емес ақпараттық жүйесі. Қазіргі уақытта бұл бағдарламамен белсенді түрде қолданатын бүкіл дүние жүзі бойынша 900-ге жуық мекеме бар. Соның қатарында, Қарағанды хайуанаттар бағы да өз орнын алады. Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флораның халықаралық сауда туралы конвенциясын (CITES) жабайы табиғаты қорғау туралы ең үлкен келісім деп айтуға болады. Осы ұйымның келісім-шартына 169 мемлекет қол қойған. СИТЕС тізімінде шамамен 5 мыңға жуық жануарлар мен 28мыңға жуық өсімдіктер түрлері тіркелген. Халықаралық сауда арқылы шектен тыс пайдалануға Конвенция тыйым салып, өз қорғауына алған. Құрып кету қаупі бар түрлері топтастырылған Қосымшаларда дәрежесі бойынша, оларды саудаға және құрып кету қаупіне байланысты алдын ала шаралар қолданады.

СИТЕС тізіміне біздің Қарағанды хайуанаттар бағы жануарларының 41 түрі кіреді. Жануарларды сақтау ісіне 1938 жылы іргетасы қаланған Қарағанды хайуанаттар бағы да өз үлесін қосты. Қазақстан бойынша үш хайуанаттар бағы болса, оның ішінде, елордасы – Астанаға жақын орналасқан Қарағанды зообағы. Әр жазда Астана қаласынан келетін халықты да көптеп көруге болады. Бұл, әрине, адам қуанарлық жайт.

Ербол ТАСБОЛАТҰЛЫ,

Қарағанды мемлекеттік хайуанаттар бағының биологы.