Спорт

Алаң иелері – ақтық сында

00

Француздар футболдан кәрі құрлық чемпионы атағына бір қадам жақындай түсті. Жартылай финалда Германия құрамасын 2:0 есебімен жерге қаратты. Енді, немістер ақтық кездесуді көрермендер сапынан тамашалайтын болды.

Ойын Марсельде өтті. Бұл матч турнир барысындағы ең үздік матчтар қатарынан орын алды. Өйткені, екі қарсылас та оңай емес еді. Франция құрамасы – екі мәрте Еуропа, бір мәрте әлем чемпионы атағын иеленген даңқты ұжым болса, немістер бұған дейін төрт мәрте әлемді, үш мәрте Еуропаны бағындырған. Және чемпионат Франция жерінде өтіп жатқандықтан, турнир қожайындары өліспей беріспейтін кейіп танытқан. Француздар кубоктан дәмелі.

Кездесу алғашқы минуттардан-ақ жоғарғы қарқынмен басталды. Француздар немістерді айып алаңына қарай тықсырумен болды. Бұл әрекеттері алғашқы таймның қосымша уақытында жемісін берді. 45+2-ші минутта неміс Швайнштайгер өз қақпасының алдында қолмен ойнап, төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Өз кезегінде француз Гризманн қақпаны дәл көздеді. 1:0. Осы Гризманн 72-ші минутта және бір голды қақпаға табанымен итере салып, есепті еселеді. 2:0. Бұл жерде қорғаушыларды қапы қалдырып, ұрымтал тұсқа әдемі пас шығарып берген Погбаның шеберлігін атап өту керек.

Финалда алаң қожайындары Португалияны қабылдайды. Олар да жартылай финалда 2:0 есебімен Уэльс құрамасынан айласын асырып еді. Қарсыластар ертең – 10 шілде күні Сен-Дени қаласындағы «Стад де Франс» стадионында кездеседі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button