Жаңалықтар

Алғашқылар…

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін» десе, Қазақстан Суретшілер одағы Қарағанды облыстық филиалының негізін қалаған алғашқылардың еңбегін елемеуге болмайды. Сол тоғыз суретшінің үшеуі биыл көзі тірі болса 90 жасқа толар еді. Бұлар, яғни, алғашқылар – Анатолий БИЛЫК (1928- 2015ж.ж.), Виктор КРЫЛОВ (1928-1978ж.ж.), Вениамин ШАМШИН (1928-2004ж.ж.). Осыған орай, облыстық бейнелеу өнері музейінің көрме залдарында суретшілерді еске алу көрмесі ашылды.

Анатолий Петрович – Қазақстан Суретшілер Академиясының академигі, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанда және ТМД елдері мен алыс жақын шет елдерде жиырмадан астам ескерткіштер мен монументтердің авторы ретінде танымал. Монументші-мүсінші 1962 жылдан Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Дүниежүзілік, халықаралық, облыстық көрмелердің тұрақты мүшесі болды.

Суретшінің Қарағанды қаласындағы алғашқы ескерткіші – Ю.Гуммельмен бірігіп 1958 жылы жасаған Кеңес Одағының Батыры Н.Әбдіровтің ескерткіші. Мүсіншінің шығармашылығындағы ең үздік жұмыстардың бірі – «Кеншілер даңқы» монументі. Екеуі де бүгінде қаланың қақ ортасынан орын алған.

 А.Билыктың барлығы 20-дан аса ескерткіші бар. Оның шығармалары Қазақстан мен Украинаның көптеген қалаларының көшелеріне сән беріп тұр. Сонымен қатар, станокты мүсінде де жұмыс істеген. Шығармашылығында портрет жанры басты орын алады. Еліміздегі елең еткізер оң өзгерістердің жай ғана куәсі болып қалмай, оны тас бетінде бедерлеп, кеншілер астанасы тарихының жарқын сәттерін мәңгілікке қашап, келер ұрпаққа құнды мұралар қалдырды.

Виктор Иванович Қазақстан Суретшілер одағы филиалының алғашқы төрағасы, аймағымызда бейнелеу өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. В.Крыловтың шығармашылық диапазоны өте кең: ол бейнелеу өнерінің барлық түрі мен жанрында жұмыс жасады, сюжетті-тақырыптық картина мен портретте де. Виктор Ивановичтің творчествосы Қазақстанның, әсіресе Қарағанды облысы сурет мәдениетінің дамуына бірден-бір оң ықпал етті. Бұл суретші қолы жеткен жетістігімен ғана қанағаттанып қоймай, ылғи ізденіс үстінде жүретін жан-жақты талант иесі. Оның артына қалдырған мұрасы 1000-ға тартады. Крыловтың қыштан және ағаштан жасаған өрнектері және мозайкалары, рельефтері және чеканкалары, бүгінгі күнге дейін біздің қаламызға сән беріп тұр.

Академиядағы «Рижск тігіншілері» атты өзінің дипломдық жұмысында қалыптасқан кескіндеме әдісін Крылов өзіне өмірлік арқау етті. Ол өзінің бейнелегісі келген затты немесе құбылысты жан-жақты жете зерттеп, әбден нақышына жетіп барып, этюдін, нұсқасын, композициясын салып барып туындының өзін салған. Суретшінің 50-ші жылдарда салған шығармалары сол жылдарға сай шебер салынған туындылар.

Вениамин Вячеславович – орыс классикалық кескіндеме мектебінің өкілі, тақырыптық картиналар салудың қас шебері. Бірақ, ол графикалық жұмыстар сериясымен дебар ынта-ықыласымен жұмыс жасады. Суретшінің әр туындысы сюжетті сызығымен, мұқият құрылған композициясымен, әр деталды мұқият орналастыруымен, мұның барлығы образға жұмыс жасауы тиіс. Образ – шығарманың ядросы, суретші үшін ең маңыздысы – сол туындыда автордың әлемге деген көзқарасының көрініс табуы, оның шындықты қабылдауы сол кездегі замандастары тәрізді, әлемдік мәдениетке сүйенеді. Ол музыка мен әдебиетті жан-тәнімен сүйген суретші, ол өз туындысының кейіпкері ретінде Чайковскийді, Моцартты, Паганини, Пушкин, Сервантес және олардың туындыларындағы кейіпкерлерді таңдайды. В.Шамшин өзінің ой толғауы мен көзқарасын достарының портреттер сериясында берген: суретшілердің, актерлер мен музыканттардың бейнелерін сомдаған суретші, бұл өнер адамдарының ішкі жан дүниесі өте бай деп есептейді.

Әртүрлі суретшілер, бір кездері Суретшілер одағының Қарағанды филиалының іргетасын қалаған, өздерінің шығармаларымен біздерге өздері өмір сүріп, жастық шағы өткеншаққа саяхат жасауға мол мүмкіндік береді. Басқа идеалдарға, басқаша бағалау, басқадай этикалық ұстанымдар, бірақ, бұл кезеңнен де біздің заманымызға көп ұқсастықтар мен өнерге деген құлшыныс сезімін көре аламыз.

Шығармашылық кешке қатысқан суретшілердің жақындары олар жайлы жылы естеліктерімен бөлісті. Қонақ ретінде өнертанушылар – Наталья Иванина, Лариса Зоренко, суретшінің жұбайы Галина Шамшина және қызы Татьяна Шамшина, суретшінің жұбайы Людмила Билык, ұлы Александр Билык сол жылдары Суретшілер одағының қалай құрылғандығы, көпшілікке танымал өнер туындыларының қалай дүниеге келгендігі жайында шығармашылық кешке келген өскелең жас ұрпаққа сыр шертті. Қарағанды экономикалық университетінің, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері мен Шахтинск қаласындағы Ә.Ысмайлов атындағы өнер мектебінің оқушылары, басқа да өнерсүйер қауым кештен соң қонақтармен жақын танысып, естелікке суретке түсті.

Әрине, бұл – соңы емес. Алдағы уақытта «Алғашқылар…» атауымен қалған алты суретшіні еске алу көрмесі ұйымдастырылатын болады.

 Назерке ЖАРТЫНҚЫЗЫ,

 облыстық бейнелеу өнері мұражайының ғылыми қызметкері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button