Жаңалықтар

АЛҒА ҰМТЫЛҒАН АҚТОҒАЙ торқалы той табалдырығында тұр

Биыл 90 жылдығын тойлағалы отырған Ақтоғай — “Ақбұлақ” бағдарламасының шынайы шапағатын көрген аудан. Үйге су кіргізілмеген адам қарасы қалың ауыл бірен-саран. Былтыр бюджеттен (республикалық — 537 298 000, облыстық — 104 444 000, жергілікті — 57 904 000 теңге) бөлінген қыруар қаржыға “Тораңғалық”, “Нарманбет”, “Ортадересін”, “Тасарал” елді мекеніне ауызсу жүйесі жеткізілді.
Бүгінде бұрын бөлімше орталығы болған шағын ауылға су тарту қамымен қор іздестірілуде. Барлау бітіп, қор мөлшері бекігесін, жобалау жұмысы қолға алынады…

Былтырғы белес
Ауданның алға тартатын саласы — ауыл шаруашылығы.

 

Төрт түліктің қай түрін алып қарасаң да, өсім анық аңғарылады. Былтыр ірі қара — 48 411 (+1.7%), ұсақ тұяқ — 99 943 (+2.7%), жылқы — 21 648 (+10.4%), түйе 560 (+18%) басқа жетті. Ілкімді ілгерілеу нәтижесінде ауданда 12 307,8 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, бұрнағы жылғыдан 2,2% асып түсті.
Әрине, малға күнің түскен жерде өнімділік пен сапаға салғырт қарасаң, нарықтық қатынаста сан соғып қаласың. Осыны қапысыз ұққан 157 шаруа қожалығы былтыр өз қаржысына асыл тұқымды 155 бұқа сатып алды. Оның үстіне “Қазақстан ет одағы” “Ангус” тұқымдас 84 бұқаны жалға алуға мүмкіндік жасады.
Мұның сыртында “Сыбаға” (216 бас ), “Алтын асық” (194 бас), “Құлан” (32 бас) бағдарламасының малды көбейтуге септігі тиді. 5 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі несие рәсімдеп, 1020 ірі қара сатып алды. Өткен жылы кооперативтер 40 тонна ет өткізгенін айта кеткен абзал. Ауыл шарушылық тауарын өндірушілер былтыр барлығы 211 172 000 теңге субсидия алды.
Бұрнағы жылы 2019 жылға дейінгі кезеңге арнап ауыл шаруашылық өнімін өңдеуге бағытталған бизнес-жоспар жасалған еді. Бүгінде 5 инвестжоба облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан салалық қорытынды алып, банк және қаржы орталығымен жұмыс одан әрі жалғасуда. “Айтас-2002” ЖШС — қымыз өндіретін цех, “Нұр” шаруа қожалығы тауарлы сүт фермасын ашып, “Ақтоғай мал өнімдері” ЖШС —1000 жылқы, ал “Айка және Samеrs Croup” ЖШС 600 ірі қара ұстауға арналған кешен салмақшы.
Жеке кәсіпкер “Мұңайтпасова” “FRESH MILK YOM S-200” сүт салқындатқыш қондырғысын қойды. Биыл бірінші жартыжылдықта сүт қабылдау бекеті мен коммуналдық базар алаңын ашу жоспарланып отыр. Келешекте сүт өңдейтін шағын цех алып, іске қосу ойда бар. Былтыр отбасылық 88 мал бордақылау алаңын ашу мақсатында 103 300 000 теңге қ

 

аржы қаралған еді, соның 68-і іске асты.
Ақтоғай аулында және Нүркен, Ортадересін, Шабанбай би-2, Қараменде би, Қызыларай, Сарытерек, Қарабұлақ-2, Тасарал ауылдық округінде 11 мал сою алаңы бар. Келешекте Жидебай, Кежек, Айыртас, Абай, Қусақ, Тораңғалық ауылдық округі мен Шашубай және Сарышаған кентінде тағы 8 алаң ашу көзделген. Қусақ ауылдық округінде жеке кәсіпкер өз қаржысына мал сою алаңын салу үшін құжат рәсімдеуде.
Ауданда азын-аулақ дәнді дақыл мен көкөніс бар. Былтыр 600 гектар бидай мен 680 гектар арпаның әр гектарынан 12 центнерден өнім жиналды. 71 гектар картоп — 2415,5 тонна, 49 гектар көкөніс 2500 тонна өнім берді. Бұдан былай жылда егістік көлемін 10% ұлғайтып отыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Өндіріс өркендеп келеді. Өткен жылы 6 миллиард 715,2 миллион теңге (бұл — бұрнағы жылғыдан 55,8% артық) инвестиция тартылды. Өнеркәсіпте өнім өндіру көлемі 15,8% өсіп, 36 миллиард 975,9 миллион теңгеге жетті. Елді индустриаландыру картасы аясында ашылған “АлтынАлмас» АҚ — ауданды айтпағанда, республикадағы іргелі кәсіпорын. Бір “әттеген-айы” — онда жұмыс істейтін 557 адамның 67-сі ғана ауданнан.

Кәсібің — нәсібің
Кәсіпкерлікті күнкөріс көзіне айналдырған бір қа

 

уым ел бар: ұзын-ырғасы — 3117 адам, бұл — аудандағы еңбекке жарамды жанның әрбір үшіншісі (31,5%) деген сөз. Былтыр ауданда өндірілген өнімнің 4937,6 миллион теңгесі (бұрынағы жылғыдан 5,0% артық) кәсіпкерлер үлесінде. Бюджетке түсірген қаражаты да қомақты — 489,0 миллион теңге, бұл — 2016 жылғыдан 4,3% артық.
Осыған қарап-ақ аудандағы шағын және орта бизнестің аяқ алысын аңдауға болады. Былтыр бес кәсіпкер қалтадан 54,4 миллион теңге қаражат шығарып, жеті әлеуметтік нысан ашты. Қазір Шашубай кентінде демалыс кешені мен жылыжай, Сарышағанда дәріхана, Ақтоғай аулында дүкен мен тұрмыстық кешен, Қызыларайда монша, Сарытеректе шаштараз елге қызмет көрсетуде.
“Тораңғалықта” салынып жатқан “ДосStar” демалыс кешенінің үшінші баспанасы бизнесті қолдау мен дамытудың “Бизнес жол картасы – 2020” бірыңғай бағдарламасы шеңберінде субсидияланатын болды. Жалпы, бұл кешеннің құны —21 151 000 теңге. Осының 13 651 000 теңгесі — кәсіпкердің өз қаражаты, қалғаны — несие. Банк қосатын 15% жылдық үстеменің үштен бір бөлігін кәсіпкер төлейді. Амандық болса, биыл шілдеде кешен демалушыларды қабылдайды.
Кәсіпкерлік керегесін кеңейтуге түрлі мемлекеттік бағдарлама септігін тигізуде. “БастауБизнес” жобасына сәйкес кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы 184 адамды кәсіпкерлік негізін оқуға жіберді. Былтыр басталып, бес жылға жобаланған “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында алғашқы жылы ауданға жалпы 302 542 000 теңге бөлінді.
Осы бағдарламаға қатысушыны техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамту қарастырылған бірінші бағытта 142 адам 7 түрлі мамандық меңгерді. Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру бағытында 19 адам несие алып, жеке кәсібін ашты. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурсын тиімді пайдалану арқылы еңбек нарығын дамыту көзделген үшінші бағытта жалпы 525 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылды.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 43 адам 159 599 000 теңге несие алды. Қайтарылған қаржы есебінен тағы 2 адамға 4 528 000 теңге несие берілді. Ауданның несие серіктестігінен 139 300 000 теңгеге ие

 

болған 18 адам қаражатқа қатысты қажеттілігін айырып, ойға алған ісін жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды. Кәсібін нәсіп еткен қауым қатары көбейіп келеді.

Мерейлі жылғы меже
Әрине, 90 жылдыққа орай, мерейлі мерекеге лайықты тарту-таралғы ретінде арнайы жасалған ауқымды іс-шара бар. Ол әлеуметтік-экономикалық қана емес, мәдени-бұқаралық саланы да кеңінен қамтиды. Бірақ, біздің айтпағымыз ол емес, ауданда атқарылатын ағымдағы жұмыстар. Нақтысы — жергілікті атқарушы органның алда тұрған негізгі міндеті.
Күннің қабағын бағып, малдың қамын күйттеген шаруа адамы үшін сапалы жем-шөп — маңызды мәселе. Сондықтан, қолға алынған көпжылдық шөп егу биыл да жалғасады. Оған 1,5 мың гектар жер жоспарланған. Сондай-ақ, шаруа қожалығының иелiгінде бос жатқан 52 мың гектар көпжылдық шөп алқабы жаңғыртылады. Бұл бір жағынан жем-азық сапасын арттырса, екіншіден, топырақ құнарлылығын еселейді.
Осы орайда, жерді тиімді пайдалану мәселесіне қысқаша тоқтала кеткен артық емес. Жерге қатысты заңнаманың бұзылғанын, жер телімінің тиімсіз пайдаланылғанын анықтау мақсатында аудан әкімдігі жанынан арнайы құрылған жұмыс тобы былтыр 86 жер иесінің (592 663га) былығын ашты. Малы тіркелмеген, өз жері иесіз жатқан, соған қарамастан, бөтен жер телімін басып алған 8 шаруа қожалығының жетекшісіне шара қолданды.
Сондай-ақ, “Самат” шаруа қожалығының жері облыстық ауданаралық экономикалық соттың шешімімен мемлекеттік қорға қайтарылды. 2 ЖШС пен 2 шаруа қожалығының құжаты жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі облыстық басқармаға тексеруге жіберілді. Жалпы 2017 жылы жоспарланған 35 000 гектар орнына 53 000 гектар ауыл шаруашылығы жері айналымға енгізілді. Бұл үдеріс биыл да жалғасады.
“Нұрлы жер” бағдарламасы аясында Ақтоғай аулының солтүстік-бат

 

ыс мөлтек ауданындағы 16 көппәтерлі және 30 бірпәтерлі жалдамалы тұрғын үйге су құбырын, кәріз, жылу мен байланыс желісін тарту, абаттандыру, су тазартқыш қондырғы мен қазандық салу үшін 29 миллион 467 мың теңгеге жобалық-сметалық құжат әзірленеді. Төрт 16 пәтерлі және 3 екі пәтерлі тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаты ведомствадан тыс кешенді сараптамадан өтеді.
Сана би, Оразалин көшесіне қос пәтерлі 5 тұрғын үй салынады, оған 121 миллион теңге қарастырылған. Құрылысқа қатысты тағы бір маңызды нысан — Сарышағандағы 464 оқушыға арналған мектеп. Былтыр онда 632 миллион 526 мың теңге қаржы игерілді. Биылғы міндет — қалған 948 миллион 447 мың теңгені қалайда еңсеріп, жаңа оқу жылында есігін айқара ашуға жағдай жасау.
Өткен жылы мал бордақылау алаңын ашу барысында біраз шаруаның басы қайтарылғанын жоғарыда айттық. Енді Жидебайдағы — “Азамат”, Нүркендегі —”Қояншоқы”, Қараменде бидегі — “Бахтияр”, Сарытеректегі — “Әлия”, Қарабұлақтағы “Азамат Қарасу” шаруа қожалығында қуаты 100 және одан да көп мал бордақылауға жететін алаң ашу осы жылдың еншісінде тұр.
Көңілге қонымды жап-жақсы көрсеткішке жеткен Ақтоғай — жарыққа жарымаған аудан. 283 қыстақтың 86-на ғана электр желісі тартылған. Рас, кемшілікке көз жұма қарап, қол қусырып отырған ешкім жоқ. Былтыр 8 шаруа қожалығына жартылай жеңілдікпен күн сәулесінен қуат алатын қондырғы қойылды. Биыл да ауданда осындай екі қондырғыға кететін шығынның жартысын жабу үшін бюджеттен қаржы қарастырылып отыр. Бірақ, бұл — жеткіліксіз.
Әрине, орын алған олқылық жалғыз жарықпен шектелмейді. Қалғанын келесі әңгіменің еншісіне қалдырайық.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button