Академик мінген мотоцикл

Қазақтың біртуар перзенті, академик Әлкей МАРҒҰЛАН мінген «ИЖ-49» мотоциклі Балқаш тарихи-өлкетану музейінде тұр. Бұл көліктің иесі Әлекеңмен бірге далалық экспедиция жұмыстарына белсене араласқан өлкетанушы Аманқұл МҰСАТАЙҰЛЫ болған.

«Иж-49» мотоциклі Ресейдің Ижевск қаласындағы «Ижмаш» зауытында 1951-1958 жылдар аралығында шығарылған. Музейдің аға ғылыми қызметкері Дәулет Қожақовтың айтуынша, ғалымның пайдаланған заттарымен қоса, «Иж-49» мотоциклін Аманқұл ақсақал көзі тірісінде құнды жәдігер ретінде музейге тапсырған екен.

– Біз үшін Әлкей Марғұлан ұстаған әр зат құнды. Бәрімізге белгілі, Әлекең қола дәуіріне тиесілі Беғазы-Дәндібай мәдениетін аша отырып, Сарыарқаның ежелгі тұрғындарының ғажайып туындылары шоғырланған осы дара мәдениетті зерттеді. «Сарыарқа. Қола дәуіріндегі тау-кен ісі және металлургиясы. Жезқазған – көне және ортағасырлық металлургия орталығы (Милықұдық қалашығы)» зерттеулерін жазды. Осы дүниелерді зерттеу барысында Арқаның әр тасының тарихына үңілді. Сол кезде кейбір көлік бара алмайтын жерлерге Әлекеңді «Иж49» мотоциклімен Аманқұл әкеміз апарған екен. «Иж-49» – орындықтары ыңғайлы көлік. Риза болған ғалым «мотоцикл – ерттеулі ат қой, шіркін» деген екен кезінде. Біз бұл жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап келеміз, – дейді тарихшы Дәулет Қожақов.

Өлкетанушы Аманқұл ақсақал академикпен 1955 жылдың жазында танысыпты. Содан таныстықтары ұзаққа жалғасыпты. Әлекең 19561957 жылдары Ақтоғай ауданына келген. Кейін Аманқұл ақсақал ғалымның айтқан тапсырмаларын орындап, тас мүсіндердегі таңбаларды суретке түсіріп, жіберіп отырған. Академик 70 жасқа толғанда мерейтойына арнайы барып қатысқан.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.