Бас тақырып

Айырбастау пункттерін алаңдатқан құжат

Бұқараның қалтасында бұрқырап көк қағаз жүрмесе де, бұл валютаның бағамына алаңдамайтын адам жоқ. Дүниенің тетігі долларда тұрғандықтан ондағы өзгеріске құлағы түрік жүреді. Бұдан біраз бұрын Ұлттық банктің айырбастау пункттерінің қызметіне қатысты ақпары жұртшылық арасында әжептәуір әңгімеге айналды. Сонымен, алдағы жылдың қаңтарынан күшіне енетін Ұлттық банктің қаулысы қандай шектеу мен өзгерісті ұсынып отыр? Бұл шектеулер теңгеге шекесінен қараған шетелдік валютаның теңгеріміне қатысы бар ма?

Ұлттық банк айырбастау пункттерінің жұмысына бірқатар шектеулер мен өзгерістер енгізу туралы қаулы жобасын ашық жариялағаны мәлім. Ол жобада айырбастау пунктінің жұмыс режимін сағат 10-нан 19-ға дейін белгілеуді, айырбастау пункттерін кемінде 100 млн. теңге сомаға жарғылық капиталды қамтамасыз етуді міндеттеуді, сондай-ақ өзінің банктік шоттарында жарғылық капитал сомасының 20% мөлшерінде теңгемен немесе шетел валютасымен ақшаның болуын қамтамасыз етуді ұсынады. Бұған қоса, әрбір жүргізілген айырбастау операциясы бойынша тізілімдер журналында клиенттің жеке басын куәландыратын құжат деректерін, жеке сәйкестендіру нөмірін және заңды мекенжайын тіркеу қарастырылады. «Айырбастау пункттерінің уақытын шектеу – Қазақстанда айырбастау нүктелерінің және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты» дейді Ұлттық банк өкілдері. Бұл қаулы ресми жарияланған соң, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева «Айырбастау пункттерінің жұмыс кестесіне келер болсақ, бұл – жалпы әлемдік тәжірибе. Италия, БАӘ, Тайланд, Польша сияқты елдерде және басқа да айырбастау пункттерінің жұмыс режимі тек күндізгі уақытпен шектелген. Бұл, ең алдымен, айырбастау пункттерінің өздері үшін де, халық үшін де түнгі уақыттағы жұмыс қауіпсіздігі мәселелерімен байланысты» деген болатын. 

Оның айтуынша, клиенттердің тізілімдер журналын жүргізу жаңалық емес. Сөйтіп, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сыбайлас жемқорлық мақсатында қаржылық қызметтерді пайдалануға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелеріне баса назар аударғанын және мәлімдеген-ді. 

Әзірге бұл орайда айтылған ойлар сан алуан. Интернет пен әлеуметтік желідегі пікірлер мұндай қадамның көлеңкелі бизнеске жол ашатынын айтады. Енді біреулері мұндай қаржылық капиталы жоқ айырбастау пункттері жабылып қалуы мүмкін деген пікірде. Сарапшылар, экономист, айырбастау ұйымдарының басшылары осы туралы әлі бір пікірге тоғысқан жоқ. Қолда бар деректерге сүйенсек, Қарағанды облысында жалпы ұзын саны 214 айырбастау пункті бар көрінеді. Оның 152-сі банктерге қарасты, 39 өкілетті ұйым, 23-і «Қазпоштаға» тиесілі.

Айырбастау пункттерінің қауымдастығы президенті Арчин Галимбаев бұл өзгерістердің валютамен айналысқан кәсіпкерлердің санына кәдімгідей ықпал ететінін айтып келеді. 

«Жұмыс уақытының қысқаруы ұйымдардың жабылуын туындатады. Бұған әуелі әсер ететін бірінші себеп – есебінде 20 млн.теңге болуы керектігі мен міндетті түрде 100 млн.теңгелік жарғылық капитал. Мұндай жағдайда көптеген ұйымдар көлеңкелі бизнеске кетеді. Алматы, НұрСұлтан секілді ірі қалаларда талаптарға айырбастау пункттерінің 30 пайызы, аймақтарда 90-95 пайызға дейін жауап бере алмауы мүмкін. Өйткені, оларға 20 млн. теңгені есепшотында ұстап отырудың ешбір мәні жоқ. Оның үстіне, барлық айырбастау пункттерінің 100 млн. теңге болатын жарғылық капиталы да жоқ» – дейді ол. Сонымен, оның сөзінше, көлеңкелі бизнеспен бірге әлеуметтік салдарлар әбден орын алуы мүмкін. Мүмкін емес, анық. 

Ал, бұған дейін жарғылық капитал былтырғы жылы 6 есеге дейін көтеріліп, 30 млн. теңгеге дейін құраған еді. Ендігі 100 млн. теңге кәсіпкерлерді қинап отырса керек. Бұған дейін интернет ресурстарда заңгерлер Ұлттық банктің айырбастау ұйымдарының жұмыс кестесін шектеуіне байланысты ұсынысын қаулыдан алып тастауға қатысты сотқа бергені мәлім. Қарағанды және НұрСұлтан қаласындағы екі сотқа талапарыз тастағаны жария. Заңгерлер жұмыс уақытын шектеу қаржылық қызмет көрсетуді тұтынатындардың және айырбастау ұйымдарының құқын бұзып отыр деп санайды.

«Ұлттық банк айырбастау пункттерінің жұмыс уақытын шектей алмайды. Ұлттық банк айырбастау пункттерінің жұмыс тәртібін анықтай алады. Бұған қоса, мемлекет пен кәсіпкерліктің ынтымақтастығы қағидаттарын дөрекі түрде бұзып отыр. Бұл қағидаттар Азаматтық кодексте бекітілген» дейді заңгер Станислав Лопатин. 

Бұл мәселеде саясаттанушылар да пікірсіз емес. Мұның өзі ішкі саясат болған соң саясаттанушылардың пікірін білуді жөн көрдік. 

Саясаттанушы Айдос Бәделұлы Бас банктің бұл әрекетін қаржылық қауіпсіздік пен заңсыз айналымдағы қаражатты қадағалауды күшейткен қадамы дейді. 

«Бұл – Ұлттық банктің қаржылық қауіпсіздік пен заңсыз айналымдағы «көлеңкелі экономика ақшаларын» қадағалауды күшейткен механизмі. Алайда, мұны айналып өту біздің қоғамға қиын емес. Кәсіпкерлердің уақытын шектеуі заңға қайшы келетіні анық. Сондықтан, қадағалауды уақыт шектеумен емес, басқа қатаң жолдармен қарастыру маңызды. Ол мұсылман елдердің біразында бұрыннан бар. Мәселен, түнгі уақытта ақша айырбасында мемлекет алымы көбірек. Алымнан бөлек, «қаржылық сүзгі» бағдарламалары мықты жұмыс істейді. Оның қатарында, АҚШ, Израиль бар» – дейді саясаттанушы.

Ашық талқыда жүрген қаулының қабылдануына әлі төрт ай бар. Яғни, 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін уақыт бар. Оған дейін кем-кетігі мен заңдық негізі әбден талқыланып, тиімді шешім қабылданады деген сенім жоғалған жоқ.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button