Руханият

Айтулы мереке – айшықты амал

Шарттары

Құрбандық малды басын құбылаға қаратып, «Бисмилла, Аллаһу әкбар!» деп бауыздайды. Алдымен малдың аяқтарын байлап, сол жағымен құбылаға қаратып жатқызып, мына дұғаны оқиды: «Аллаһумма һәзә минкә уә иләйкә, фатақаббәл минни», қазақша мағынасы «О, Раббым, мұны Өзің бердің, әрі Өзіңе арнап отырмын, менен қабыл ете көр». Дұғаны айтып болған соң, «Бисмилләһи, Аллаһу Акбар» деп тамағынан бауыздайды. Мүмкін болса құрбандық шалатын жан өз құрбандығын өзі шалғаны жақсы. Дегенмен, өкілеттік беру арқылы басқа адамға да бауыздатуға болады.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде: «Адам баласы Құрбан айт күнінде қан ағызудан да (құрбан шалу) сүйікті ешбір іспен Алла Тағалаға жақындаған емес», – деп бұл құлшылықтың мәнін түсіндірген. Яғни, бұл күні әрбір мұсылман тек Алла разылығы үшін ғана құрбандық шалуы тиіс. Бұл күні адам бойын жайлап жатқан жалған мақтаншақтыққа жол жоқ! Құрбан шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның шын ықыласы, ниеті, тақуалығы сондай-ақ, бауырмалдығы мен өзгеге жанашырлығы сынға түседі. Сонымен қатар, адамның пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы таразыға түседі. Дүниесі көп азаматтар бір-бірінен асып түссем екен деп емес, Жаратушымыздың рақымына бөлену үшін, берген ризыққа шүкірлік ету үшін құрбандық шалуы тиіс. Ал, мүмкіндігі бола тұрып, бұл мерекеге бейжай қарау дінімізге жат қылық. Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!», – деп ескертіп кеткен.

Жоқ-жітіктің атынан құрбан шалу – сүннет!  Сахабалардың айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбандық шалуға жағдайы жоқ адамдардың атынан да мал сойған. Бұл жайлы Жабир (р.а.) былай дейді: «Хазірет пайғамбармен бірге мешітте едім. Құтпасын бітіріп, мінберден түсті. Сосын құрбандық қошқарды өз қолымен бауыздады. Бауыздап жатқанда: «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар! Бұл менің атымнан және үмбетімнен құрбан шалуға шамасы жетпегендердің атынан», — деді». Сондықтан да, жағдайы бар мүминдер ардақты пайғамбарымыздың ұмыт болып бара жатқан осы бір сүннетіне жан бітіруге тырысқаны жөн.

Құрбан айт күні айт намазын оқып, малды құрбандыққа шалып болғанға дейін тамақ жемеу Сүннет (абзалы, міндетті емес) болып табылады. Сонда құрбандық шалғаннан кейін бірінші жейтін тамағыңыз құрбандыққа шалынған малдың еті болады. Айт күндері мерекелік дастарқан әзірлеп, туысқандарды, көрші-қолаң, дос-жарандарды қонаққа шақырған абзал. Бұл күндері туыстық қарым-қатынасты нығайтуға аса мән беріледі. Садақа беріп, қайырымды болу жақсылыққа жетелейді.

Алла барша мұсылманның құрбандықтарын қабыл еткен болсын!

Берік Дариев,

«Масжидур Рахман» мешітінің

бас имамы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button