Руханият

Айтарым бар, асаба!

Қазақ халқының ешбір ұлтқа ұқсамайтын қанға сіңген өзіндік салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық ерекшелігі бар. Солардың бірі – той жасау ерекшеліктері. Мысалы, баланың іште жатқанынан бастап, азамат болғанына дейін оннан астам той жасайды екенбіз. Келіні жүкті болса құрсақ «шашуы», туғаннан кейін шілдехана, бесікке салар, бір жасқа келуі, тұсаукесер, ер баланы атқа мінгізіп – «тоқымқағар», мектепке баруы, мектеп бітіруі, жоғары оқуға түсуі, оны бітіруі, үйлену тойы, басқа да тойлар жасалады екен.

Бәрін былай қойғанда малдың төлдеуінде болатын, сиыр бұзауласа уыз ішер, бие құлындап, құлын байлағанда «қымызмұрындық» жасап, ауылына дәм береді. Қарап отырсаңыз, мұның бәрі халқымыздың даласындай кеңпейіл жомарттығын көрсетеді. Бұл шаралар – адамдар арасындағы бауырмалдықты, достықты, ұйымшылдықты, қайырымдылықты қалыптастыратын маңызы зор шаралар. Ұрпақтарға үлгі-өнеге көрсететін, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүр.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп айтқандай, тозығын сызып тастамай, оны қазіргі заман талабына сай жаңғыртып, жаңа сипат беру керек. Бірақ сол жаңғыртқан дәстүріміздің өзегі сақталуға тиіс. Мысалы, қазіргі тойларда ұлттық дәстүрдің кейбір көріністері сақталғанымен көбінесе жиналысқа ұқсап кетеді. Той басталғаннан кейін 10-12 адамнан топтап, кезегімен сөз береді. Шыққан адамдардың бәрі сөз сөйлейді. Сонда тойға жиналған қанша адам болса соның 90-95 пайызы сөйлеп шығады. Бұл тойға жиналған адамдарды жалықтырып жібереді. Оншақты адам шыққанда екі- үшеуі сөйлеп, қалғандары соған қосыламыз десе қандай жарасымды болар еді.

Асаба тойды ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды насихаттау бағытында өткізуді ойластыруға тиіс. Келген адамдар да өз өнерлерін көрсетуіне көңіл бөлу керек. Дайындалған адам өлең айтып, бишілер би билеп қана қоймай, жиналғандарға қолқа салу керек. Бірыңғай өлең айтумен шектелмей, қазақтың қасиетті домбырасына да кезек беріп отырған жөн. Сондай-ақ, тойда «орамал тастамақ» сияқты, тағы басқа осындай ұлттық ойындарды да ескерген жөн ғой деп ойлаймыз.

Бір сөзбен айтқанда, асабалар тойда елді жалықтырмайтындай қызықты да есте қаларлықтай етіп өткізуді ойластырғандары дұрыс. Ол үшін қазақтың бұрынғы кездегі той өткізуін зерделеу керек. Әрине, атжарыс, балуан күрес, аударыспақ, көкпар тартыс сияқты ойындарды тойхананың ішінде өткізуге мүмкіндік жоғы белгілі. Алайда, солардың кейбір көріністерін жасауға болады ғой деп ойлаймыз.

Жаппай билеу қазақтың салтында болмағанымен қазіргі заман талабына сай, тойға кірген жаңалық деп қабылдауға болады. Негізі тойдың басты мақсаты – ұлттық ұлағатымызды насихаттау болу керек.

«Мәртебелі болашақ туралы армандай отырып мерейлі өткенімізді де жадымызда сақтағанымыз абзал. «Өткеннің өнегесі – бүгіннің кепересі, ертеңнің керегесі» деген тәмсілді көкейімізге жазып қойғанымыз жөн» деп ҚР Президенті Н.Назарбаев өзінің «Ұлы дала ұлағаттары» деген еңбегінде атап көрсеткендей, біз ұлтымыздың ұлағатын қастерлеп, оны насихаттап, ұрпақ санасына сіңіруге тиіспіз.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ.

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button