Бас тақырып

Қайта өңдеу кәсіпорындары: экомәселенің алдын алады

Экологиялық мәселелердің алдын-алу үшін түрлі жобалар, акциялар және бағдарламалар іске асырылуда. Солардың ішіндегі ең тиімдісі – қалдықтарды қайта өңдеу. Осы бағытта Қарағанды облысы өзге өңірлермен салыстырғанда оқ бойы алда. Мәселен, Қарағандыда ғана бар «Eco Truck» жобасына Қазақстан ғана емес, Ресей мемлекеті де қызығушылық танытуда. Сондай-ақ, ескі машиналарды қайта өңдейтін Орта Азиядағы ең ірі зауыт та біздің облысымызда. Өңір тәжірибесімен танысуға Нұр-Сұлтаннан арнайы келген БАҚ өкілдерімен бірге, бірқатар өнеркәсіп орындарының жұмыстарымен біз де танысып қайттық.

Әуелгіде пластик бұйымдарды қайта өңдейтін «Eco Truck» жылжымалы қабылдау бекетінің жұмысы таныстырылды. Жүк көлігіне орнатылған шағын зауыт күніне 5-6 тонна пластикті ұсақтауға қауқарлы. Жылжымалы зауыт облыстағы елді мекендерді аралап, пластик қалдықтарын өңдеуді қолға алмақ. «Eco Truck» жобасына Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының білім беру мекемелері қызығушылық танытуда. Бұл жобаның басты мақсаты – мектеп оқушылары арасында қалдықты сұрыптауға, оларды қайта өңдеуге жіберу арқылы қоршаған ортаны таза ұстауға шақыруды көздейді.

«ГорКомТранс» ЖШС – Қарағанды қаласындағы тұрмыстық қалдықтарды жинайтын ең ірі кәсіпорындардың бірі. Отыз жылдан астам тарихы бар компания күніне 500 тоннаға дейін тұрмыстық қалдық жинайды. Кәсіпорынның сұрыптау лентасынан жылына жүз тоннаға дейін қайта өңдеуге жарамды қалдықтар іріктеліп алынады. Оның ішінде пэт-бөтелкеден бастап, картон, полиэтилен, шыны, алюминий сияқты бас-аяғы 12 түрлі шикізат бар. Сондай-ақ, пластик пен картонды бөліп жинауға арналған қоқыс жәшіктері де бар.

– Кәсіпорын жылына 30 мың тонна қалдықтарды өңдеп, 15 МВатт электр қуатын өндіреді. Алдағы уақытта Кеңгір кентінде қоқыстарды өңдейтін биоэлектр станциясы салынады. «Kaz Green Energy» ЖШС құрылысқа 8,2 млрд. теңге салуды көздеп отыр. Зауыт жылына жүз тоннаға дейін қатты қалдықтарды қайта өңдейтін болады. Қазір Еуропа мен Түркияда осындай биоэлектрстанциялары бар инвестор «Э-Грин» компаниясымен келіссөздер жүргізілуде, – дейді «ГорКомТранс» ЖШС директорының орынбасары Марат Беймағамбетов.

Мемлекет тарапынан 4,74 млрд. теңге өтемақы төленетінін де айту керек. Жиналған және өңделген қаптама және электроника қалдығының жалпы көлемі – 161 627 тонна.

***

 Қазақстанда ескі автокөліктерді жинау және қайта өңдеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда ескі көлігін жоюға тапсырғандарға 11 млрд. теңгеден астам өтемақы төленіп, отандық жаңа автокөліктерді сатып алуға 19 395 жеңілдік сертификаттары табысталған.

Осы бағытта еселі еңбек етіп отырған Қарағандыдағы «Recycling Company» ЖШС – ескі көліктерді қайта өңдейтін Орта Азиядағы ең ірі зауыт. Кәсіпорын жылына 50 мың автокөлік өңдейтін мүмкіндігі бар. Тозығы жеткен көлікті жоюға қабылдау бағдарламасы іске қосылғалы Қазақстан бойынша 116 мыңнан астам автокөлік қабылданған. Бүгінгі күнге дейін зауыт 97 271 көлікті қайта өңдеуге жіберген.

Сонымен қатар, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша, еуропалық өндірістің ұсақтау бөлігі пайдалану мерзімі шегіне жеткен көліктердің 50 мыңға жуық қосалқы бөлшектерін кәдеге жаратуға және оларды металлоломға айналдыруға мүмкіндік береді. Түсті, қара металдардың қалдықтарынан және олардың құймаларынан алынатын өнім аймақтың металлургия өндірістеріне жеткізіледі. Ал, металл қалдықтарын балқыту үшін балқыту цехында қуаты жылына 7 мың тонна қара және түсті металл балқытатын 4 индукциялы пеш орнатылған. Зауытта металдың сапасын тексеруге, оның құрамында шоғырланған әр түрлі элементтерді анықтауға мүмкіндік беретін жеке өндірістік зертхана жұмыс істейді.

Көліктің пайдаланылған майларын жинап, қайта даярлайтын пиролизді цех жылына 7 мың тоннаға дейін май өндіретін қуаты бар жоғары нәтижелі кешен болып табылады. Неге десеңіз, пеш отын майының жылу шығару қабілеті мен үнемділігі, жоғары нәтижелілігін оның кең таралуын және әр түрлі салаларда қолданылуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, синтез-газ пиролиз де – кешеннің өнімі.

Кәсіпорын басқа да бөлшектерді, яғни, әйнекті, резинаны да бөліп жинап, пластиктен зауыттың материалдық-техникалық жабдықтары мен жеке қоры есебінен жүзеге асырылатын кәдеге жаратудың толық өндірістік циклын құрайтын 2 фракция шығарады.

***

Жаңа бағдарлама талабы бойынша жоюға ескі М1 санатындағы жеңіл автокөліктен бастап, М2, М3, N2, N3 санатындағы жолаушылар тасымалдайтын және жүк көліктері қабылданады. Көлік құралдарының шығарылған жылына, моделіне қатысты ешқандай шектеу жоқ. Сондай-ақ, ескі техниканы өткізушіге берілетін сертификатпен Қазақстанда өндірілген жаңа көлікті жеңілдікпен алуға болады. Сертификат құны тапсырылатын көлік құралының санатына байланысты 315 мың теңгеден 750 мың теңге аралығында. Ал, тапсырған ескі көлігіңіздің бағасы 90 мың теңгеден бастап бағаланады.

Облыс әкімдігінің келісімімен технологиялық мамандық студенттері үшін білім беру бағдарламасы іске қосылған. Бүгінгі таңда компанияда 120 жоғары білікті мамандардан қызмет етеді.

Тозығы жеткен көлік құралдарын жою бағдарламасы отандық парктің жаңаруына, Қазақстандық автоөндірісті ынталандыруға және кәдеге жарату саласының инфроқұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

БАҚ өкілдері ат басын тіреген соңғы кәсіпорын – «Еcoindustry» ЖШС жылына 4 мың тоннаға дейін тозығы жеткен шиналарды қайта өңдейді. Нәтижесінде шина түйіршіктері алынады. Дайын шикізаттан жол төсемдері мен басқа да тұрмысқа қажетті өнімдер шығарылады. Кәсіпорын 30 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button