Жаңалықтар

Қайраткер

Естелік – бұл біздің өткен өмірімізге ой-көз жүгіртіп, елімізде болған үлкен жетістіктер мен осы қызмет бабында бірге үзеңгілес болған қымбат жолдастарымызды еске алу. Естелік – бұл біздің қазіргі кезеңіміздің бір сипаты мен болашақ ұрпаққа деген тапсырысымыз.   

Әрқашанда жақсы адамды еске алғанда оның өмір сүрген кезеңін, онымен қызметтес болған, білетін замандастарымен кездесіп, өткенге ой жібергің келеді. Туған өлке, Отан, Отаным – бұл әрбір адамға қымбат тән сөздер. Бұл сенің туған өлкеңе, шыққан түп-тамырыңа деген үлкен құрмет.

Әрбір адамның өмірінде, әрбір ұжымның тарихында өмірлік биік асулар болады, осы биік тұғырдан өткен өмір кезеңдеріне көз тастап, жеткен жетістіктер мен толыспай жатқан кемшіліктерге ой тастап, алдағы уақытқа бағыт-бағдарламалар жасауға болады.

Міне, біз бүгін осындай биік асудан біздің жүрегіміздің түбіндегі бәрімізге қымбат Сұлтан Қапарұлы Досмағамбетовті көргіміз келеді.

Өмір қуаныш пен қайғыдан құралады. Ол кейде мезгілсіз арамыздан асыл кісілерді алып кетеді.

Сұлтекеңнің жақсы қасиеттері мен қоғамдық істері, уақыт талабына сәйкес табысты істері мен адамгершілік қасиеттері бүгін бізді сол күндерге жетелейді.

2017 жылдың 31 шілдесінде белгілі саяси және қоғам қайраткері, еңбек ардагері, ғалым, профессор, Халықаралық экономикалық «Евразия» академиясының академигі, Қарағанды облысының және қаласының Құрметті азаматы, профессор Сұлтан Қапарұлы Досмағамбетовтің өмірден қайтқанына 1 жыл болады.  Біз Сұлтан Қапарұлын біздің облыстағы бірлескен жұмыстарымыз арқылы жақсы білеміз. Ол – облысымызға, бүкіл республикаға белгілі тұлға еді.

Өмірден қазақ интеллигенциясының жарық жұлдыздарының бірі, белгілі саяси және қоғам қайраткері мезгілсіз кетті. «Ол керемет, орны ерекше таза азамат еді» деп әрбір оны жақсы білетін жолдастары мен қызметтестері айта алады.

Сұлтан Капарұлы мемлекеттік және жоғары қоғамдық қызметкер болды, осы қызметтерде үлкен басшылық қызмет жасады, талантты педагог, ғалым еді және осы бағытта үлкен жетістіктерге жетті. Оның халық алдындағы ересен еңбегі жоғары бағаланып, көптеген мемлекеттік орден-медальдармен атап өтілді. Сұлтекең өз өмірінде көптеген қиындықтар көрсе де, өзінің табандылығымен оның бәрінен жеңісті болып шықты.

Ол Орталық Қазақстан өңірінің қоғамдық-экономикалық дамуына үлкен үлес қосты. Мысалы, ол Қарағанды мемлекеттік университетінің және тағы да бірнеше оқу орындарының ашылуына бірден-бір себепкер болып, көп еңбек етті.

Сұлтекең қазақ және орыс әдебиетін жақсы меңгерді, тарихи және мәдениеттің дамуы туралы көптеген ғылыми еңбектер жазды. Онымен осы бағытта әңгімелесу мен пікір таластыру өте қызықты еді. Ол аз сөйлесе де, сөздерінде, әңгімелерінде терең сыр жататын, сондықтан, адамдарды өзіне тартып, бірден баурап алатын.

Сұлтекеңді Елбасы Н.Назарбаев та қатты құрметтеді. Ол кісіге, жұбайы Роза Балбатырқызы қайтыс болған күні, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтан қайғылы жағдайға көңіл білдірген арнайы телеграмма келген еді.

Сұлтекең өзінің отбасына, балалары мен немерелеріне, оларды тәрбиелеуге көп көңіл бөлді. Қызы Раушан – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің ректоры, ұлы Ерлан – белгілі қоғам қайреткері, бизнесмен.

Сұлтан Қапарұлы Досмағамбетовтің саяси және қоғам қайреткері ретіндегі өнегелі өмірі және жарқын бейнесі ұрпақтан ұрпаққа жалғасын табатыны сөзсіз.

 

Органикалық синтез және көмір химиясы институтының ұжымы.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай): академик А.Ғазалиев, қоғам қайраткері С.Досмағамбетов, жары, полиция полковнигі Р.Балбатырқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қ.Медиев.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button