Тарих

Қайраткер тұлғасы – тәрбие қазығы

Аймағымызда аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет НҰРМАҚОВТЫҢ 125 жылдығына орай түрлі деңгейдегі шаралар онлайн форматта өткізілуде. Қарағандыдағы М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханасында «Тарих және уақыт» жобасы аясында «Қайталанбас нар тұлға» тақырыбымен онлайн-конференция өтті.

 

Шараға қатысқан қонақтардан Қарағанды облысының ғылыми құжаттама мұрағатының директоры Темірғали Аршабеков қайраткердің өмірі мен қызмет жолына тоқталды. Ел дамуына қосқан өлшеусіз үлесі мен қысқа ғұмырында соңына қалдырған тағылымды істері мен мұралары туралы әңгіме өрбітті. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың тарих факультеті деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Нұртас Смағұлов ұлт перзентінің тұлға ретінде қалыптасу жолы мен азаматтық ұстанымының қалыптасуына ықпал еткен әйгілі тұлғалар жайлы айтты.

 Онлайн-кездесу кешін тізгіндеген кітапхананың өлкетану бөлімінің меңгерушісі Айткүл Төлеуханқызы да шараның маңызын арттыра түсетін деректер ұсынды.

Нығмет Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернат директоры Сейфілмәлік Сұлтанов Қарағанды қаласымен құрдас білім ошағында мерейтойға орай атқарылған және алдағы уақытта жоспарланып отырған шараларға тоқталды. Ал, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі Жәлел Шалқар Нығмет Нұрмақовқа арнаған өлеңін оқыды.

Жиында ұлы тұлғаның өмір жолы мен Отанына, халқына сіңірген еңбектері жайында көптеген тың деректер айтылды. Онлайн-кездесу соңында қайраткердің халық алдындағы қызметі бағамдалып, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеудегі мұрасын дәріптеу жолдары талқыланды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button