Мағауия Сембай

Айнымас адал дос еді

Мағаш бауыр – Мағауия Сембаевпен 2014 жылдан бастап пікірлес дос, аға-бауыр ретінде жақын араластық. Негізі, сондай мықты журналист бар екенін 1970 жылдардың алғашқы жартысында біліп едім. ҚарМУ-дың 1972 жылғы бірінші қабылдауының студенті, менің шәкіртім, лениндік стипендиат Нұржан Боқаев туралы «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде мақала жазып, жариялап еді.

90-жылдары марқұм ұстазым Сейітқали Баймурзиннің 90 жылдығы қарсаңында өмірбаянын алып «Орталыққа» келдім. Қарсы кездескен Серік Сексенұлы шаруамды білген соң «Жауапты хатшыға кіріңіз» деді. Нұсқаған кабинетке келсем, есігінде «Мағауия Сембаев» деп жазылыпты. Кірдім, келген себебімді айттым. «Жақсы, ойластырамыз» деді. Мақала журналист Серік Алпысовтың авторлығымен шықты.

2006 жылы Алматыда марқұм Есләм Зікібаевтың жары Рауза жеңгеміз жолығып, «Ағаңның 70 жылдығына байланысты Қарағандының облыстық газеті бір бет арнап, өлеңдерін басып бере алар ма екен?» деп өтініш айтты. Өлеңдері мен суретін алып, газеттің бас редакторы Мағауия Сембайға келдім. Мағаш «Мұның Қарағандыға қанша қатысы бар?» деген жоқ, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі ретінде «Орталықтың» бір бетіне өлеңдерін басып шығарды. Газеттің оншақты данасын Алматыға жеткізіп бердім, жеңгей мен балаларының қуанышында шек болмады.

Орта жүздің бір арысы – Уақ руының азаматтары 2009 жылы 1004 беттен тұратын «Уақ шежіресі» атты үлкен кітапты Астанадағы «Фолиант» баспасынан шығардық. Бұл оқшаулану емес, кейінгі ұрпақ негізін білсін деген ойдан туындаған іс еді. Бірліксіз жиын жоқ, жұдырықтың өзі бес саусақтан құралған. Сол сияқты, қазақ халқы – үш жүздің руларынан тұратын мызғымас құрылым.

Ағайындар 2010 жылы «Баян батыр» қоғамдық қорын құрып, батырдың ат үстіндегі ескерткішін өз күштерімен орнатуды жоспарлады. Қордың президенті болып мемлекет және қоғам қайраткері Мақсұт Нәрікбаев, атқарушы директоры болып Қайрат Тәйкенов сайланды. Сол күнге дейін батырдың жерленген жері белгісіз еді. Оны анықтау негізгі жұмыстың бірі ретінде қарастырылып, ескерткіш орнатылатын орын нақтыланып, атты мүсін қоладан құйылып жатты.

«Қазақтың Баян батыры» деген тақырыппен көлемді мақала жазып, 2014 жылдың 6 наурызы күні Мағауияға бардым. Қолжазбаны алдына қойдым. Жедел көз жүгіртіп, «жариялаймыз» деді. Мақала «Орталық Қазақстанда» жарияланды. Мағаш оған алғысөз жазып, «Осы мәселені мен де зерттеуге бел будым» депті. Шынында да, өз бабасының жатқан жерін іздегендей, ерекше қайрат көрсетті. Аңызға сүйенсек, үдере қашқан қалмақтарды қуған Баян батыр бастаған қазақ қолы шілденің ыстығында, жаудың өліктерін тастап улап кеткен құдықтардан ішкен судың әсерінен «сатқақ» деген аурудан қайтыс болған делінетін және Қарқаралы жеріндегі «Шекшек ата» қорымына жерленген деген дерек бар болатын. Мақала түйіні – «Қарағанды жұртының көне шежіре, тарихты білетін үлкендері осы мәліметті растап, батыр бабаның жатқан жерін көрсете алса, тарихтың бір ақтаңдағы жойылар еді» деген үндеу болатын.

Мағаш Қарқаралының басшыларына, үлкен қорымдардың шырақшыларына сұрау салып, зерттеу жүргізіп, «Баян батырдың сүйегі Қарқаралы жерінде емес» деген қорытындыға келді. Кейінірек Шет ауданының Ақжал кентінен Серік Қамбарұлы, Абай қаласынан Ардақ Қайдарұлы деген азаматтар телефон соғып, «Ақжал кентінен 15 шақырым жерде Қарабұлақ деген ауылдың жанында «Сарыбаян» деген жота бар, аталарымыз бен әкелеріміздің айтуы бойынша Уақ Баян батыр жауынгерлерімен сол төбеде жерленген» деп хабарласты. Оны журналист-жазушы Төрехан Майбас 1980 жылы дүниеден өткен ақын Самат Мұсабековтің «Есей Достың ерлігі» дастанын көрсетіп растады. Дастанда «Баян батыр бұрын «Кіндіктөбе» аталған Сарыбаян жотасында жерленген» деген мазмұндағы шумақтар бар болып шықты. Мағаш 2014 жылдың 22 сәуірінде «Орталық Қазақстанда» «Батыр Баян қайда жерленген?» тақырыбымен мақала жариялап, Баян батырдың жатқан жерінің табылғанын сүйіншіледі.

Жер дегдігеннен кейін Мағаштың ұйымдастыруымен археологтер, тарихшылар, журналистер бар Қарабұлақтағы Сарыбаян жотасына бардық. Батыр мен оның сарбаздарының басына құран оқып, жергілікті халықпен тілдесіп, көңіліміз өсіп оралдық. Осы сапар туралы Мағауия «Баян батыр қорымы» деген мақала жазып, оны алдымен «Орталықта», содан соң «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялады. Осылайша, 242 жыл белгісіз болып келген Баян батырдың жерленген жерінің табылғаны жайлы ақпарат жалпы қазақ еліне тарады. Мақаланың түйінделер тұсындағы «…Баян бабамыздың жаны тәңірге ұшып, тәні жәй тапқан қорым басында тұрмыз. Жай отындай жарқ етіп, алпыс екі тамырың мен омыртқаңдағы жұлыныңа шейін батыр рухы бойды меңдеп, ойды кеулеп, санамызға сәуле болып құйыла берді», деп тебірене жазған сөздерді оқып, көзіме жас алып отырмын. Бұл мақала 2015 жылы шыққан «Құбылыс» атты кітабына да кірді. Осыдан кейін, «Қазақ әдебиеті» газетіне шағын мақала жазып, «Баян батырдың ұрпақтары бабаларының 300 жылдығына арнап Павлодар қаласында, өз күштерімен, қоладан құйылған атты ескерткіш орнатып, ас берейін деп жатыр. Қалған қазақ қайда жүр?» деп жанашырлық білдірді. Мағаш пен Төрехан 2014 жылдың 12 шілдесінде өткен осы шараға қатысты. Ескерткіш ашылғанда Мағаш сөз сөйлеп, Қарағанды облысы әкімінің және облыстық мәслихат хатшысының құттықтау хатын табыстады. Павлодардағы шаралар туралы мақала кейін «Орталықта» жарық көрді.

Осы екі азамат 2016 жылдың 30 шілдесінде уақтардың Қарабұлақтағы Сарыбаян жотасындағы қорымға биік темір қоршау тұрғызып, қара мрамордан құлпытас орнатқан шарасына да қатынасты.

Қарабұлақтағы қорымға алғаш барғанда Балқаш жаққа қарасам, сайын даланың көкжиегі көрінбей мұнартып тұр екен. «Шексіздік деген ұғымды біздің көшпенді бабаларымыз енгізген. Сонау Амурдың сағасынан Пиренейге дейінгі аралықты соңғы теңізден атымызды суарамыз деп жауынгерлік жорықпен өтіп, шетсіз-шексіз қиырдың не екенін танып-білген. Осы ұғым математикалық нақты анықтамасын тауып, ғылыми объектіге айналғанына төрт ғасырға тақады. Осыдан кейін математика ғылымы ерекше қарқынмен дамыды» деген едім. Осы сөздер Мағашқа әсер етіп, «Санжетпес», «Шексіздік» деп мақалалар жазды.

Менің Батыр Баян туралы мақалаларым Мақсұт Нәрікбаевтың тапсырысымен Павлодардың облыстық «Сарыарқа самалы», Солтүстік Қазақстан облысының «Солтүстік Қазақстан» газеттерінде басылды. Басқа да облыстардың газеттерін интернет-сайттарынан оқып отырамын. Сонда байқағаным – Мағаш басқаратын «Орталық Қазақстан» газеті облыстық басылымдардың ішіндегі ең көрнектісі екен. Редакциямен араласқан соңғы алты жылдың мұғдарында аңғарғаным, ұжымның басым бөлігі – дарынды жастар.

«Шын көңілмен сүйсе екен кімді сүйсе, Бір сөзінде тұрса екен жанса-күйсе» деп Абай айтқандай, Мағаш бір көңілін бергеннен соң айнымайтын адал дос, ақкөңіл, жайдары жан еді. Мұхтар Мағауин, Нұрмахан Оразбеков, Тоқтар Әубәкіров ағаларын ерекше құрметтеуші еді. Амал не?! Осы мақаланы өткен шақпен жазу жүрекке салмақ салған өте ауыр шаруа болды.

Мағауия екеумізді табыстырған Баян батырдың аруағы еді, әйтпесе, газет, теледидар мен радионы жағалап жүгіретін әдетім жоқ еді. Барлық мәселеде пікірлес болыппыз. Бір туған аға-бауырдай араластық. Мағаштың 60 жас мерейтойына, «Орталық Қазақстанның» 85 жылдығына, зейнетке шығуына арнап жайған дастарханына көңілі жақын аға ретінде шақыру алдым. Соңғы бес күнге дейін телефон арқылы хабарласып тұрдық, «жағдайым мынандай болып тұр» демеді. Алдағы күннен үмітін үзбеп еді…

Бақұл бол, Мағаш бауырым! Алдың пейіш, артың кеніш болсын!

Есмұханбет СМАЙЫЛОВ,

физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.

 

Басқа материалдар

Back to top button