Бас тақырыпОблыс әкімі

Қайнар көркейіп келеді

Нұра ауданының Қайнар ауылы келесі жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына енгізілуі мүмкін. Бұл туралы облыс әкімі Ерлан Қошанов ауданға барған сапар барысында мәлімдеді.

Қайнар ауылында қазіргі таңда 1300 адам тұрады. Жыл санап тұрғындар саны артып келеді. Аталмыш елді мекен әлеуеті зор ауылдар қатарына жатады. Жыл сайын мұнда жас мамандар мен басқа да аудандардың тұрғындары көшіп келуде. Олардың басым бөлігі «Қайнар» шаруа қожалығында жұмыс істейді. Шаруашылық әулиекөл асыл тұқымды бұқаларды өсірумен айналысады. «Қайнар» ЖШС басшысы Сейтжапар Нығметов кәсіпорын ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға да көмектесіп келе жатқанын айтады.

– Жақында біздің ауылға Шет ауданынан 12 баласы бар отбасы көшіп келді. Қазір ауылымызда 15 көпбалалы отбасы тұрады. Мұндай отбасылардағы аналар жұмыс істей алуы үшін біз 90 орындық балабақша аштық, – дейді Сейтжапар Нығметов. Кәсіпкер ауылды көркейтуге және дамытуға көп көмек көрсетуде. Сонымен қатар, әлеуметтік бағдарламаларға да белсенді қатысады. Облыс әкімі мұны рухани жаңғырудың нағыз үлгісі екенін атап өтті.

– Егер, тұрғындар саны өсіп, жас мамандар осы жерге ұмтылса, онда сіздің ауылыңызды «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына қосуға болады. Біз мұндай мүмкіндікті қарастырамыз, – деді Ерлан Қошанов. – Бұл бағдарлама Елбасының тапсырмасы бойынша әлеуетті ауылдарды дамыту үшін әзірленген.

 Биылғы жылы Қарағанды облысында бағдарлама үш елді мекенде – Нұра, Ұлытау және Атасуда енгізілген. Жоба аясында ауыл мен кенттерге тұрғын үйлер салуға, жолдарды жөндеуге және елді мекенді дамытуға қаржы беріледі.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Нұра ауданындағы егіс науқанына назар аударды. «Қайнар» ЖШС бас агрономы Айнар Нығметов егіс жұмыстары мерзімінде аяқталатынын айтты. Ол, сондай-ақ, биылғы жылы кәсіпорында тоғызыншы егіс кешені іске қосылғанын айтты. «Қайнар» автопаркінде үш жүз трактор жұмыс істейтіні туралы мәлімделді. Ал, астықты сақтау үшін мұнда жаңа заманауи қойма салынады.

Қойма 5 мың тонна дақыл сақтауға шақталған. Шаруа қожалығы барлық құрылыс жұмыстарын егін жинауға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Нысанның жалпы құны 250 млн. теңгені құрамақ.

– Бұрын бізде өз қоймамыз болған жоқ. Сондықтан, өнімді бірден және арзан бағамен сатуға тура келді. Жаңа астық қоймасында барлығы автоматтандырылады. Біз ресейлік астық тазалау машинасын сатып алдық. Ол бір сағат ішінде 40 тоннаға дейін астық тазалай алады, сондай-ақ тазалау екі мәрте өткізіледі, – деді Сейтжапар Нығметов.

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларында мемлекетіміздің дамуындағы ауылдың маңызды рөлін бірнеше рет атап өтті. Шалғайдағы аудандар мен ауылдарды қолдау үшін «Nur Otan» партиясы «Ауыл – Ел бесігі» жобасын әзірледі.

Ауылдар өсу және тұрақты даму нүктелеріне айналуы тиіс. «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында елдегі 1500 әлеуетті елді мекен анықталады. Жыл сайын оларды дамытуға 30 млрд. теңгеден бөлінетін болады. Қаражат ауылдарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандарды дамытуға бағытталады. Сондай-ақ, бағдарлама онда шағын өндірістер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын дамытуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button