Қарағанды

Аймақ руханиятының алтын ұясы

Биыл Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына қарасты облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығына 60 жыл толып отыр. 1945 жылы 1 сәу­ір­де іргесі қаланған өнер ошағы 1956 жылы қайта құрылып, әлденеше рет аты өзгергенімен, мақсаты баяғыдай – облысымыздың мәдени ұйымдарына, клубтары мен құрылымдарына әдістемелік көмек көрсетіп, семинарлар, ауқымды іс-шаралар өткізу.

Тіпті, аймағымыздың 70 жылдық дүбірлі тойы да осы орталықтың назарынан тыс қалған емес еді. Ол кезде орталық басшысы марқұм Хафиза Хайдарғалиева еді. 1999-2007 жылдарда шығармашылық ұжымның тізгінін ұстаған тұғырлы тұлға ірілі-ұсақты сан алуан іс-шараларға өзі режиссерлік етіпті.

Алақандай ұйымнан аймақ мәдениетін алға бастаушы алпауыт орталыққа айналған мәдениет мекемесінің тарихы таңдай қақтырарлық. Жоғарыда айтқанымыздай, Ұлы Отан соғысы аяқталар жылы аяққа тұрған өнер ошағының алғашқы басшылары Қ.Мұқышев (1945 ж.), Ф.Мұхамеджанова (1956 ж.), Қ.Құсниденова (1977 ж.) сынды азаматтар екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Күні кешегі оймақтай өнер ұясы уақыт өте келе көмірлі қаламыз бен кенді өлкеміздің шығармашылығын дамытып, жаңа форматтағы іс-шараларды ойластыруға, қолда барын жетілдіруге арналған ауқымды құрылымға айналып шыға келді. «Зерде» жылжымалы кешенінің көмегімен тұрғындар аз қоныстанған елді мекендерге қызмет көрсету мүмкіндігі пайда болды. Клуб үйлері жоқ мұндай ауылдарға кешен қызметі ауадай қажет. Елбасы Жолдауларын ауыл-аймаққа алғашқы болып жеткізетін де осы кешен. Мемлекетіміз ұстанған саясатты алға бастаушы, тұрғындар арасында насихат, түсіндірме жұмыстарын жүргізетін де сол. Облысымыздың шалғай жатқан ауылдарына алыссынбай аттанатын жылжымалы кешеннің құрамына Президентіміздің Жолдауларын жеткізетін білікті дәріскер, концерттік бағдарламаның көрігін қыздыратын кәсіби әртістер, көркемөнерпаздар, бишілер, республикалық және облыстық байқаулар мен конкурстарда жүлдегер атанған жас орындаушылар енеді.

Егемендікпен бірге еңсе тіктеп, Тәуелсіздікпен бірге туын биіктеткен орталықтың қазіргі бағындырған белестерін өткенді еске алмай әсте елестете қою қиын. Әңгіме мынада. Әдебиеті мен өнерінің, мәдениеті мен өркениетінің тасы таласа-тармаса өрге домалаған кешегі Кеңес Одағының дүрілдеп тұрған дәуірі. 1979 жылы орталық ұжымы ойда жоқ жерде бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы танылып, көшпелі «Қызыл Туды» қанжығалайды. Мәскеуден кейін, әрине. Айды аспанға бірақ шығарған осы оқиға Арқа ұжымының атағын Қазақстан тұрмақ бүкіл КСРО-ға жайып жібереді.

Бір кездері халық шығармашылығы орталығының тарихында клуб қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары да болыпты. Мысалы, мәдени ұйымдастырушылар колледждер мен интситуттарда білім алуларынан бөлек, тәжірибе ретінде демалыс саябақтарында екі апта бойы ойын-сауық бағдарламаларын ұйымдастыратын.

Халық шығармашылығы орталығының іс-шаралар ауқымы қазір де тарылып тұрған жоқ. Орталық фестивальдер, конкурстар, ақындар айтысын, көрмелер, оқу-әдістемелік іс-шаралар ұйымдастырып, әдістемелік құралдар мен ұсыныстар жинағын шығарады. Клуб қызметі саласындағы мәселелер үнемі күн тәртібіне қойылып, аймақ ерекшелігіне қарай семинар-тәжірибелердің бағдарламалары жасалады. Бұдан қала берді, халықаралық және республикалық маңызы бар шығармашылық жобаларға, фестивальдер мен конкурстарға үздік көркемөнерпаз ұжымдарын ұсыну құқығына да ие.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Қарағанды облысының 80 жылдығы аясында жыл көлемінде ауқымды шараларды атқарып, аймақ тынысын Арқа өнерімен сабақтастырған орталық қызметі қызу қарқынмен жүргізілуде. Мұндай шаралардың қатарында портреттік, әңгімелесу кештері, тақырыптық интеллектуалдық шоу-бағдарламалар бар. Ал, орталық өткізетін фестивальдер барлық жас шамаларын қамтиды. Мысалы, 3-7 жас аралығындағы бүлдіршіндер «Еркетай», 7-16 жас аралығындағы балғындар «Жаңа есімдер», 16-30 жас аралығындағы азаматтар «Жас қанат», елу бес жасты еңсергендер «Ардагерлер ән салады» фестивальдеріне қатыстырылуда. Сонымен қатар, үрмелі аспаптар оркестрінің де фестивалі де сырт қалмапты.

Орталықтың қызмет етіп келе жатқан жылдарынан бері қазақтың ұлттық өнерін қайта жаңғырту үрдісіне де үлкен мән берілуде. Айтыс ақындарының «Арқа» мектебі құрылды. Жер-жерлерде ақындар айтысына, «Арқа арулары мен сал серілері», Тәттімбет Қазанғапұлы және Жүсіпбек Елебеков атындағы конкурстарға, фестиальдерге қатысатын таланттар іздестірілуде.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып көркемөнерпаздар шығармашылығының «Жан шуағы» фестивалі, «Сарыарқаның жұлдызды шапағы» би фестивалі, ұлттар мәдениеті, қалалар мен аудандардың көркемөнерпаздар ұжымдарының байқау-конкурстары ұйымдастырылады.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысының мемлекеттік мәдени-сауық мекемелерінде 1752 клубтық құрылым қызмет атқарады. Соның ішінде 1251 көркемөнерпаздар ұжымы жұмыс істейді. 103 ұжымның «Халықтық» және «Үлгілі» құрметті атақтары бар.

Атқарылған еңбектің ескерусіз қалмасы белгілі. 2006 жылы халық шығармашылығы орталығы аймақ өнерін дамытуға қосқан көпжылдық үлесі үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Бүгінгі таңда орталықта барлығы 23 қызметкер бар. Мәдени-сауық, халық шығармашылығы, мониторинг және әдістемелік жұмыс бөлімдері жұмыс жасайды. Келесі жылы біз Астана қаласындағы «EXPO-2017» көрмесіне жоспарланған 3000-ға жуық іс-шараның барлығына бірдей қатысамыз. Қазір қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деді орталық директоры Қағиза Сәдуақасова.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суретті түсірген Линар ГАЛИМОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button