Басты тақырып

Аймақ медицинасы: алғашқы лек

    Қарағанды облысы медицина саласынан кенже қалмаған. Арқа жұртшылығының аз бөлігі болса да, ХІХ ғасырдың орта шенінен былай алғашқы медициналық көмекке жүгіне бастағанын кәрі тарих айтады. Оған дейін көшпелі жұрттың ауру-сырқауларын ел ішіндегі халық емшілері емдеп, жазып келген. Яғни, дәстүрлі медицина дегенге саяды. Ал, ХІХ ғасырдың ортасындағы облыс, уезд орталықтары мен жекелеген казак станицаларындағы медицина жайлы әңгіме бөлек. Кеңес қоғамы орнап, ел ішіне «қызыл керуен» экспедициялары ұйымдастырыла бастағаннан кейін тұрғындарға медициналық көмек көрсету ілгерілей бастады. Өйткені, облыс орталығына жер аударылып келген (оның ішінде Қарлаг тұтқындары) осы саланың небір білгірлері мұндағы тұрғындарға ем-шара жасағаннан бөлек, сабақ та беріп, мәртебелі медицинаның іргетасын мықтап қалады.

«ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Орталық Қазақстан аймағында бір ғана ресми медициналық мекеме – штатында дәрігер, фельдшер және акушері бар дәрігерлік учаске болған еді. 1880 жылы болыстық фельдшер лауазымы енгізілген соң, Омбы училищесін бітірген Б.Мыгнатов, Қ.Байжанов, Қ.Бар­дибенов, Т.Шыңғысов секілді фельдшерлер тұрғындарға медициналық қызмет көрсететін болды. Олар қарапайым хирургиялық оталар жасады, тіс емдеді, әйелдердің босануына көмектесті. Уездерде дәрігерлер мен фельдшерлер болған жоқ. Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі түсті металл қорын игеруді бастаған ағылшындар 1915 жылы 8 орынды аурухана ашты». Бұл – «Қарағанды облысы энциклопедиясының» мәліметі. Алайда, бұған біздің қарсы айтар уәжіміз бар. «Қарқаралы қаласында алғашқы аурухана 1822 жылы патша үкіметінің бұйрығымен, «Сібір қырғыздарын басқару ережесі» бойынша емдеу бөлімі болып ашылған екен» дейді 2004 жылы аталған ауданның бас дәрігері Серік Жекеевтің бұйрығымен құрылып, зерттеу жұмысын жүргізген арнайы комиссия. Мұнда емдеу бөлімі ашылғаннан кейін, оған 1864 жылы Омбы фельдшерлік мектебінің түлегі, Қарқаралы уезінің тумасы, Жағалбайлы руының Баймұрын болысынан Қалқабай Қырбаев, Қара-Әйтімбет болысынан Айбас Мауытжанов жұмысқа жіберілген. Сондай-ақ, емдеу бөлімінде істеген Николай Лапшин, Аянған Құнанбаев, Ғабдолла Қайрақбаев оспа эпидемиясының тарауына қарсы жұмыстар жүргізген. Санкт-Петербург қаласындағы әскери медицина академиясының түлегі Сәдуақас Тәжіұлы 1899-1917 жылдары осы уезде дәрігерлік жұмыс атқарады. 1884 жылы Омбы фельдшерлік мектебінің түлегі Хасен Бижанов істеген. 1884-1895 жылдары Томбы медицина институтын бітірген Әміре Айтбақин емдеу бөлімінде қызметте болған. 1917 жылы Угар әскерінің лазареті жанынан 50 төсектік аурухана ұйымдастырылып, бас дәрігері Томбы медицина институтының түлегі Сергей Кропатин, оның көмекшісі Жүніс Сүгіралин, Мұхамедия Оспанов, Насыржан Сыздықовтар болды. 1927-1931 жылдары С.Кропатин іш сүзегіне, туберкулезге қарсы күрес жүргізу мақсатында Қарқаралы емдеу бөліміне санитарлық дәрігер болып сайланды. Сол жылдары бұл кісілер ашаршылықпен қоса келген сүзек ауруы тырнағынан талай адамды құтқарып, ажал аузынан алып қалған. 1927 жылы бас дәрігер И.Корякин болды. Кейіннен ол ҚазКСР денсаулық министрінің орынбасарлығына тағайындалып кетеді. Соған байланысты бас дәрігер акушер-гинеколог Т.Корякина, ал, Килштейн терапевтікке тұрды деген бірқатар деректі осы сала бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізген аталған комиссия алға тартады.

Көптеген мәліметтерде қазіргі Қарағанды облысы жеріндегі алғашқы дәрігерлердің бірі – Омбы медициналық институтының түлегі Ж.Ниязбеков деп көрсетіледі. Оның тұрғындарға, оның ішінде әйелдер мен балаларға терапевтік және хирургиялық көмек көрсеткені, әсіресе, өз жалақысына дәрі-дәрмектер алып, науқастарға таратқанын ерекше атап өткен жөн. Тұрғындарға тұңғыш медициналық көмек көрсетушілердің бірі – Қазақстанға жер аударылған, Чита фельдшер мектебінің түлегі И.Деев. Ол 10 орынды аурухана ұйымдастырып, хирургиялық емдеумен, жұқпалы аурулардың, өкпе ауруының және мерездің алдын алумен айналысты. Жоғарыда жер аударылып келушілер мұнда медицина саласының негізін мықтап бекітті дегеніміз осы жерден шығады (оның ішінде ҚарЛаг-та жүріп кісі емдеп, сабақ бергендер жайы өз алдына жеке әңгіме).

1930 жылы Қарағандыға Мәскеуден алғашқы дәрігерлер – Г.Алалыкин, Я.Алалыкина және Л.Ливас келді. Осындағы алты бөлмелі кірпіш үй медициналық пунктке берілді. Оны ел «Қызыл аурухана» атайтын. 1933 жылдан бастап облыстағы денсаулық сақтау саласы дами түсті. Алғашқы аурухана, емхана, шахталардағы дәрігерлік пункттер, санитарлық бөлім, балалар бөбекжайларының басын қосып, бір ғана бас дәрігер басшылық ететін бірлестіктер қалыптасты. Сөйте-сөйте ХІХ ғасырдың бірінші жартысында іргетасы қаланған Қарағанды облысының медицинасы бүгінгі қуатты қалпына түсті.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button