Бас тақырыпОблыс әкімі

Аймақ басшысы сын айтты

Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Қарағандыдағы бірқатар әлеуметтік нысандардың басшыларын сынға алды. Қала ішін бекітілген жоспардан тыс мерзімде аралаған аймақ басшысы көшелердегі жолдардың жағдайына, қар тазалау барысына және жұмыспен қамту мәселелеріне назар аударды.

Көшелерді қардан тазалау жұмыстарына Ерлан Жақанұлының көңілі толмады. Мектептер мен балабақшалар, әлеуметтік нысандардың алаңдары тазартылмаған. Сондай-ақ, жекеменшік аумақтардан, кеңселер, мейрамханалар, дүкендер мен банктер маңынан қар шығарылмаған.

– Қарды тазалап, шығармай жатқандардан қатаң сұрау керек қой. Полицияны қосып, учаскелік инспекторларды шақырып, уақытылы қар шығармағандары үшін айыппұл салу керек емес пе?! Қала әкіміне бір апта уақыт беремін. Бір аптадан кейін мен осы және басқа да бағыттар бойынша тексеріп өтемін. Жеке секторларды да қардан тазалаңыздар. Бірде-бір үй су астында қалмау керек, – деді Ерлан Қошанов.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы қалалық жұмыспен қамту орталығының жұмысын назарға алды. Сәуірден бастап, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға жаңа жүйе бойынша атаулы әлеуметтік көмек көрсетіле бастайды. «Келушілер қатары күрт көбейеді» деп күтілуде. Сондықтан, бірінші кезекте, аймақ басшысы мамандардың азаматтарға жедел әрі толыққанды қызмет көрсету мүмкіндігіне көз жеткізу үшін арнайы келді. Бұл жерде де олқылықтар анықталды.

– Алты үстел, жарты сағаттан. Егер, халық көп келсе қалай үлгермекшісіздер? Бізде қалада атаулы әлеуметтік көмек алуға 9 мың адам үмітті. Егер, күніне мың адам келсе де сіздер үлгермейсіздер. Қосымша мамандарды жіберіңіздер мында. Бұдан бөлек, отыратын орындар да аз. Бар болғаны 12 орындық! Мен тағы қайталап айтамын, бізде 9 мың адам бар! Олар қайда отырады?! Қосымша орындықтар қосыңыздар, барлық жұмыспен қамту орталықтарында электронды кезек орнатыңыздар. Жұмыс уақыты көрсетілген тақтайшалар іліңіздер. Бұл жерге көпбалалы аналар келеді. Олардың үйлерінде балалары қалады. Сондықтан, сағаттап кезек күттірмеу керек, – деп тапсырды облыс әкімі.

Ерлан Қошановтың келесі барған нысаны Қазыбек би ауданының үйге әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі болды. Онда мүгедектерге, психоневрологиялық ауруы бар адамдарға көмектеседі.

Мұнда әкім нысанға келетін жолдың тазаланбағанын бірден сынға алды. Мүгедектер кіретін жер тым биік, ал, пандустың үстіне жып-жылтыр мұз қатқан. Ғимараттың іші алакөлеңке, дәліз тар.

– Бұл мекемеге атаулы әлеуметтік көмекке құжаттар қабылдай бастағанда 334 адам келеді. Олар қай жерде отырып, күтеді. Барлық олқылықты жою үшін үш күн беремін. Баспалдақтардың мұзын тазалаңыздар, жол салып, ішін ретке келтіріңіздер, – деді аймақ басшысы.

Аймақ басшысы бұл жұмыстарды бақылауды облыс әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетовке жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button