Жаңалықтар

Айбынды ұлға аманат

Отан соғысы – адамзаттың ауыр қасіреттерінің бірі. Ұлы Жеңіс – сол жолда төгілген қан мен үзілген үміттің өтеуі емес, тек жұбанышы секілді. Батырлардың даңқты ерлігін жас ұрпақтың бойына дарыту мақсатында Қарағандыдағы Достық үйінде «Айбын-Арқа» патриоттық клубы Кеңес Одағының батыры Әлия МОЛДАҒҰЛОВАНЫ еске алуға және Жеңістің 75 жылдығына арналған кеш өткізді.

Суретті түсірген автор

Ә.Молдағұлова атындағы облыстық олимпиадалық резервтегі спорт колледжінің қатысуымен өткен шара қазақтың батыр қызының ерлігі мен спорт интернатының әлемдік аренада жеткен жетістіктеріне арналған көрмеден бастау алды. Қарағандыдағы балалар үйі, колледждер мен мектептердің шәкірттері ерлік пен елдік турасында, спортта биік белестерді бағындырған Арқа саңлақтары жайында ардагерлер мен бапкерлер әңгімесінен көп дүние көңілге түйді.

«Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің атсалысумен Достық үйінде ардагерлер кеңесі, қоғамдық ұйымдары және әскери білім беретін оқу ордаларының ұстаздарымен ақылдаса отырып, «Aibyn-Arqa» әскерипатриоттық клубын құрдық. Бұл – бірінші іс-шарамыз. Алда ай сайын Алаштың бір батырын ұлықтап отырамыз» – деген ойларымен бөлісті осы клубтың үйлестірушісі, ақын Қуаныш Мақсұтов.

Жиын аясында «Aibyn-Arqa» патриоттық клубының 2020 жылға жоспары мен жаңа ережесі бекітіліп, оның басшылық қызметіне Иршат Мутагаров тағайындалды. Одан әрі іс-шара даңқты батыр қыздың өмірі мен ерлігі туралы әдеби-музыкалық қойылыммен жалғасып, үрмелі аспаптар оркестрі мен «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің әуелеткен әні мен күмбірлеткен күйіне ұласты. Әсіресе, спорт мектебінің оқушылары сахналаған Әлияның ержүрек бейнесі мен қилы тағдырына арналған қойылым жиналған қауымның жүрегіне мақтаныш пен жылылық сыйлады.

Жиын соңында Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Бахтияр Бекмұрзаев, Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің басшысы Ерден Халилин, Қарағанды қаласы Октябрь ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Аймағамбетов жас жеткіншектерге оқу мен спортта толағай табыс тілеп, отансүйгіштікке үндеді.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ

Басқа материалдар

Back to top button