Жаңалықтар

Ахметжан ЕСІМОВ, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:

«Құрылысты жыл соңына дейін аяқтаймыз»

Жуырда «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі Қоғамдық кеңестің үшінші отырысы өтті. Жиында ««Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан ЕСІМОВ баяндама жасады.

Өздеріңізге белгілі, 31 тамыз күні бізге Елбасы келген болатын. Ол құрылыс қарқынымен әрі павильондардың контенттік мазмұнымен мұқият танысып, көрмеге дайындық барысына жоғары баға берді.

Қысқаша тоқтала кетсем.

Кеңестің өткен отырысында атап өткендей, құрылысты жылдың соңына дейін аяқтаймыз. Соңынан құрылысы күрделі нысан – сфераны аяқтаймыз. Халықаралық павильондар аяқталып қалды, қазан айында оны барлық мемлекеттік қатысушыларға тапсыратын боламыз. Қазірдің өзінде олар бекітуге өздерінің жобаларын тапсыруды бастады, бұл ретте олардың көпшілігі өте қызықты екенін атап өткім келеді. Тағы бір маңызды мәселе, біз діттегендей көрмеге 100 мемлекет қатысатын болады. Қазіргі саны – 98. Оған 18 халықаралық ұйымды қосыңыз. 20 ел өздерінің ұлттық күндерін белгіледі.

Көрменің ең қызықты павильоны – Үздік практикалар аумағында қойылатын жобаларды іріктеу бойынша құрамына беделді сарапшылар, оның ішінде бірнеше Нобель сыйлығының лауреаттары кіретін Халықаралық іріктеу комиссиясы үстіміздегі жылдың 15 қыркүйек күні жобалар бойынша өз шешімін шығарады. Әлемнің түкпір-түкпірінен 133 өтінім келіп түсті, алайда, олардың ішінен тек 25 жұмыс іріктелетін болады.

Көрменің өткізілу уақыты жақ­ындаған сайын, оның тақыры­бына деген үлкен қызығушылықты сезініп келеміз. Мысалы жуырда Финляндияның қатысуы туралы келісім-шартқа қол қойдым. Олардың ұлттық павильон комиссарының сөзінше, әдетте Финляндия «ЭКСПО»-ға қатысса, тек Солтүстік Еу­­ропаның басқа мемлекеттерімен бірге болған. Алайда, біздің көрмеде олар жеке экспозиция жасауға шешім қабылдапты. Өйткені, энергия үнемдеу мен «жасыл технологиялар» саласындағы алдыңғы қатардан табылатын әйгілі фин компаниялары жеткілікті.

Көрме барысында көтеріліп отырған проблемаға трансұлттық компаниялар қызығушылық біл­діруде. «ЭКСПО» серіктестерінің қатарында «Циско», «Самсунг», «Шелл», «ДХЛ», «Шеврон», «Дженерал Электрик» және тағы басқа халықаралық корпорациялары бар. Олар 125 млн. еуро көлемінде демеушілік көрсетті, бұл бағытта жұмысты жалғастырамыз.

Көрменің мәдени бағдарламасы дайындалуда. Толығырақ дәл қазір айта алмаймын, бірақ, мейлінше қызықты да мазмұнды әрі бағасы көңілге қонымды болуы үшін тырысудамыз. Әрине, отандық әртістер мен ұжымдардың қатыстырылуын назардан тыс қалдырған жоқпыз.

Құрылыс нысандары аяқталып келе жатқандықтан, бірнеше мәселелерді атап өткім келеді. Біріншіден, өткен жылы құрылыс барысына 296 отандық компанияларды қатыстырдық, екіншіден тікелей және жанама түрде Астана мен өңірлерде 46 мың жұмыс орнымен қамтамасыз еттік, әлбетте, бұл қазіргі уақытта өте маңызды. Бұдан бөлек, құрылыстан 131 миллиард теңгені үнемдеп қалдық. Үнемдеуге келетін болсақ, бұл активке тағы да қосымша сандарды жаза аламыз деп ойлаймын. Бірақ, ол туралы қазір толық тоқтала алмаймын.

Бүгінгі Қоғамдық Кеңес отыр­ысының тақырыбы – туризмді дамыту – өте маңызды. Ел үшін «ЭКСПО» әкелетін мүмкіндіктер туралы айтатын болсақ, ең алдымен туризм тілге оралады. Шетелден 350 мыңға жуық қонақтарды күтеміз. Ілгерілету және туризм департаментінің директоры көрмеге дайындық барысында жасалып жатқан жұмыстар туралы айтып өтеді, ал, мен бірнеше маңызды мәселелерге ғана тоқталайын. Соңғы уақытта миландық «ЭКСПО» басшысы Джузеппе Саламен тығыз байланыста болдым. Оның айтуынша, Италиядағы Миланның өзіне туристердің келу қарқыны көрмеден кейін де елеулі түрде артты. Ол туралы бүгін Сала мырза өзі айтып кетеді. Италияның өзі туристер көп баратын ел болып табылады. Осындай жағдай Шанхайда да орын алды, «ЭКСПО»-дан кейін туристер көптеп келді. Мұның құпиясы неде? Менің ойымша, олар көрме беретін мүмкіндіктерді барынша дұрыс пайдалана алды деп ойлаймын.

Екіншіден. Әлемдік туризм саласында күтпеген жерден күтпеген ойыншылар көріне бастауы мүмкін. 10 жыл бұрын Грузияның Түркия мен Грекия елдеріндей клиенттердің елеулі бөлшегін өз елдеріне тартады деп кім ойлаған? Бүгінгі таңда «New York Times»-тың өзі Грузияны баруға ұсынылатын 50 елдер қатарына енгізді. Олар арнайы мемлекеттік орган – Ұлттық Туристік Әкімшілікті құрды – ол осы саланы табысты дамытып келеді. Халқының саны 5 миллионға жетпейтін ел, қазіргі уақытта жыл сайын 2 миллионға дейін туристер қабылдауда.

Үшіншіден. 2015 жылға арналған Дүниежүзілік туристік ұйымының жариялаған есептемесінде сала­ның артуы байқалады, келу­шілер саны 4%-ға артқан. Дағ­дарысқа қарамастан әлемдік шаруашылықтың көптеген салалары орнында қалып немесе құлдырауды көрсетіп отыр. Ең қызықтысы, басты әлемдік турист «тасымалдаушыларының» бірі, біздің көршіміз – Қытай, ол АҚШ және Ұлыбританиямен бір қатарда тұр. Мен бірнеше рет осы ұйымның басшысы Талеб Рифаимен кездестім, ол Қазақстанда дұрыс ұйымдастырған жағдайда, туризмнің болашағы үлкен деп айтып кетті. Биылғы жылдың маусым айында біздер WTO-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық, ол «ЭКСПО» шеңберінде кемі 100 елден өкілдер қатыстырып үлкен халықаралық туристік форум өткізуді жоспарлап отыр.

Төртінші. Тіпті, әлеуеті мықты туристік нысандары бар өңірлерде қарапайым халық өздерінің үлкен қаражат үстінде отырғандықтарын әлі де түсіне бермейді. Жуырда «Время» газетінде қызықты мақала шықты, онда біздің Байқоңырды американдық баламасы Канаверал бұғазымен салыстырды. Аталмыш ғарыш айлағына жыл сайын 3 миллионға дейін туристер келетіндігін білдім. Былайша санасақ, егер әр турист шамамен 1000 доллар қалдырса, онда Қызылорда облысында 3 миллион турист көміртегін игерумен салыстыруға келетіндей сала құра алатын еді.

Беделді мемлекеттік туризмді дамыту органының қажеттігі туралы сауалға жауап:

Мемлекет – нашар менеджер деген пікір бар. Мүмкін солай шығар. Бірақ, мемлекет – ең жақсы ұйымдастырушы. Тағы да Грузияны мысалға келтірейін – бұл ел соңғы онжылдық ішінде осы салада үлкен қадам жасаған ел. Бұл мәселемен айналысатын, мемлекеттік құрылым – Ұлттық туризм әкімшілігі өзін өте тиімді құрылым ретінде көрсете білді. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Израиль, Хорватия, Филиппин, Үндістанда бұл министрліктер көптеген мәселелермен, айталық өз мемлекетін халықаралық ілгерілетуден бастап маман дайындаумен айналысады.

Басқа елдерде бұл – жергілікті жағдайға қатысты не агенттіктер, не ұлттық компаниялар. Бірақ, бірде-бір маңызды кәсіби мемлекеттік құрылымы жоқ туристік державаны еш жерден таба алмайтыныңыз анық.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button