Руханият

Ахиконың азапты жолы

Ерте заманнан бері адамзат тарихи естеліктерді сақтауға тырысқан. Құжатсыз тарих жоқ, тарихсыз мемлекет пен ұлт жоқ екені мәлім. Саран қаласының мемлекеттік архиві өзі тектес мекемелер секілді жалпыұлттық ауқымда бағасыз тарихи-мәдени мұраны жинауға және сақтауға жауап береді.

Сурет:автордан

Жеке бас текті құжаттар Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құрамдас және бөлінбес бөлшегі болып табылады. Олар – тарихи дерек көздерінің маңызды топтарының бірі және халықтың тарихи-мәдени мұрасының біртұтас бөлшегі. Жеке бас текті құжаттар жеке тұлғаның көзқарасы тұрғысынан алып қарағандағы бірегей шолулық ақпаратты жеткізуші қызметін атқарады. Олардың әсіресе әдебиет, ғылым, өнер тарихын зерделеуде маңызы өте зор, яғни, адам әрекеті мен тарихи үрдістің алдыңғы қатарда жеке шығармашылық орын алатын саласында маңызы өлшеусіз. Тағы бір жағынан қарасақ, жеке бас текті құжаттардың маңыздылығы – әртүрлілігі мен мазмұнының алуан қырлылығында. Соңғы жылдары «Елімізде сталиндік жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған, жазықсыз атылып құрбан болған, қайда көмілгендері беймәлім миллиондаған адамдардың жалпы саны қанша екен?» деген мазмұндағы сұрақтар жиі қойылып жүр. Бұл сауалға қатысты нақты, статистикалық ресми мәлімет жоқ.

Жазушы-драматург Мәдина Омарованың «Ақтастағы Ахико» атты драмасы бар. Осыдан үш жыл бұрын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында аталған туындының тұсаукесері өткен болатын. Спектакльге арқау болған оқиға – жапондық Ахико Тецуроның тағдыры. Туынды 15 жасында жазықсыз жазаланып, балалық шағын ҚарЛагта өткізген жапон баласы Ахико Тэцуро мен Алаш арыстарының басынан өткерген азапты ғұмырын суреттейді.

Ахико Тецуроның тағдыр жолы – сталиндік зұлмат жылдары Қазақстанға қоныс аударған, айдалып, жазықсыз сотталған мыңдаған адамдардың, түрлі ұлт өкілдерінің тағдыры. Осы тұста «Жапон баласы қазақ даласына қалай тап болған?» деген сұрақтың туындауы – заңдылық.

Ол былай. Қарапайым балықшының отбасында дүниеге келген Ахиконы ата-анасы Сахалиндегі әскери оқу орнына аттандырмақ болады. Алайда сол мезетте олар мекендеген аймақ Кеңес одағының құрамына еніп, барлық бейбіт тұрғынды теңіз асырып жібереді. Жақындарынан көз жазып қалған Ахико Кеңес әскерінің қолына түсіп, «жапон тыңшысы» деген жазықсыз айыппен 10 жылға ҚарЛагқа жөнелтіледі. Он бес жастағы бала тергеушілердің қинауымен өзіне тағылған жалған айыпты еріксіз мойындайды. Сөйтіп, қара түнекке оранған тозақ апанына түседі. ҚарЛагта сол кезеңдегі зиялылар, ғалымдар, оқымыстылар отырғаны, олардың адам төзгісіз қинау, зорлық көргені тарихтағы сталиндік кезеңнің қанды беттерінен белгілі. Жастық шағын түрмеде өткізген Ахико он жылдан соң, 25 жасында босап шығады. Бостандыққа шықты деген аты болмаса, кеудесінде жаны ғана бар өлімші күйде қу сүйегін сүйретіп шығады. Түрмеден шыққанда 25 жастағы жігіттің салмағы 24 келі ғана болған екен. Осыдан-ақ, оның жағдайы қандай болғаны байқалады.

Жат жерде, ешкімге керексіз күйде ес-түссіз жатқан Ахиконы қазақ әйелі тауып алып, аузына су тамызып, қарғыс атқыр соғыс жұтқан ұлдарының орнына баласындай бауырына басып, адам қатарына қосады.

Тұтқыннан босаған соң еңбек жолын 122-шахтада бастайды. Кейін темір-бетон зауытында дәнекерлеуші болып жұмыс істеп, сол жерден зейнеткерлікке шыққан. Ол бүгінгі таңда тағдырының Қазақстандай бірлігі жарасқан елмен тоғысқанына шүкір етеді. Осы жерде украин қызы Елена Ивановамен отбасын құрып, 4 бала тәрбиеледі. 11 немере, 5 шөбере сүйіп отырған жайы бар.

Кейін заман оңалғанда Ахико ата жұрты – Жапонияға барып, әкесімен, бауырларымен, туған-туысымен табысады. Жапония Ахиконы қаһарман ретінде қарсы алып, тұрмысына, өміріне қажетті жағдайды жасап береді. Бірақ, Ахико Жапонияда тұрақтай алмай, Ақтасқа қайта оралады. Қандай құдірет қайта алып келгені Ахиконың өзіне аян! Өзіне аян болатыны, екінші рет дүниеге әкелген – қазақ анасы, адам қатарына қосқан – қазақ ортасы, қазақ жері…

Осыдан біршама уақыт бұрын Ақтас кентінің әкімі К.Сүлейменовпен бірге барып, «Сарыарқа самурайы» атанған ақсақал Ахико Тэцуромен жүздескен едік. Ондағы мақсат – архивтің жеке тектік қорына қажетті материалдар алу.

  • Сахалинде күн суық. Әскерилерден қалған күртешені тауып киіп, жағалауда тентіреп жүргенімде совет әскерлері ұстап алып, абақтыға қамады. Бірден: «Жапон тыңшысысың» – деді. – Мен олай емес екенін түсіндіруге тырыстым. Бірақ, көп ұзамай шындықты айтқаннан гөрі «жапон тыңшысы» болғанның анағұрлым қауіпсіз екенін ұқтым. Сөйтіп, қарсыласқанды тоқтаттым. Мойындадым. Олар маған қалың папка ашып, бума-бума қағаз толтырды. Мен бәрімен келістім… ҚарЛагқа түскенде тым жас болатынмын. Тажал машинасы жаңа туған сәбиден бастап, еңкейген, мүгедек кемпір-шалға дейін шімірікпей жұтатын. ҚарЛаг қапасында 50 мыңнан аса жапон отырды, еңбек етті, өмір үшін күресті. Солардың бірі мен едім» – дейді Ахико Тэцуро.

Кездесу кезінде Ахико Тецуромен суретке түсіп, ақсақал айтқан тарихи деректерге құлақ түрдік. Қызы Ирина архив қорына әкесінің фотоқұжаттарын тапсырды. Тарихи тұлғаның қарапайым заты – ертеңгі ұрпақ үшін аса құнды тарихи дүние.

Айдын ҚҰЛЖАНБЕКОВ,

«Саран қаласының мемлекеттік архиві» КММ басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button