Жаңалықтар

АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІНЕ – ЗОР МҮМКІНДІК

    Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы    НАЗАРБАЕВТЫҢ «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы аса маңызды стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған. Жаңа Жолдау өнеркәсіп өндірісі, банк секторы, мемлекеттік басқару жүйесі және басқа да салаларды кеңінен қамтиды.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жаңғыруы – ел дамуының ең бас­ты бағыты. Ал, адами капиталға қатысты сапаның артуы, оның ішінде, аграрлық өндіріс, білім сапасы мен ғылыми ізденіс нәтижелерін жоғарылату – Президент Жолдауының басты өзегі. Басқаша айтқанда, бізді үлкен өзгерістер күтіп тұр.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінің дамуына айрықша назар аударып отыр. Аграрлық ғылымды дамыту, жерді тиімді пайдаланушыларды ынталандыру, тиімсіз субсидиялар есебінен банк кредиттерін арзандату – мұның барлығы қазақстандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне үлкен қолдау болады. Біз шынында да, тек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, астық өсірумен шектеліп қалмауға тиіспіз. Ендігі жерде агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыру қажет. Бұл – ұлттық экономиканың маңызды кешені болып табылады.

Бұл тұрғыда әлемдік нарыққа шығу жөніндегі жұмыстар бірнеше жылдан бері жүйелі жүргізіліп келеді. Бұл үшін ет өнімдерін экспортқа шығару бойынша бапталған бағдарлама арнайы дайындалды. Нұрсұлтан Әбішұлы атап айтқандай, біз әлемде құрмет пен сенімге қол жеткізген тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырдық. Соған сәйкес, біздің өнімдеріміз де сондай сенім үдесінен көрінуі керек. Ол үшін, табиғи азық-түлік өнімдерінің «Қазақстанда жасалған» бренді сыртқы нарықта да кеңінен танылып, үлкен сұранысқа ие болуы үшін барлық агроөнеркәсіп кешенін қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізу қажет.

Жолдауда «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі ретінде көрсетілген. Бұл бөлімде «шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығу қажеттігі», «аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиістігі» жазылған. Бұл агроөнеркәсіп кешенінің еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік ашады.

Әлемдік экономикадағы техно­ло­гия­лық үрдістерден қалыспай, жаңа эконо­ми­калық революцияға бет бұруға үндеген жаңа Жолдауда айтылған зор міндет­тер­дің, тың идеялар мен нақты тапсыр­ма­лардың жүзеге асуына атсалысу әрбір қазақстандықтың міндеті деп білемін.

 

Евгений АПЕИСОВ,

облыстық мәслихаттың

депутаты,

«Шатан» шаруа қожалығының жетекшісі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button