Жаңалықтар

Агроөнеркәсіп – экономика өзегі

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында жаhандық талаптарды ескере отырып, ел экономикасын цифрлік технологиялар негізінде дамытып, жаңа индустрияны қалыптастыруды тапсырды. Осы мақсатта жақында өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін арттырудың төрт бағыты анықталды. Осы төрт бағытты тиімді іске асырудың басты қадамдарын белгілеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Аграрлық саланың негізгі төрт даму бағыты:
нүктелі жер өңдеу немесе дәлме-дәл егіншілік. Ауыл шаруашылық алқаптардың электрондық карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар және датчиктер, ғарыш мониторингі және т.б. деректерді пайдалана отырып, агроқұрылымдарда заманауи нақты технологияларды енгізудің экономикалық моделін әзірлеу; университеттермен, ғылыми-зерттеу институттарымен, сондай-ақ, ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды әзірлейтін, цифрландырумен айналысатын әлемдік компаниялармен бірлесе отырып, пилоттық шаруашылық иелерін, яғни, фермерлерді оқыту;
ауыл шаруашылық техникасын жедел жаңарту. Тиімсіз субсидияларды төмендету негізінде биылғы жылы оның көлемін 20 млрд. теңгеге дейін арттыру. Егер жыл сайын қолдау шараларының көлемі өсетін болса, үш жыл ішінде жалпы инвестиция көлемі 240 млрд. теңгеге жетіп, жыл сайынғы ауыл шаруашылық техникасының жаңару қарқыны 6% жететін болады;
мал шаруашылығын дамыту, атап айтқанда, мал басының 57-60% үй шаруашылықтарында шоғырланғандықтан, мал шаруашылығында өндірілген өнімнің 72%-да осы жерде өндіріледі. Сондықтан, ұсақ фермерлердің ірі бордақылау алаңдары бар шаруашылықтармен кооперациясын ынталандыру арқылы мал өнімінің сапасы мен тауарлық көрсеткіштерін жақсартып, ет экспортының көлемін арттыру;
суғармалы жерлерді үдемелі игеру. Қазіргі таңда суғармалы жерлердің көлемдері 2.5 млн. га-дан 1.1 млн. га-ға қысқарды. Бұл жерлерді шартты түрде алқапқа айналдыратын болсақ, 7.0-8.0 млн. гектар жер айналымынан шыққанын көрсетеді. Ал, егер де ең кем дегенде 1 га суғармалы жерден 15 ц өнім (астық) алатын болсақ, жыл сайын 1 млн. тоннадан астам астық алынбайды деген сөз. Сондықтан, 65 мың гектар жерге су беруді қайта қалпына келтіруге бағытталған шараларды жүзеге асыру жоспарланған.
Өткен жылдың желтоқсан айында елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оны іске асуруға мемлекет бюджетінен 384,2 млрд. теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта, ел экономикасының құрамдас бөлігі – аграрлық саланы жандандыру мақсатында, аталған бағдарламаны негізге ала отырып, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында көптеген ауқымды іс-шаралар жүзеге асырыла бастады.
Біз ауыл шаруашылық саласын «Ақылды технологиялар» технологиялар арқылы дамытпай үлкен көрсеткіштерге жете алмаймыз. Бүгінгі заманның фермерлері өздері өндірген өнімнің нарықта бәсекеге қабілетті болуы, оның қаншалықты сұранысқа ие болатыны туралы дұрыс болжам жасай білуі – ақылды технологияларды игеру арқылы іске асырылады. Мысалы, дамыған елдерде цифрлік жүйелерді кеңінен қолдану арқылы өздерінің экономикалық өсімін 80-85%-ға дейін арттырып отыр. IТ-технологияны өндіріске енгізу – шығындарды 20%-ға азайтады екен. Қазіргі кезде қазақстандық фермерлер GPS-жүйелері, мобильді қосымшалар, жоғары технологиялық датчиктер, алгоритмдер, спутниктік бақылау сияқты цифрлық технологияларды кеңінен қолданысқа енгізуі қажет. Заманауи сандық технологиялар фермерлерге әр елдегі озық жұмыс әдістерін үйренуге, өндірістің бірыңғай стандарттарын қадағалауға қолайлы жағдай туғызады. Ол үшін заманауи талап пен мақсаттарға сай келетіндей үздіксіз білім беру жүйесі болуы керек. Осы мақсатта біздің университет жанында жаңа білімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін ашық курстар, мектептер, тұрақты семинарлар өтетін Агробизнестің жоғары мектебі және Фермерлердің жоғары мектебі жұмыс істейді.
Бүгінде университет базасында агроөнеркәсіптік кешенінде цифрлік технологияны дамыту мақсатында үлкен «Агроөнеркәсіптік кешенді цифрлендіру орталығы» іске қосылған. Орталықтың мақсаты – әкімшіліктерге, ауылдық кәсіпкерлерге «онлайн» режимде консалтингтік қызмет көрсету, облыстық, аудандық білім басқарма қызметкерлеріне, мектеп директорларына, ата-аналарға, оқу бітіруші-түлектерге білім беру бағдарламалары туралы ақпарат ұсыну негізінде кәсіби бағдарлануға көмектесу; студент, магистрант, докторант және ғалымдарға ауыл шаруашылығы саласының жағдайы туралы қажетті талдау материалдарын орналастыру; цифрлік технологияларды игерген әлемдік деңгейдегі білікті мамандарды тартуға, идеялар мен жаңа технологияларды енгізуге, озық инновациялық тәжірибелермен алмасуға бағытталған көпфункционалды платформаға айналу.
87 жылдық терең тарихы бар оқу орнымыз 2001 жылдан бері Ұлттық статусқа ие. 2010 жылдан бастап, Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында алғашқылардың бірі болып, ұлттық зерттеу университетіне транформациялану үстінде. 2015 жылы университет базасында Халықаралық Агротехнологиялық хаб құрылған болатын. Оның құрамына университет жанындағы Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Корея, Су, Тағам қауіпсіздігі, Қазақстан-Белорус агроинженерлік инновациялық орталықтары кіреді. Агротехнологиялық Хабтың қызметі агроөндіріс кешеніне инновациялық технологияларды, стартап-жобалдарды, идеяларды тартуға, оларды өндіріске енгізуге, сондай-ақ, мемлекет-жекеменшік серіктестігінің тетіктерін іске асырып, университеттің өзін-өзі қаржыландыруын және дербестігін қамтамасыз етуге арналған. Сол арқылы жалпы республиканың ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыратын болады.
Қазіргі уақытта біз студенттеріміздің, магистранттар мен PhD докторантарымыздың өндіріс орындарында тәжірибеден өту мәселесіне баса назар аударып, бүгінгі күні оқу жоспары мен академиялық күнтізбені қайта қарап, білім алушының өндірістік тәжірибеден өту мерзімін 7 айға дейін ұзарттық. Бұл жерде айтатын бір мәселе, университетте білім алушылар 2-курстан бастап агробизнесті ұйымдастыру пәні бойынша өздері шыққан өңірлердегі шаруашылықтарда тәжірибеден өтіп, бизнес-жоспарларын жасау үшін, нақты мәліметтер жинап, дайын жобаларын комиссия алдында қорғайды. Студенттердің орындайтын барлық дипломдық, магистрлік және докторлық диссертацияларында бір бөлімі зерттеліп отырған бағыттың экономикалық тиімділігіне, арналуы тиіс. Бұл талаптар келешекте мамандардың тәжірибеге бейімделуін және аграрлық нарықта сұранысқа ие болуын жоғарылатып, кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етеді.
Университет жастардың аграрлық білімін жетілдіру үшін жергілікті агроқұрылымдармен қатар шетелдің озық университеттерімен, ғылыми орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Университетіміздің діңгегі саналатын Агротехнологиялық хаб қызметі аясында бүгінде Корнель университетімен «Жергілікті алманың перспективті сорттарының гендік қорын зерттеу», Колумбияның NASA университетімен, АҚШ-тың Мичиган штаты университетімен «Климаттық модельдеу арқылы дәнді дақылдардың өнімділігін жоспарлау», Малайзияның Путра университеті мамандарымен «Халал өнімдер өндірісі технологиясы», Финляндия ғалымдарымен «Тағам қауіпсіздігі және ветеринария» мәселелері бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, Америка, Қытай, Ресей ғалымдарымен бірге «Зиянкестер мен сортаңдарды алдын ала анықтау» бойынша, «Геоскан» мен NASA ғалымдарымен «Агроөнеркәсіп кешеніндегі тәуекелдердің ортақ жүйесін құру» жобалары жүзеге асуда.
Соңғы есеп бойынша ауыл шаруашылығындағы кадр тапшылығы негізінен ғалым-агроном, ветеринар-дәрігер, зооинженер, ауыл шаруашылық өндірістің инженер-механигі, ауыл шаруашылық өнімін қайта өңдеуші инженер-технолог, экономист, бухгалтер мамандықтары бойынша сезілуде. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша АӨК субъектілерінің шамамен 80%-ы мамандарға деген қажеттілікті бастан кешіп отыр. 13 мыңнан астам заңды тұлғалар – ауыл шаруашылық тауарөндірушілермен, басшылық құрамында қызмет атқаратын мамандардың 12%-ның ғана аграрлық бейінді жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар.
Мамандарды сапалы дайындау үшін ескі көзқарастан заманауи үлгіге көшуіміз қажет. Ол мамандар бойында инновациялық бағдарланған кәсіпқойлық, кәсіби дағдылар, оның ішінде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталуы тиіс. Болашақ мамандар агробизнесте инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді ұтымды пайдалана білуі қажет. Бұл мақсатта университетте дайындалатын барлық мамандықтарға агробизнесті ұйымдастыру, кәсіпкерлік қызметті басқару, жобаларды басқару және т.б. пәндер енгізілген.
Жоғары оқу орнында агробизнесті стратегиялық зерттеу орталығы құрылған, онда студенттер екінші курстан бастап, агроқұрылымдарда нақты деректер негізінде бизнес-жоспарлар (жобалар) әзірлеуді үйренеді. Әзірленген бизнес-жоспар олардың диплом жұмыстарына (жобаларына) жеке бөлім болып енгізіледі. Осылайша бизнес-жоба пайда болады. Білім алушылар нақты экономиканың мәселелерін шешуге ықпал етеді және нәтижелер тиімді болған жағдайда түлектердің одан кейін жұмысқа орналасуында қиындықтар туындамайды.
Бүгінгі күнде республика көлемінде іске асырылып жатқан «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасына аграрлық саладан тек бір ғана – «Ветеринариялық медицина» мамандығы қосылған. Университет басшылығының және еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысымен аталған бағдарламаға аграрлық сала бойынша тағы да қосымша үш мамандықты қосуға биыл ғана қол жеткізілді. Ендігі кезекте жас агрономдар, балық шаруашылығы және мал шаруашылығы мамандары қосымша қаржылық қолдау мен қажетті әлеуметтік көмекке ие болып, төменгі пайызбен тиісті көлемде несие алу мәселесі шешілуде.
Университет мал және өсімдік шаруашылығы, қайта өңдеу, сақтау және т.б. әртүрлі салалар бойынша маманданған алдыңғы қатарлы ірі кәсіпорындармен барлық білім алушы жастардың өндірісте тәжірибе алуына үшжақты келісім-шарттарға отырған. Университеттің бастамасымен Қазақстанның барлық өңірлерінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік дамып келеді. Мысалы, Алматы, Ақтөбе, Шығыс-Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарында пилоттық аудандар анықталған. Әрбір аудандағы ірі агроқұрылымдарда, қайта өңдеу кәсіпорындарында, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында экономиканың аграрлық секторы үшін мамандар дайындаудың барлық бағыттары бойынша пилот алдына дейінгі, пилоталды, пилоттық 3-5 оқу-ғылыми-өндірістік орталықтар ашылды. Барлығы 500 пилоттық шаруашылық бар. Бұл орталықтарда білім алушылар 7 айға дейін мерзімде практиканың барлық түрін өте алады.
Ауылдық жерлерде, әсіресе, аграрлық секторда қызмет ететін білікті жас мамандарды тарту мақсатында бірінші кезекте ұсақ шаруашылықтардың кооперацияға бірігуі мен ғылым, білім, өндіріс интеграциясын қарқынды түрде жүргізу қажет. Бұл мәселе жөнінде де Елбасы облыс, аудан көлемінде ғана емес шағын ауылдық жерлерде де «бәсекеге қабілетті, мықты кооперативтер» құру қажеттігін атап өткен болатын.
Ауылға жас мамандардың тартылмауының тағы бір себебі – кейінгі жылдары аграрлық мамандықтарда оқитын қыз балалардың көптігі. Мысалы, біздің университетімізде бакалавриатта білім алатындардың жалпы санына шаққанда 60% – қыздар. Жекелеген мамандықтар бойынша оқитын қыз балалардың үлес салмағы: «Жеміс-көкөніс шаруашылығы» бойынша – 88%, «Топырақтану және агрохимия» – 86%, «Өсімдік қорғау және карантин» – 83%, «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» – 77%, «Ветеринариялық санитария» – 70% және «Ветеринариялық медицина» – 61%.
Ер балалардың басым бөлігі 9 сыныптан кейін колледжге түсіп, біраз бөлігі әскер қатарына шақырылып, жоғары білімді кейінге қалдырады. Алайда, әскерден келіп, оқуға тапсыратындар басқалармен қатар ҰБТ тапсырып, көп жағдайда төмен балдық көрсеткішпен оқуға қабылданбай қалады. Сондықтан, әскер қатарынан оралып, аграрлық сала бойынша оқуға тапсыратын талапкерлерге бірқатар жеңілдіктер қарастырылуы тиіс деп есептеймін. Мысалы, осы санаттағы талапкерлер қажетті өту балын алған жағдайда оқуға конкурссыз қабылдануы тиіс. Ал, колледж бітірген балалар ақылы оқуға түсемін деген жағдайда оларды әңгімелесу арқылы қабылдаған дұрыс. Осы мәселелерді шеше отырып, біз ауылдан келген ер балалардың аграрлық саладағы үлес салмағын арттыруға мүмкіндіктер туғызар едік.
Бүгінде Ұлттық зерттеу университетіне трансформацияланып жатқан оқу орнымыздың 28 кафедрасында 800-дей жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді.Соңғы жылдары 200-ге жуық жас ғалым әлемнің озық оқу орындарында тәжірибе жинақтап, оқытушы-профессорлар құрамын толықтырды. Университеттің 6 факультетінде 27 ұлттың 10 мыңға жуық өкілі білім алуда. Жыл сайын магистранттар мен докторанттар QS рейтингіне кіретін шетелдік жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық бойынша тағылымдамадан өтеді.
Біздің университетімізде 90 пайыздан астам ауыл балалары оқиды. Ауылдан шыққан жастар білім алатын университет түлектерінің басым бөлігі бүгінде ауыл зиялыларының қатарын қалыптастыруға негіз бола жүріп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбекке араласып, елге қызмет етуде. Қазақ халқының алтын тамыры – атамекен ауыл екенін әрбір қазақстандық жас жете түсінетін уақыт келді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ауылды көркейту бір ғана ынтамен шешілмейді, осы салада жұмыс істейтін әрбір адамнан ғылым жетістіктерін, оны өндірісте пайдалану тәжірибесін игеруді талап етеді.
Ауылға өзгеріс пен жаңалықты әкелетін озық білім мен инновациялық ғылым. Біздің мақсатымыз – ауыл-ауылдардан келген жастарымызға тиісті білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қастерлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын, кәсіби білікті, руханияты кемел тұлға ретінде қалыптастыру.

Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,
ҚР ҰҒА академигі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button