Аграрлық секторға басымдық беріледі

Ауыл шаруашылығының бүгіні мен дамуы туралы кеңес кеше облыс орталығында өтті. Дәлірек айтқанда, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек САПАРОВ облысқа жұмыс сапарында тауар өндірушілермен кездесіп, аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен өткен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі кеңеске қатысты.

Аймақ басшысы агроөнеркәсіп кешенінде бірқатар жоспарлардың орындалғанын атады. Алайда, сонымен бірге, шешімін күткен мәселелердің де бар екенін жасырмады.

– Аймақта агроөнеркәсіп кешенінде біршама жоспарлар жүзеге асырылды. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де көп. Ауыл шаруашылығының алдында нақты міндеттер тұр, – деді облыс әкімі. Облыстың ЖІӨ-дегі үлестің 36 пайызын иемденген агрокешенді ілгерілетудің өзектілігіне тоқталды. Облыс жұртшылығының 20 пайызы тұратын ауылдық елді мекендердің ауыл шаруашылығындағы әлеуетін еске салды.

Сөз кезегінде вице-министр еліміздегі мал және өсімдік, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы жетістіктерді баяндады. Сонымен қатар, еңбек өнімділігі мен тиімділігін арттыру жөніндегі Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмалары негізіндегі 2020 жылға арналған жоспарға, міндеттерге толығырақ тоқталды.

 Етті мал шаруашылығы бағдарламасының негізгі екпіні фермерлік шаруашылықтарды құруға бағытталғанын, ал егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысы «экспортқа бағытталған дақылдарды» өсіру бойынша жүзеге асырылатынын атап өтті.

Сондай-ақ, министрлік суармалы жерлердің алқаптарын кеңейтуге, тауарлы сүт фермаларын құру және дамытуға, Қытай нарығына арналған шошқа етін өндіруге, ауыл шаруашылығы техника паркін жедел жаңартуға, жеміс-көкөніс, ірімшік, сүзбе және құс еті бойынша импортқа тәуелділікті төмендетуге басымдық беріп отыр.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, агроөнеркәсіпті дамытудың жаңартылған бағдарламасын іске асыру нәтижелі болған. Мысалы, 2019 жылы 82 мыңнан астам сиыр және 374,4 мың саулық сатып алынған. Нәтижесінде ірі қарамен айналысатын 840 жаңа кәсіпорын және мыңнан астам қой шаруашылығы құрылды. Бұл 2018 жылға қарағанда орта есеппен екі есеге артық.

– Импортты алмастыру мақсатында сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2019 жылы жалпы саны 7,5 мың басты құрайтын 30 тауарлы сүт фермасы (оның ішінде 8 өнеркәсіптік) қаржыландырылып, іске қосылды. Салалық бағдарламада белгіленген көрсеткішке қол жеткізу үшін 2020 жылы тағы 25 өнеркәсіптік және 30 отбасылық тауарлы сүтті ферманы құру қажет, – деді Айдарбек Сапаров.

Өсімдік шаруашылығын дамыту және осы жылғы егістік науқаны да назардан тыс қалмады.

Жария етілген деректерге сүйенсек, 2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 22,5 млн. гектар алқапқа егіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 240 мың гектарға артық. Егін науқанына шамамен 387 мың тонна дизель отыны бөлінген. Елімізде көкөніс, бақша, картоп, майлы және азықтық дақылдар алаңы ұлғайтылып, дәнді дақылдар алаңы азаяды.

Бірінші вице-министр кеңес барысында тыңайтқыштарды қолдану мәселесінің өзектілігін ерекше атады. Республикада тыңайтқышты қолдану көлемі төмен деңгейде, нақтырақ айтсақ, қажеттіліктің тек 15%-ы аясында екен.

«2019 жылы 2018 жылға қарағанда тыңайтқыш аз сатып алынған. Тыңайтқыштарды қолдану қарқынының төмендеуінің негізгі себебі, әсіресе, оңтүстік өңірлерде агрохимиялық картограммалардың болмауы болды. Келесі жылдан бастап субсидия алу үшін агрохимиялық картограмма міндетті түрде болу керектігін еске салғым келеді», – деді бірінші вице-министр.

Мемлекет аграрлық секторды дамытуға елеулі қолдау көрсетіп, өндіріс көлемінің ұлғаюын, өндірілетін өнімнің өнімділігі мен сапасын арттыруды, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығын барынша арттыруды көздейді.

Мысалы, 2019 жылы 1,6 трлн. теңгеге азық-түлік өнімдері өндірілді. Оның ішінде өсімдік майы, ұннан жасалған кондитерлік және макарон өнімдерінің көлемі өскені байқалады. Бұл ретте ұн, жеміс-көкөніс консервілері мен шырыны, жарма және қантты кондитерлік өнім және қант өндіру көлемі төмендеген. Осыған байланысты жеке өңделген өнім көлемін арттыру жөнінде шаралар қабылданбақ.

Ал, сөз кезегінде аймақтың аграршылары өз салаларындағы проблемаларды жария етті. Шешімін табуы тиіс мәселелерге тоқталды. Ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Облыс әкімдігінде өткен мәжілістен кейін вице-министр облыстағы ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтсақ, ол салынып жатқан «Global City» көліктік-логистикалық кешенінде болып, онда ауыл шаруашылығы тауарларын сақтау және көтерме-бөлшек саудаға арналған қоймалар мен сауда павильондарын аралады. Сондай-ақ, ірі қара мал өсірумен айналысатын «Жәке» шаруа қожалығында және «Нәтиже» сүт фабрикасында болды.

Қызғалдақ АЙТЖАН