Жаңалықтар

Аграрлар экономика драйверіне айналады

Ауыл шаруашылығы бағытындағы субсидиялардың саны азайды. Бұрын ұзынырғасы 54-ті құраған субсидия қазіргі таңда 30-дың шамасында. Алдағы жылдары, тіпті, санаулы ғана қалады. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау түбегейлі өзгереді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ ШӨКЕЕВ облыстың тауар өндірушілерімен өткен селекторлық кеңесте айтты.

Субсидиялаудың мұндай өзгеріске түсуі ауыл шаруашылығымен айналысушы шаруагерді сол субсидия алу бағытында еңбектенуіне ықпал етпекші. Өйткені, агроөнеркәсіп кешеніне оны дамыта отырып, экспортқа негізделген тауар өндіру секілді әлеуметтік-экономикалық маңызы зор міндеттер жүктелген.

– Біз облысқа арнайы келіп, шаруашылықтардың жағдайымен танысудамыз. Өздеріңіз білесіздер, жақында ғана жарияланған Елбасы Жолдауында аграрлық өнеркәсіпке зор мән берілді. Нақты талаптар, мақсаттар қойылды. Соның ішінде, ең бастысы, біз осы бес жыл ішінде еңбек өнімділігін екі жарым есеге арттыруға тиіспіз. Оңай шаруа емес. Мақсатқа жетуде шұғыл және қарымды шаралар атқаруымыз керек. Бұл үшін арнайы бағдарлама да қабылданды, – деді министр.

Елбасы Жолдауында аграрлықөнеркәсіп кешенінде және өңделген ауыл шаруашылығы экспортын бес жылда кемінде екі жарым есеге арттыруды басым бағыттың бірі ретінде айқындап берді. Ал, мұндай межеден көрінуде ескі әдістер мен тәсілдер тиімсіз. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық әдіс-тәсілдерді, бағдарламаларды қайта қарастырыпты. Сөйтіп, шаралар қабылдаған екен. Ол шаралар бүгінде жүзеге асуда. Министрдің облысқа келуінің бір мақсаты да – осы, яғни, қабылданған шаралардың аймақта қалай жүзеге асуын көзбен көру.

Өз сөзінде, вице-премьер азықтүліктің әлемде өзекті мәселеге айналып отырғанына назар аударды. Ал, Қазақстанда азық-түлік өндірудің мол қоры бары және анық. Ол үшін жер аумағы, жайылымы, шабындық, су ресурстары, барлығы ауыл шаруашылығының экономика драйвері болатын қуатын көрсетеді.

– Бірақ, осылай, бұрынғы қалыпта отыра берсек, ауыл шаруашылығы драйверге айнала алмайды. Ол үшін жаңаша қадам қажет. Бұған ғылымды тарту керек. Саланы қаржылық тартымды етуге тиіспіз. Нарықты ашу қажет. Сол себепті біздің мемлекеттік бағдарлама екі бөлімнен тұрады. Бірінші – жүйелілік бөлімі. Яғни, біздің саланы қаржы, несие ұйымдары, институттары, инвесторлар үшін қалай тартымды ету қажеттігін қамтиды. Бұл – ең маңызды мәселе, – дейді Өмірзақ Естайұлы.

Министрлік таратқан мәліметтерге сүйенсек, етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін отандық компаниялардың шетелге шығарған өнімінің артқандығы дәлелдейді. Мысалы, жыл басынан бері 10,5 мың тонна сиыр еті экспортталыпты, 46,5 мың сиыр сатып алу қаржыландырылған. Бордақылау алаңдарына 42 мыңнан астам бұқалар тапсырылды. Етті мал шаруашылығының 2018 жылғы көрсеткіші 15 мың тоннаны құрапты.

Кездесу барысында министр қарағандылықтарды «зәкірлік» кооперацияларды дамытуға шақырды. Ал, өз кезегінде, фермерлер көкейлеріндегі сауалдарын жолдады. Шаруаларды алаңдатқан жайттардың қатарында жер құнарлылығын зерттейтін зертхана салу, субсидиялау ісі, Қарағанды мен Павлодар аймағында қант зауытын тұрғызу, Топар жылыжайының жағдайы сынды мәселелер бар.

Ал, Қарағанды облысына іссапары аясында вице-премьер «Жәке» бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Онда Өзбекстанға бордақыланған малдың алғашқы легі жөнелтілді. Өзбекстандық шаруашылықтар Қазақстаннан бордақыланған мал алудың тиімділігін атап отыр.

Сонымен бірге, вице-премьер аймағымыздың бірқатар агроөнеркәсіп кешендерін аралап шықты. Ол маргарин өнімдерін шет елге экспорттайтын «Eurasian Foods» АҚ зауытында болды. «Eurasian Foods» АҚ маргариндер, майлар және сары май өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпорын жыл сайын 54 мың тоннадан астам өнімдер өндіреді. Қоюланған сүт өндірісі бойынша цехтың құрылысын инвестициялауда. Өнім Ресей Федерациясына, Қырғызстан Республикасына, сондай-ақ, Тәжікстанға, Өзбекстан мен Түркіменстанға экспортталады.

«Агрофирма Құрма» ЖШС құс фабрикасында Өмірзақ Шөкеевке қалдықтардан жылу және электр қуа тын шығаратын биогаздық құрылғы көрсетілді. Құс фабрикасы кәсіпорыны жыл сайын облыстық нарыққа 260 млн. дана жұмыртқаны шығарады және сатады. Осы жылы кәсіпорынға биоқалдықтарды қайта өңдеу арқылы энергияны үнемдейтін швейцариялық қондырығы пайдалануға берілді. 571 млн. теңгеден астам инвестиция салынды. Бұдан бөлек, министр «Альфарух» ЖШС көтерме-тарату логистикалық орталығының салынып жатқан ғимаратын көрді. Министр бұл нысанның көңілінен шыққанын жеткізді.

– Мен көріп, қуанып отырмын. Бұл – еліміздегі алғашқы көтерме-тарату логистикалық орталығы және түбегейлі жаңа принцип: қойма да емес, биржа немесе базар да емес. Мұндай нысандарды бұрыннан бері барлық облыстарда құру керек болатын. Бірақ, алғашқы болып қарағандылықтар іске қоспақшы. Біз бұл жобаны барынша қолдаймыз. Басқаларға да ол қалай жұмыс істейтінін көрсету қажет, – деді вице-премьер. Министр нысанның басты артықшылығы – халық үшін азық-түлік бағасын төмендету мүмкіндігінде екенін атап өтті. Қарағандыдағы көтерме-тарату логистикалық орталығының бірінші кезегін іске қосу 2018 жылдың соңына жоспарлануда. Құны 10 млрд. теңгеден асатын жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының қолдауын иеленген.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button