Агенттік қызметі алға басуда

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың төрағалығымен 2018 жылдың 1 тоқсанында атқарылған жұмыстар бойынша кеңейтілген алқа отырысы өткізілді. Алқа отырысында төраға атқарылған жұмыстардың жай-күйі бойынша қол жеткізген жетістіктер мен алдағы жоспарланған ісшараларға тоқталып өтті.

 

Еліміздің таяу болашақтағы мемлекеттік басқару қызметінің негізгі бағыттарын белгілейтін кең толғамды стратегиялық құжат – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында берілген тапсырмаларды жүзеге асыруда агенттік көптеген жұмыстар атқаруда. Елбасының биылғы Жолдауында факторлықбалдық шкалаға негізделген жаңа еңбекақы жүйесін енгізу мәселелері қарастырылған. Бұл жүйені дайындау, енгізу мәселелерімен агенттік «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау аясында 2015 жылдан бастап шұғылданып келеді.

Мемлекеттік қызметшілерді одан әрі кәсібилендіру мен ынталандыру мақсатында бұл жаңа жүйе пилоттық негізде бірқатар мемлекеттік мекемелерде енгізіліп отыр. Бүгінгі таңда олардағы мемлекеттік қызметшілер бұрынғымен салыстырғанда орташа есеппен 2 есе артық жалақы алып отыр. Сонымен қатар, кадр жылжыуы екі есеге төмендеп, бір бос орынға жарияланған конкурстарға қатысушылар 3 есеге өскендігі байқалады.

Агенттіктің Қарағанды облысы бойынша департаментінде де өткен жылдармен салыстырғанда конкурсқа қатысушылардың өсу қарқынын байқауға болады. Өткен жылы 11 төменгі бос лауазымдарға 66 адам қатысуға өтініш білдірсе, биыл 3 конкурс бойынша 10 бос лауазымға жалпы алғанда 110 үміткер өтініш білдірген. Мұндай жағдай мемлекеттік қызметке деген қызығушылықтың едәуір артқандығын көрсетіп, мемлекеттік қызмет имиджін көтеруге едәуір ықпал етеді.

Өз кезегінде, агенттік бос лауазымдар есебінен қызметшілердің штаттық санын оңтайландыру мақсатында орталық аппараты 30%-ға, аумақтық бөлімшелерді 20%-ға оңтайландыруда. Қолданған шаралар орталық деңгейде қызметшілер жалақысын қосымша 60%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берсе, аумақтық бөлімшелерде 10%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беруде. Айта кететін жайт, агенттікте жүргізілген оңтайландыру үрдісіне қарамастан, жұмыс қарқыны төмендеген жоқ. Керісінше, экономикалық тұрғыдан алып қарағанда тиімдірек болды. Ендігі кезекте, әрбір қызметші қысқа мерзімде нақты нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылатын болады. Мұндай ауқымды іс-шаралар еліміздің дамыған 30 елдің қатарына кіруіне жол ашып, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырады деп сенеміз. Кәсіби мемлекеттік аппарат – кәсіби мемлекеттік қызметшілерден тұрады. Демек, бос лауазымдар есебінен қызметшілердің штаттық санын оңтайландыру үрдісі арқылы біз мемлекеттік қызметшілердің жалақысын ұлғайтуға мүмкіндік аламыз. Жоғары ынталанған мемлекеттік қызметші, өзінің бар біліктілігі мен білімін өз қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылып, өзінің атқарып отырған қызметін бағалап, әрқашан өзінің кәсіби білімі мен дағдыларын дамытуға талпыныс жасайтын болады.

Агенттіктің мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мен оңтайландырудан өзге келесі бір стратегиялық маңызды бағыты «тұрмыстық жемқорлықты» жоюдың бірден бір алғышарты – халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жақсарту, оның ішінде, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру болып табылады.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру еліміздің одан әрі өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатының артуына, сыбайлас жемқорлық көріністері мен бюрократтық тосқауылдардың азаюына негіз болады.

Үкіметпен бірлесе жүргізілген белсенді жұмыстың нәтижесінде жарты жыл ішінде «электронды үкімет» порталымен ықпалдасу 15%-ға өсіп отыр. Нәтижесінде, бүгінде 78% мемлекеттік қызметтер «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы электронды түрде көрсетіледі. Бұл дегеніміз, «тұрмыстық жемқорлықтың» 2,3 пайызға төмендеуіне ықпал жасап отыр.

Бүгінгі таңда «Тұрмыстық жемқорлықпен» күрес жолында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Олардың басты бағыттары – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға азаматтық қоғамды кеңінен тарту, қоғамдық бақылауды күшейту, азаматтардың, отандық кәсіпкерлер мен шетел инвесторларының құқықтарын қорғау.

Осы мақсатта, агенттік «Protecting Business and Investments» жобалық кеңсесінің инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бағдарламасын ұсынды. Бүгіннің өзінде бұл бағдарламаға шетел сарапшылары мен инвесторлары қызығушылық танытып, жоба 750 млрд. теңгеден астам 20 инвест-жобаны қамтуға қол жеткізіп отыр. Еліміздің экономикалық дамуына және жалпы ішкі өнімнің өсуіне айтарлықтай мүмкіндік беретін бұл тәжірибиені агенттік еліміздің барлық аймақтарына енгізуде.

Білім беру саласындағы академиялық әділетсіздік пен жемқорлық – ұлттық қауіпсіздіктің тікелей қатері. Бүгінгі таңда білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою негізгі міндеттердің бірі. Осыған сәйкес агенттік білім беру саласындағы адамдардың барлық санаттарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін арттыру мақсатында «Саналы ұрпақ» жобасын ұсынды. Аталған жоба аясында еліміздің жоғары оқу орындарында агенттік әзірленген сыбайлас жемқорлыққа қаррсы стандарттар енгізілетін болады.

Заманауи технологиялардың дамыған ақпараттану заманында өтініштерді жылдам, кез келген жерден қабылдап, оған жауап беру заман талабына айналуда. Осыған сәйкес әлеуметтік желілерді қолдану арқылы қандайда бір өтініш қалдыру немесе жемқорлық фактілерін хабарлауда мемлекеттік орган мен халық арасындағы көпір қызметін атқаратын «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы жұмыс жасауда.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған қоғам белсенділерінен құрылған арнайы мониторингтік топ құрылған болатын. Ол топ, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің стратегияны орындау бойынша есептерінің тиімділігіне жан-жақты баға беріп, сапасын арттыру бойынша ұсыныстарды тұжырымдайды.

Агенттік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны орындауда біршама іс-шаралар атқаруда. Әрине, мұның бәрі өз нәтижесін беруде. Мысалы, 2018 жылғы 22 ақпанда «Транспаренси Интернешнл» халықаралық рейтингтік агенттігі 2017 жылғы Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексін ресми түрде жариялады. Оған сәйкес, еліміз 31 ұпай жинап, әлемнің 180 елінің арасында 122 орынды иеленді. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 9 позицияға жоғарылағандығымызды көрсетеді.

Сонымен қатар, Қазақстанның 31 ұпайға қол жеткізуі, рейтингке алғаш қатысқан сәттен бастап, ең жоғары көрсеткіші екенін атап өту қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімді жүзеге асырылуының бірден бір дәлелі осы деп білемін.

Жалпы бүгінгі таңда агенттік мемлекеттік қызмет жүйесін сапалық биік деңгейге көтеру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Кәсіби мемлекеттік аппарат құру жолында мемлекеттік кадр саясатын қалыптастыру, халықтың мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлық көріністерін түбегейлі жою бағыттарындағы жұмыстар жалғаса бермек.

Жандос СӘРСЕНОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.