Жаңалықтар

Қадиша ОСПАНОВА: “Партия мүшелеріне талап күшейтілді”

Өткен жылы Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ұйымның жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынып, бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Соның ішінде, партияның сапалық құрамын жақсарту, яғни партия төңірегіне қоғамға сөзі өтімді, белсенді мүшелерді топтастыру, партия фракцияларының жұмысын күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру, жастармен жұмысты жандандыру сияқты бағыттарға тоқталған. Осы жұмыстар өңірлік деңгейде қалай жүзеге асып жатыр? «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Базарбайқызы ОСПАНОВАМЕН болған сұхбатымыз осы мәселелер төңірегінде өрбіді.

Сурет:автордан

– Қадиша Базарбайқызы, Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партияның жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынып, халықпен қарым-қатынаста белсенділік танытуды тапсырғаны белгілі. Осы бағытта өңірлік деңгейде қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Айта кету керек, өткен жыл «Nur Otan» партиясы үшін елеулі оқиғаларға толы жыл болды. Бір жыл ішінде партияның екі съезі өткізіліп, 20 жылдығы аталып өтті. Маусым айында Президент сайлауы өтті. Сонымен қатар, Елбасының қатысуымен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы, Саяси кеңес бюросының үш отырысы, үш партия конференциясы өтті.

Партия Лидерінің жұмысты жандандыру жөніндегі тапсырмасына сай, «Nur Otan» партия мүшелері арасында саралау жұмыстарын жүргізіп, азаматтық қоғам өкілдерінің және ұйым мүшелерінің арасынан қоғамдық пікір көшбасшыларын анықтау арқылы партия электоратының белсенді тобын қалыптастыруды қолға алды. Өз кезегінде бұл жұмыстар өңірлік деңгейде де жалғасын тапты. Осыған орай аймақтық және облыстық филиалдардың спикерлер пулына беделді, есімі елгебелгілі партия мүшелері қосылды. Сонымен бірге, қоғамдық ортада қызмет істей алатын адамдарды партия қатарына тартуға ерекше көңіл бөлінді. Біздің диалогтық алаңдарда мәселелердің талқылануына жағдайлар жасалды, ол мәселелерді шешудің механизмін табу ерекше назарға алынды. Сондай-ақ, қоғам мүддесі үшін партия мүшелеріне қойылатын талап пен бақылау күшейтілді.

– Осы тұрғыдағы тағы бір өзекті мәселе – кадрлық резервті қалыптастыру. Бұл бағытта атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтсеңіз?

– Дұрыс айтасыз, партияны нығайту ісінде кадрлық резерв жасақтаудың алатын орны үлкен. Бұл бағытта соңғы жылдары жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның ішінде нақты біздің өңір туралы айтатын болсам, өткен жылғы 28 қазан мен 16 қараша арасында Абай ауданы бойынша партияның кадрлық резервіне іріктеудің пилоттық жобасы іске асырылды. Көшбасшыларды іріктеу үшін әлемдік тәжірибеде сынақтан өткен механизм – партияішілік праймериз өтті.

Бұл шараны біз екі кезеңде өткіздік. Бірінші кезеңде кадрлық резервке кіруге 62 адам ниет білдірді. Білім, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет пен спорт саласының өкілдерімен бірге, кандидат ретінде кәсіпкерлер, көпбалалы аналар, алыс-жақын шетелдерден көшіп келген қандастарымыз және басқа да белсенді азаматтар тіркелді. Атап айтатын мәселе, іріктеуге нұротандықтар ғана емес, сонымен қатар, партия қатарына өтуге ниетті азаматтар да қатысты.

Іріктеудің екінші кезеңінде 10 күн бойы кандидаттар партия мүшелерімен және тұрғындармен кездесу өткізді. Өз бағдарламаларының тұсаукесерін жасап, жергілікті мәселелерді тыңдап, түсіндіру жұмысын жүргізді. Барлығы 898 іс-шара өтіп, 54 000-нан астам адамды қамтыды. 4 рет әлеуметтік желі арқылы 15 000 тұрғынды қамтыған жария дебат өтті. Бұл жұмыстың мақсаты да – партияның халықпен байланысын нығайту.

Тиімділігі сол, осы шаралардың арқасында елді мекендердегі көптеген өзекті мәселелер анықталды. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануын ұйымдастыру, балалар алаңдарын орнату, баспанамен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, шалғай елді-мекендерді автокөлікпен қамтамасыз ету, осының барлығы сол кездесулерде талқыланды. Одан әрі 62 кандидаттың бәрі іріктеудің екінші кезеңінде әңгімелесу мен тестілеуден өтті. Жалпы, праймериз өткізудің жаңа тәсілі ауданда халықтың түрлі санатының мүддесін қорғайтын, туған жердің тағдырына немқұрайлы қарамайтын жарқын тұлғаларды, қоғамдық пікір көшбасшыларын анықтауға мүмкіндік берді.

– Қазіргі күні сыбайлас жемқорлық дейтін дерттің қоғамды алаңдатып отырғаны жасырын емес. Күрес жүріп жатыр. Бірақ, қазынаның қаржысына қол салу, «бармақ басты, көз қысты» тоқтамай тұр. Біраз жыл бұрын партия Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын әзірледі. Сол құжатта көптеген іс-шаралар межеленіп еді, солардың іске асу қарқыны қалай, жалпы?

– Иә, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті түбегейлі күшейту қажет екенін партия Төрағасы атап айтып, нақты тапсырмалар берді. Осыған сай партияның өңірлік және аумақтық филиалдарында Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамы толық жаңартылды, жұмыс жоспарлары қайта қаралды.

Қазіргі күні партия мүшелері осындай қылмыспен айыпталған жағдайда, әрбір факті партиялық бақылау комиссиясында қаралады және ондай тұлғалар партия қатарынан шығарылады. Нақты мысал келтіретін болсам, жыл басынан бері 3 адам партия қатарынан шығарылып, 2 партия мүшесіне Әдеп Кодексі талаптарын бұзғаны үшін ескерту жасалды.

Қазіргі күні қоғамда тұрмыстық жемқорлық – пара алу, оқу орындарында ақшалай сыйақы алу мәселелері өзекті болып отыр. Осындай келеңсіз жайттарды болдырмау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес «Jas Otan»-ның облыстық филиалымен бірлесіп, жемқорлықты жою мәселелері бойынша орта және жоғары оқу орындарына үнемі мониторинг жүргізіп келеді. Бұған қоса «Сарыарқа – Адалдық алаңы» жобасы жүзеге асырылып отыр. Бұл – магистратураға қабылдауды бақылаудың жаңа форматы. Тарқатып айтар болсам, осы арқылы партияластарымыз бейнекамералар арқылы тестілеу процесін онлайн-режимде қадағалайды. Бұл шара қазірдің өзінде тиімділігін көрсетіп отыр.

Бақылаудың арқасында тестіні ұйымдастырушылардың, сондай-ақ талапкерлердің заң бұзуы, студенттердің смартфон, шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды пайдалану мүмкіндігі айтарлықтай азайды. Біздің филиалдарымыз сыбайлас жемқорлық фактілері туралы жедел ақпарат алу үшін блогты, колл-орталықты және әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланатын болады.

– Саяси кеңес отырысында партия фракцияларын күшейту туралы да айтылды. Осы мәселе бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы қазір жергілікті жердегі партия фракциясының атқарушы билікке қаншалықты ықпалы бар?

 – Саяси кеңестен кейін бізде Бюро мен Фракцияның жұмысын жандандыру бойынша активпен және партияластармен кездесулер өтті. Біз олардың құрамы мен жиындарының күн тәртібін қайта қарадық, неғұрлым маңызды мәселелерді қостық. Депутаттар фракциясы қызметін барынша ашық ұйымдастыру, сайлаушыларға жақын болу, халықпен көбірек кездесу, шалғайдағы ауылдарда көшпелі қабылдаулар өткізу, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақтылы қарау міндеттерін қойдық.

Жалпы, фракция қызметінің маңызды бағыты – бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау. Фракция мүшелері өз жұмысын партияның диалог алаңдарында белсенді түрде ұйымдастыра отырып, анықталған проблемаларды жария талқылау үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламаларды кеңінен қолдануы тиіс. Біздің пікірімізше, алдағы уақытта депутаттыққа ұсынылатын партияластар саяси ой-өрісін кеңейту үшін Саяси менеджмент мектебінде шыңдалып, шешендік өнерін игеріп, халық алдында және түрлі алаңдарда пікірталасқа түсуге, оппозициялық, сыни пікірлерге, жарияланымдарға қатысты дер кезінде және тиімді әрекет етуге дайын болуы тиіс.

– Білуімізше, партия жобалық басқару жұмыстарын жүйелі жолға қойған болатын. Қазіргі күні қандай жобалар іске асып жатыр?

 – Партия жұмысын жандандыру бағдарламасының бесінші бағыты – жобалық басқару қағидаттарын нақты топтардың мүддесіне бағыттау. Яғни, біздің міндетіміз – нақты істер партиясына айналу. Қазіргі күні бұл жұмыс «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Халыққа көмек», «Жастар Отанға» деп аталатын 6 әлеуметтік жобаның аясында жүзеге асып жатыр.

Партия жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңес және аймақтық кеңес, Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-мен бірлесіп балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіруді зерттеді, отбасы мен балалардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін үй-үйді аралап, 68595 азаматпен әңгімелесті. Тұрмысы қиын отбасылардың әлеуметтік картасы жасалды. 11 мыңнан астам отбасыға (11645) немесе 55757 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Облыста көпбалалы отбасылардан шыққан 16 319 бала болса, соның 2 194-і балабақшаға барады. Осы санаттағы балалар үшін тамақтануға 50% жеңілдік ұсынылды. Көпбалалы отбасыларға пәтер кілті табысталды. Партияның аумақтық филиалдары жергілікті атқарушы органдардың, Үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес-құрылымдардың қолдауымен 400-ден астам отбасына азық-түлік себеті, азық-түлік, киім-кешек түрінде материалдық көмек көрсетті. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді. Мүгедек азаматтар үшін қоғамдық көліктің қолжетімділігін, қызмет сапасын анықтау мақсатында партиялық рейдтер жүргізілді. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Қарағанды, Сәтбаев, Теміртау және Жезқазған қалаларындағы зейнеткер азаматтар үшін 4 «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. «Құтты мекен» жобасы аясында өңірлер үшін өте маңызды 45 ірі құрылыс нысанына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Ал, «Халыққа көмек» жобасы бойынша Қарағанды облысында барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерінің базасында 21 бірыңғай әлеуметтік терезе ашылды, мобильдік топтар құрылды. Бүгінгі күні жоба аясында 937 өтініш түсіп, оның 70% астамы «осы жерде және қазір» қағидаты бойынша оң шешімін тапты.

– Жастарды партия төңірегіне топтастыру жұмысы қалай атқарылып жатыр?

 – Бұл да – партия үшін маңызды істің бірі. Өзіңіз білесіз, бүгінде облыс халқының 22%-дан астамын жастар құрайды. Біздің міндетіміз – сол жастарды оқуға, еңбекке, қоғамдық қызметке, белсенді азаматтық ұстанымға ынталандыруға нақты жағдай жасау. Сонымен қатар, олардың мемлекет тарапынан беріліп жатқан игіліктерге қол жеткізуіне де қолдау көрсетуіміз керек. Осы орайда, партия бірқатар іске мұрындық болып отыр. Ағымдағы жылы облыста 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы 5000-нан астам жасты кәсіпкерлік саласы бойынша тегін оқыта отырып, тағы осынша адамды даярлауға әзір екенін мәлімдеді. Колледждерге гранттар берілді, қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды.

 Бүгінде біздің партия ұйымдарындағы партия мүшелерінің 15%-ы жастар. Партия Лидерінің тапсырмасы шеңберінде партиялық кадрлық резерв құрамын жаңарта отырып, осы құрамға белсенді жастарды тартуды жалғастырып келеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Қамбар АХМЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button