Жаңалықтар

Қадірлі қарағандылықтар!

         Ескі мен жаңаны үндестірген Қарағанды шаһарының бүгін атаулы мерекесі. Тарихтың талай сәттеріне куә қаламыз бүгінде тағы бір жасқа есейді. Сіздерді Қарағандының 84 жасқа толуымен шын жүректен құттықтаймыз!

Қойнауы қара алтынға толы шаһар тарихы жер асты қазба байлығын табу мен оны игеру үрдісінен бастау алады. Кен қазынасы өлкенің іргелі елді мекенге айналуына, өндірісінің өркендеп, кеңге қанат жаюына және жұмысшы күштерінің шоғырлануына негіз қалады.

Өлкенің экономикалық қуаты мен әлеуметтік жағдайының қарқын алуы, жаңа құрылыстардың бой көтеруі 1934 жылдың 10 ақпанында жаңа шаһардың – Қарағанды қаласының пайда болуына әкелді.

Бүгінде өнеркәсібі өркендеп, әлеуеті артқан, ғылым мен мәдениеті дамыған, ынтымақ-бірлігі жарасқан жүзден астам ұлт өкілдері мекен ететін тарихи аймақ көпшіліктің көз алдында күн санап көркейіп, құлпырып келеді. Замана талабына сай абаттандырылып, жаңа тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттар бой көтеруде. Бұл шаһарда талай ғылыми еңбектер жазылып, керемет өнер туындылары дүниеге келген. Небір жарқын идеялар мен алаулы армандарға дем берген құнарлы мекен.

Қаламыздың қай жетістігін алып қарасақ та, түп тамырында әр қарағандылықтың ерен еңбегі, жанашырлығы, дамуға бағытталған ұмтылысы бар. Соғыс және еңбек ардагерлерінің, қаланың Құрметті азаматтарының адал еңбегімен, жоғары кәсібилігімен туған өлкесінің өсіп-өркендеуіне жасаған игі ісінің орны бір бөлек.

Қарағанды шаһары – барша әлемге танымал. Себебі, бұл жердің қасиетті топырағы аты жер-жаһанға мәшһүр бірқатар тұлғаның бағын ашты. Қарағанды облысында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біліммен сусындаған. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ғарышкері Тоқтар Әубәкіров те осы өңірдің тумасы. Бұл қатарды бокс жұлдыздары Серік Сәпиев пен Геннадий Головкин, хоккей ойыншысы Константин Барулин жалғастырады.

Қала келбетінің құлпырып, кенді шаһардың дәулетіне сәулетінің сай болуы мақсатындағы еңбектеріңіз табысты болсын. Қол жеткізген жетістіктерімізді сақтай біліп, оны еселей түсуге барлығымыз бір кісідей атсалысайық, ағайын!

Қадірлі жерлестер!

Орталық Қазақстанның Сарыарқа атырабында орналасқан келешегі кемел қазыналы Қарағандының, сүйікті қаламыздың туған күнімен жерлестерімізді құттықтай келе, әрбір отбасына шаттық, құт-береке тілейміз. Шаһарымыз күннен-күнге дами берсін, өркендей берсін, өрлей берсін! Қарағандымыз жасай берсін!

Н.Әубәкіров,

Қарағанды қаласының әкімі.

Қ.Бексұлтанов,

қалалық мәслихаттың хатшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button