Қадір түнін қалай өткізу керек?

 1.   Дайындық.   Қадір түні –  аса қасиетті әрі қадірлі түн. Сондықтан бұл мерекеге алдын-ала мынадай дайындықтар жасағанымыз жөн:

– Рамазан айында бастаған Құранды аяқтап, хатым еткен дұрыс.
–       Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дүниеде ризық-несібесінің мол болуын, өмірінің ұзақ болуын қалаған адам туысымен тату болсын» және «Туысынан қол үзген адам жәннатқа лайық емес» -деген. Сондықтан ренжіскен кісілер болса тезірек татуласу –  Қадір түніне дайындықтың бірі.
–      Қадір түні ерекше түн болғандықтан рухани  және сырттай дайындалған жөн. Рухани дайындық – ниеттеніп Алладан іштей жақсы дұға тілеу болса, сырттай дайындық  –  дәрет алып, Құран оқу т.с.с. болмақ.

2.     Ұйқысыз өткізу.
Бір хадисте: «Кім Қадір түнін шын иман және ықыласпен ұйқысыз өткізсе, оның бұрын-соңды істеген күнәлары кешіріледі»,— делінген.

3.     Намаз оқу.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде кім Қадір түні бір сағат немесе қойшы қойдың қарнын тойдырғанындай шамада намаз оқыса, Алла тағалаға жыл бойы ораза ұстағанынан артық болады» -деген.

4.     Құран оқу.
Тағы бір хадисінде: «Қадір түні Құраннан бір аят оқу басқа кезде Құранды толық хатым етіп оқығаннан жақсы» -деген.

5.     Тәубе ету.
Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с.) Әнас (р.а) жеткізген мына бір хадисінде: «Адам баласының әрбірі қателеседі, олардың ішіндегі ең жақсысы – тәубе еткендері» делінген.

Тәубе ету дұғасы: «Әстағфирруллаһ әл азийма уә әтуубү иләйк».

6.     Дұға ету.
Осы түні Құраннан, хадистен келген және өз тілектеріңізді көп-көп қайталап, табанды түрде Алладан тілеңіз. 

Қадір түні дұғасы: «Аллаһума иннәкә афуун тухиббул афуа фаъфу аннии». «Алла тағалам! Сөзсіз, Сен кешірімдісің. Кешіргенді жақсы көресің. Мені де кешіре гөр!».

7.     Тәсбих және салауат  айту.
Мыс: «Субханаллаһ»  (Алла пәк), «Әлхамдулиллаһ» (Аллаға мадақ), «Лә иләһә илләллаһ» (Алладан басқа Тәңір жоқ), «Аллаһу әкбар» (Алла ұлы).

Салауат: » Аллаһүммә салли уә саллим уә бәрик аләә сәйидинә Мухаммадин уә аләә али сәйидинә Мухаммад».

8.     Садақа беру.
«Дүниелеріңді зекетпен қорғаңдар, науқастарыңды садақа берумен емдеңдер, бәле-жала толқынын дұға тілекпен тойтарыңдар» (Ибн Масғұд (р.ғ.) жеткізген хадис).

Міне, осы аталған ізгі амалдарды орындап Жаратушымыз Қадір түнінде сауапқа кенелуімізді жазсын!

Дереккөз: mazhab.kz 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.