Руханият

Қадір түні – тағдыр түні

11 маусым күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы ОРАЗ хазіретінің атынан барлық өңір мешіттерінде ауызашар берілді. Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің үлкен асханасында да көрініс тапты. 

Берекелі кешке аймағымыздың зиялы өкілдері, қаламгерлер, спортшылар, бұқаралық ақпарат өкілдері,  ұстаздар, дәрігерлер және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы мүшелері қатысты. 

Дәм барысында асқа құран оқылып, ел ағалары сөз сөйлеп берекелі ораза айымен, келіп жеткен қасиетті Қадір түнімен құттықтады.
Атап айтсақ, облыстың өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа Бас мүфтидің
сәлемін жамағатқа жеткізіп алғысөз айтты. Еңбек ардагері Жарылқасын
Бикенов ағамыз бата беріп, елдің тыныштығын тілеп, діни әңгіме өрбітті. Ақын Руслан Нұрбай ‘’Ауызашар’  өлеңімен оның қасиетін дүйім жұрттың жүрегіне ұялатты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асан өткенге шолу жасап, қазіргі мешіттегі халық санының артуы, ол имандығымыздың, игілігіміздің нышаны деп қорытындылады.
Кеншілер мәдениет сарайының басшысы Жаролла Ақышев Абай өлеңінен мысал келтіріп, осынау игі шараның жалғасын табуына тілектес болды. Осындай ел ағаларының сөзінен соң, мешіттің наиб имамы Марғұлан Әбілов берекелі кешті құран үнімен нұрландырды.
Ауызашар соңы қасиетті Қадір түніне ұласты. Құдайына қол жайған халық қарасы қалың. Тарауық намазынан бұрын, мешіт имамы Өмірзақ қажы Бекқожа Қадір түніне келген жамағатқа Қадір түнінің қасиеті жайлы шағын ақпарат беріп, құттықтау сөзін сөйледі. Қадір түні барысында мешіт ұстаздары уағыз-насихат жүргізіп халықтың діни сауатын ашты. Мешіт ұжымы халыққа діни сұрақ-жауап арқылы ойын ұйымдастырды және сыйлықтар тарту етілді. Мешіт асханасында Қадір түнін күтушілерге сәресі берілді. Құран оқылды. Дұға тіленді. Сөйтіп, ауызашар – Қадір түніне, Қадір түні – мерейлі мерекеге ұласты.

 Айта кеткен жөн, мешіт алдында 15 маусым күні сағат  06.00-де Айт намазы оқылып, ас берілмек. Қазақтың ұлттық ойындары ( күрес, қолкүрес, теңге ілу, т.б ) көрініс таппақ, бұйырса!

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button