Тұлға

Қадекеңнің қадірі

Бұл кісінің шын есімі – Әбілқадыр. Жалпақ жұрт Қадыр атап кетті. Өзін елмен етене ұстап, алдына келгеннің бұйымтайын шешіп беріп жүретін қарапайым қалпын қадірлегені шығар, жаңаарқалықтардың үлкен-кішісі осы Қадекеңді төңіректеп жүргені.

…Асқаралы 60 жасқа толғанына 3-4 күн ғана өтті. Мерейтойымен құттықтап, аз-кем сұхбаттасып шығуға аялдағанбыз. Жаңаарқа аудандық Әділет басқармасының қабылдау бөлмесі. Иін тірескен халық. Әлгінде басшының қабылдау кестесін көзіміз шалған. Негізі, бүгін қабылдау күні емес. Бірақ, Қадекең қабылдап жатыр. Басшы кабинетінен шыққан ақ жаулықты кейуана қолындағы құжаттарын өзімен бірге еріп келген балаға (немересі болу керек) ұстатып жатып:

– Баяғыда айттым сендерге. Осы құжаттарды Қадырға көрсетіңдер деп. Тыңдамайсыңдар. Айналайын, Қадыр! Бала-шағасының қызығын көрсін! Айдаладағы басқа мекеменің жасайтын жұмысы болса да, шешіп берді. Көсегең көгергір! – деп, самбырлай сөйлеп дәлізге шықты.

Міне, біздің Қадекең – осындай жан. Шалғай ауыл тұрғындарын кестеден тыс қабылдап, келген шаруасын тас қылып беріп жатады. Алғыстан басқа алары жоқ. Мәртебесі батамен биіктеп, көсегесі алғыспен көгеріп келеді. Өзі – Ақтоғайдың тумасы. Бірақ, Жаңаарқаның үлкендері «біздің Қадыр», жастары «біздің Қадекең» деп, өз ұлдарынан кем көрмейді. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы шығар, бәлкім…

Қашанда қарашыл тұлпардай халықтың ортасында жүретін Әбілқадыр Әбдіразақовтың боямасыз болмысын сан қырынан сөз етіп, кісілік келбетін келісті әңгімелеуге әбден болады.

Біріншіден, ол – арын кірлетпеген, бағын құрметтеген абзал азамат. Заң саласында лауазымды қызметтер атқарды. Қалалық, аудандық прокуратураларда аға тергеуші, аудан прокурорының орынбасары, прокурор, облыстық прокуратурада басқарма прокуроры, облыстық адвокаттар коллегиясының мүшесі… Осының барлығын адал атқарды. Білесіздер, дүниеге жақын басшы пара алып, немесе заңды белден басып ұсталмаса да, соңынан «ол ақшасыз ештеңе шешпейді» деген сөз ереді ғой. Ал, біздің Қадекең алғыс ретінде ұсынғанды да алмайды екен. Әлгінде тізбелеп шыққан лауазымдардың барлығы – бір азаматтың тақиясына тар келмейтін бақ. Қадекең сол бақты қадірледі. Қарапайым халықтың тағдырына ақшаны өлшем қылған жоқ. Сол үшін де халқына қадірлі болды.

Екіншіден, ол – білікті заңгер. Жаңаарқа ауданы әкімдігінің жанынан құрылған түрлі бағыттағы 9 комиссия бар. Әбілқадыр Қаураұлы – сол 9 комиссияның жетеуіне мүше. Комиссия жұмысының заңдық нормалар шегінде жұмыс атқаруын қамтамасыз ету – осы Қадыр ағаның еншісінде. Оның сыртында, заңсыздықтың құрбаны болып жүрген ауыл қазағының тегін адвокаты. Кез келген адамға заңды тұрғыдан кеңес беріп, бағыт сілтейді. Тегін. Әлгі әңгіме басында сөз қылған кейуанамыз да сондай шаруасын шешіп бара жатқан болу керек. Қадекеңе келіп, шаруасын мықтап, алғыс жаудырып қайтатын қаймана бір кейуанамен шектелмейді. Толып жатыр. Өзінің зейнетақысы, баланың жәрдемақысы деген мәселеден бастап, үйдің құжаты, жер дауы, мүлікті заңдастыру деген машақаттың барлығы Қадекеңсіз шешіліп көрген емес. Қысқасы, Жаңаарқаның еңкейген қариясынан еңбектеген баласына дейін Қадекеңді қадірлейді.

Үшіншіден, Қадекең – табанды. Мектепте озат оқып, жақсы бітіргеніне қарамай, Ақтоғай ауданы, «Жәмші» совхозында құрылған «Қайнар» комсомол-жастар бригадасында қалып, шопан таяғын ұстады. Негізі, туған ауылы – Қызыларай. Арқадағы ең биік шың Ақсораңда туғандықтан болар, азаматтығы асқақтап жүргені. Әкесі Қаура марқұм соғыс ардагері еді. Соғыстан кейінгі жылдары ел құрметіне бөленіп, бейбіт өмірдің берекесін кіргізген қадірлі азамат. Ақтоғайдың бірнеше шаруашылығында басшылық қызметтер атқарды. Қадыр мектепті «Жәмшіден» бітіріп жүргені – сондықтан. Жоғары оқу орнына Кеңес Әскері қатарындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін ғана түсті. Әке алдынан келіп көрген жоқ. Ана сөзін екі етпеді. Алайда, тұңғыш рет ата-анасының «Балам, қарайып қаласың ғой, оқуға барсаңшы» дегеніне құлақ аспай, еңбекке араласты. Бұғанасы бейнетпен бекіп, майданда құрыштай шыңдалған әкесі мақсатшыл ұлдың жоспарын құп көрді. Анасы ғана уайымдап қалған еді. Еңбек етіп, өмір көріп, азамат ретінде қалыптасып қалған байсалды жігіттің табандылығына сүйсінді ел-жұрт. Ақыры, мақсатына жетіп, 1979 жылы академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне қабылданды.

Қадыр ағаның тағы бір қыры – адалдығы. Қоғамға да, досқа да адал болды. Университетте бірге оқыған достарының осалы жоқ. Бұл курстан 1 академик, 4 ғылым докторы, 2 генерал, бірнеше ғылым кандидаты шыққан екен. Олар – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков, заң ғылымдарының докторы Болат Сыздықов, кезінде Қарағанды облысының прокуроры, ҚР Бас прокуроры, ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы болған Әмірхан Аманбаев, Шығыс Қазақстан облысының қазіргі прокуроры Құсайын Игембаев… Осы достарының басында қандай жағдай болса да, қасында Қадекең жүрді.

…2010 жылдың 1 ақпанынан Жаңаарқа аудандық Әділет басқармасының басшысы лауазымында. Бұған дейін бірыңғай қадағалаушы органда (прокуратурада) қызмет атқарған заңгер үшін халыққа қызмет көрсету саласын басқару қиынға түскен жоқ. Десек те, бұл саланың шаруасы шашыраңқы күйге түсіп, құжаттандыру мәселесі сын көтермейтін жағдайда екен. Тіпті, тірі адамдардың марқұмдар тізіміне ілігіп кеткен жағдайлары да орын алған. ЗАГС-тің архиві көшкен жұртта қалып кеткен. Соның бәрін қалыпқа келтірді. Архивтің электронды нұсқасы жасалды. Бірде Ресейден екі губернатордың алдына келгені бар. Жаңаарқада туып, кейін Ресейге қоныс аударғандар. Зейнет жасына келіп, құжаттарын жинастырып жүр екен. Сонда архивтің электронды нұсқасы бар екенін, алыстан ат арытып келмей ақ, электронды нұсқада сұрау салу арқылы барлық құжаттарды түгендеуге болатынын көрген губернаторлар бір жағынан өкініп, екінші жағынан риза болып аттаныпты.

Қадекеңнің жұмыстың ауырынан қашқан сәті жоқ. Әсіресе, прокуратура саласында жүрген кездерінде небір күрделі жағдайлармен бетпе-бет келгені бар. Сонау 90-шы жылдар естеріңізде болар. Еліміз ауыр дағдарысқа душар болып, ел ішін қарақшылық жайлады. Жол торыған қарақшы, мал торыған барымта елдің есін шығарды. Осы кезеңде Шет ауданында тергеуші, Ақтоғай ауданында прокурор болып істеген Әбілқадыр Әбдіразақовтың қырағылығын әріптестері аңыз қылып айтып жүр.

Қаражал қаласында прокурордың аға көмекшісі болып жүрген кезінде үлкен бір сауапты іске ұйытқы болғаны бар. Бұл қалада қатаң режимдегі түзеу мекемесі болған. Жазасын өтеушілерден шағым да, мерзімінен бұрын босату туралы өтініш те қарша борап жатады. Мұндайда прокуратура тексеріс жасайды. Мерзімінен бұрын босату туралы өтініш берген рецидивистердің қатарында 9 мүгедек бар екен. Солардың ісін қарап, осыларды рақымшылық туралы заң шеңберінде босатып жіберуге тікелей аға прокурор Әбдіразақов ықпал еткен.

…Бүгінде бақытты шаңырақтың отағасы. Асыл жары Рысалды Серікқызы Сәкенова – ұлағатты ұстаз. Ұзақ жыл ұрпақ тәрбиесі саласында қызмет атқарды. Үлкені Жанерке – мемлекеттік қызметте, заңгер. Ұлы Назар – Мәскеу технология институтының түлегі, «Ұлттық Ақпараттық технологиялар» АҚ-да инженер-бағдарламашы болып қызмет атқарып жүр.

– Құқық қорғау органдарында қызмет атқарудан асқан күрделі жұмыс жоқ. Таразының бір басында – заң талабы, екінші басында – адам тағдыры. Бұл ситуациядан заң талабын бұзбай, адам құқын аяқасты етпей, әділ шешім шығаруға тиіссің. Ол қаншалықты мүмкін? Ол үшін тәжірибе мен білім керек, – дейді өзі. Шынымен де солай ғой. Қанша жерден заң талабы шеңберінде шешім қабылдағаныңмен, қайткенде талапкер мен жауапкердің біреуі ол шешіммен келіспейді. Мен де ойланып қалдым. Орта бойлы, бітімі кең пішілген жігіт ағасының байсалды қалпынан осындай сәттерде жол тауып кететін тапқырлықты да, әділдікті де, ізгілікті де айқын аңғарып тұрдым. Құқық қорғау және әділет саласындағы ұзақ жылғы еселі еңбегі де лайықты бағасын алған. «ҚР Әділет органдары жүйесінің Құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері. Омырауында ҚР Прокуратурасының және «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медальдары жарқырайды. Облыстық прокуратураның, Әділет департаментінің, Қарағанды облысы әкімінің және Жаңаарқа ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталған.

…Кабинетінен бірге шықтық. Аулада аз-кем әңгімелесіп, өз көліктерімізге қарай беттедік. Асқаралы алпыстың ауылына асқақ абыроймен келген Қадыр аға маған аяғы бар әділдік сияқты көрінді. Биліктің биік кеңселерінде болмаса да, әділдіктің ел ішінде жүрген көшірмесі. Алшаң басып ақиқаттың ауылына беттеп барады. Біздің Қадекеңнің қадірі – осындай!

Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button