Басты тақырып

Адамзаттың тілеуқоры

               Адамзат атаулының аяулы күні – 8 наурыз. Жер бетіндегі пенде баласы үшін Алладан кейінгі мейірім иесі – аналар мейрамы. Сіз де, біз де, өйткені, бір Алланың қалауымен әуелі әкеміздің белінен анамыздың құрсағына түскенбіз. Сонда тоғыз ай жатып,  кейін ақ сүтін еміп, адам болып жетілдік. Біз қасынан алыстаған сайын уайымы тіптен күшейеді аналардың. «Барлық ақын баласы бір ананың» (Мұқағали) дегендей, бар ананың тілеуі біреу-ақ: «Баламның табанына қадалар шөгір менің маңдайыма келіп кірсе екен» дейді. Алладан кейінгі адамзаттың тілеуқоры – Ана деген сөз, ендеше.

Дүниеде жалғыз-ақ махаббатты атауға болады қазір. Періште жүректің Аллаға іңкәрлігіндей таза махаб­бат – ананың балаға деген махаббаты ғана. Пенделердің арасында одан асқан махаббат жоқ. Мынадай аумалы заманда оныңыз әу бастан солай. Адамдар арасындағы басқа сезімдердің бәрі күмәнді. Дәл солай демесе де, бұл жайында хакім Абайдан асырып айтқан жан жоқ:

«Махаббат, достық қылуға,

Кім де болса, тең емес.

Қазір дайын тұруға

Бес күндік ғашық жөн емес.

Сүйіспек көңілім ойлайды,

Жанның бәрі қатыбас.

Сүйісу тозбай тұрмайды

Еңбекке аз күн татымас», – дейді.

Бала десе, ананың жүрегі жаңа туған сәбидің еңбегіндей солқылдап, елжірейді де тұрады. Абай айтпақшы, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрексіздер» махаббаттың қадіріне жете алмайды. Ал, ананың балаға деген махаббаты – Алланың жаратқан ғаламаты, түйсік танымы. Оған адам ақыл-ойы жете бермейді…

Сол ғазиз жандарды құрметтейтін күн – осы. Жыл он екі айда бір келеді. Аз ба, көп пе, негізі, құрмет күнде көрсетілуі керек. Соның өзін шығу тарихына байланысты сан саққа апарамыз? Анадан тудың екен, қажеті қанша оның? Ақтамберді жыраудың «Арудан асқан жан бар ма?!» дегеніндей, анадан асқан жан жоқ жер бетінде.

Қазақ үйінде ерекше қадірлі екі жан бар. Бірі – қызы, екіншісі – қонағы. Қадым заманнан қалыптасқан дәстүр – бұл. Қыз баланы қонақ деп қадірлеп, төрден орын сайлаған елміз. Ол отырған жерде бейсауат сөйлеу түгілі, дауыс көтермегенбіз. Тақиясына үкі, шашына шолпы, шашбау тағуының бір сыры да сонда. Үкісін алыстан көрген немесе шолпы сылдырын естіген жан үйде бойжетіп қалған қыздың барын бағамдап, оғаш қылық көрсетіп алмауға тырысып, бойын жиып ұстаған. Болашақ ана болатын қыз бала бізде осындай құрмет иесі. Тал бойына кір жуытпай, қастерлеп өсірген қазақ қызын. Бүгінде заман басқа, заң басқа. Соған қарай тәлім-тәрбиеде басқа арнаға ойысқан. Бірақ, қазақ қызының отбасындағы қадірі кеміген жоқ. Қызметтік, қоғамдық орта да солай.

«Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деген жақсы тәмсіл бар жұрт аузында. Ана баласының жақсылығына марқаяды. Ұл-қызының құрметіне мерейленіп, көңілі өсіп, көтеріле береді де, жұмақтың кілті жақсылық иесіне қалады. Құр қалмайық, ендеше!

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button