Бас тақырыпРуханият

“Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…”

Алғыс айту күні – Ұлы Дала төсіне тағдыр тәлкегімен еріксіз қоныс аударған өзге этнос өкілдерінің өздеріне қазақ ұлтының тарапынан көрсетілген қапысыз қамқорлығы мен адамгершілік ұстанымдары үшін риясыз ризашылығын айшықтар айтулы күн. Бұл мереке биыл елімізде төртінші рет тойлануда. Айтулы күнді атап өтудің жаңа дәстүрі Мәңгілік Ел болу жолындағы татулықты, ортақ құндылықтарды одан әрі нығайтып, тарихи сананы сергітуге зор мүмкіндік береді.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…». Абайдан асырып кім айта алған?.. Әдебиеті ұлы ел ұсақтыққа, мейірім мен қайырым ұғымдарынан алшақ істерге ешқашан жолай алмайды. Иә, солай!.. Жоғарыдағы жыр жолының тағылымды талабына лайықты болу үшін қаншалықты кең жүрек пен дархандық, ізгілік керек десеңізші…

Қазақ – қазақ болғалы өз басынан сан нәубетті өткерген. Өмірдің қатал сынының қыспағына сан мәрте түскен. Алапат соғыстарды, қисынсыз қуғын-сүргін мен ашаршылық секілді азапты күндерді де көп көрген. Мың иілсе де сынбаған қазақтың қайсар рухы «не деген биік, не деген бекем еді?!» деп еріксіз таңдай қағасың кейде…

Бағзы күндердегі бабаларымыз армандап өткен Тәуелсіздік біздің маңдайымызға бұйырды. Басты байлығымыз – азат әрі бейбіт күніміз. Ал, оның іргесін сетінетпей ұстау, шаңырағын теңселтпеу – ұлы міндет, қастерлі парыз.

Елдегі мызғымас тұтастықты одан әрі нығайта түсудің алғышарты ретінде 2016 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні болып белгіленді.

Бұл күні дүрбелеңі мол дәуірде өлкемізге қоныс аударып, өнегелі жұртшылықпен бірге өсіп-өнген, тамырынан қол үзбеген, ұлттық болмысынан айрылмаған өзге этнос өкілдері қазақ халқына риза пейілін ақжарма көңілмен еш бүкпесіз білдіреді. Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір жандардың бастарына қара бұлт үйірілген кезеңде пана бола білген қазаққа айтар шынайы алғысы – бұл. Дана халықтың кең құшағы бүгінгі күні еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өлшеміне айналып үлгерді. «Жасаған жақсылығың – өзіңе жақсылық болып қайтады» деген халық даналығының түпкі мәні – осы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен Алғыс айту күні игі дәстүрге айналып, халқымыздың ең сүйікті мерекелерінің бірі боларына сенемін» деген еді.

Бір кездері күштеп қоныстандырылған өзге ұлт өкілдері қазақ халқына дән риза. Тамырын тереңге жайған, өніп-өскен бұл күнде. Олардың ұрпақтары Қазақстанды өз Отанымыз деп біледі. Жергілікті халықтың тілін, дінін, ділін, дәстүрін құрметтейді.

Кейбірі тарихи атамекендеріне оралса да, Қазақстанды аңсап, қайтып келіп жатқандары қаншама?! Жуырда әлеуметтік желіден көшіп кеткен неміс ұлты өкілдерінің қазақ әніне билеп, көздеріне жас алып отырғандарын көріп, көңіліміз босады. Бауыр басып қалғандығы көрініп тұр, қазақшаға судай.

«Кімде-кім адамға алғыс айта алмаса, Алла Тағалаға шүкіршілік ете алмайды» деген хадис бар.

Осы мереке тарихымыздағы ең ауыр, ең қиын кездерді ұмытпауға шақырады.

Алғыс айту күні – қазақ халқының дархандығы мен даналығын көрсететін айтулы күн.

Қазақы қасиеттер – әкенің қаны, ананың сүті әрі асыл діннің нәрімен бойымызға дарыған тектілік пен көпшілдік, дархандық пен кемеңгерліктің ең биік үлгісі. Осынау асыл құндылықтарды жас ұрпақ санасына сіңіру – қастерлі парыз.  

Жәлел ШАЛҚАР,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button