Адами капитал: бәс пен бәсеке

ЖЕТІНШІ. Адами капитал – жаңғыру негізі.

Білім берудің жаңа сапасы.

Барлық жастағы азаматтарды қамтитын

білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды

жеделдету қажет.Білім беру бағдарламаларының негізгі

басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және

жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс.

Елбасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауынан

Әлемнің озық отыз елін аузымен құс тістетіп, шашасына шаң жуытпай тұрған не? Әсіресе, бағдарламалық қамтамасыз етудегі алпауыт атанған АҚШ пен бүгінде робототехника арқылы 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға жұмыс күші тапшылығын жоюды батыл жоспарлаушы Жапонияның айдарынан жел естіріп тұрған – адами капитал екен.

Яғни, бүгінгі таңда инновациялық және постиндустриалдық қоғамды білім, жоғары сапалы өмір, интелект, ғылым экономикасы арқылы қалыптастырудың негізігі факторы ретінде адами капиталды атайды ғалымдар. Зерттеушілердің айтуынша, дәстүрлі ресурстар, өндіріс факторлары, атап айтқанда, еңбек, капитал, жер, екінші орынға түскен. Ал, алдыңғы орынды адами капитал иеленді. Сөйтіп, кез келген комнанияның, елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде кілттік рөл атқарады деген. Бұл – дәл қазіргі біздің қоғамға, елге аса қажетті фактор. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп атап көрсетуінің мәні де осында. Олай болса, адами капиталды қалай арттыруға тиіспіз? Әлбетте, Мемлекет басшысы білім берудің жаңа сапасын ерекше атады. Бұл кездейсоқ, аспаннан әйтеуір, алына салған басымдық емес. Қазіргі таңда өз қолы өз аузына жетіп, дамыған елдің барлығы адами капиталға орасан инвестиция құйғандығын тарих көрсетіп отыр. Дүние жүзі ғалымдары бұл орайда жасыл желегінен басқа, аса ауыз толтырып айта қоятын жер асты қазына-байлығы, минералды-шикізаты жоқ Жапония дамуын үнемі үлгі етеді. Одан бұрынғысын айтпағанда, соңғы онжылдықтағы жапондардың жаңа технологияларды меңгеріп, іске асырудағы асқан білімі мен еңбекқорлығы әлемді таңдай қақтырудан танған емес. Тынық мұхитымен тыныстап отырған Күншығыс елі біз жерасты байлығымызды судай сапырып, сыртқа сатып, мәре-сәре боп жатқанда, барлық инвестицияны білім беруге құйыпты. Соның нәтижесінде, бүгінде жаңа технологияны шемішкеше шағатын жапонның бүтін бір елі қалыптасқан. Бұл еліңіз – баланы ерте жастап оқытып, тәрбиелеуге баса ден қойған, халқы ең сауатты ел болып саналады. Оның бір айғағы – Жапониядағы университеттердің саны Батыс Еуропадағы университеттерден де көптігі.

Жалпы, БҰҰ Даму бағдарламасы мен Дүниежүзілік банк бағалауы бойынша қазіргі таңда ғаламдағы елдерде адами капиталдың үлесі – 64 пайызды құрайды екен. Ал, табиғи капиталдың экономикадағы үлесі – 20 пайыз шамасында. Тіпті, қайсыбір елдерде адами капиталдың көлемі 80 пайызға жуықтаған. Сол елдердің қатарында АҚШ, Батыс Еуропа, Жапония бар.

Азуын айға білеген АҚШ жоғары сапалы адам капиталы арқылы мәселелері мен қиындықтарын шешіп отырса керек. Тіпті, осы адами капиталдың көмегімен кезінде СССР-мен геосаяси бәсекені де жеңгендігін айтады деректер. Сондықтан СССР-дің шаңырағы шайқалып, қабырғасы қақырап жатқанда, АҚШ-ыңыз айға қарап, жұлдыз санап отырмаған. Бұған дейінгі адами капиталды дамытудағы тәжірибесі оны дереу іргелі және қолданбалы ғылымда ірі, алдыңғы қатарлы держава ретінде саясат сахнасына алып шыққан. Өйткені, сол кезеңнің өзінде экономика мен қоғамның барлық саласында, мейлі, ол ғылым, техника және жоғары технологияда, баршасында үздік мамандары болды. Осының нәтижесінде бірінші болып венчурлық бизнесті құруға, дамытуға мүмкіндік берді. Сол арқылы жоғары технологияларды, нанотехнологияларды дамыта түсті. Ал, өзге елдер АҚШ-тың осы тәжірибесін алудан, сүйенуден әлі жаңылған жоқ. Ендеше, біздің елдің де адами капиталға бет бұруы – уақыттың қатаң талабы. Көш соңында, тезек теріп қалғымыз келмесе, адами капиталға құйылған инвестиция сандық емес, сапалық нәтиже беруі тиіс. Ол үшін адами капиталды дамытудың басты шарты не? Ғалымдар ол шарттылық ретінде халықтың ментальдығы, яки, соған бейімделуі, элитаның тиімділігі, заңға мойынұсынушылық, білім мен денсаулық деңгейін атайды. Бұларға қоғамдағы қарама-қарсылықтар не? Зерттеушілер кеңестік саясаттың жоспарымен, айтқанымен жүріп-тұрып қалған сананың нарыққа бірден бейімделмеуі, осыдан келіп, еңбек сапасының төмендігі, элитаның тиімсіздігі, ұрлық-қарлыққа жақындық, жемқорлықтың асқынуы, халық пен мемлекеттің арасында көпірдің болмауымен байланыстырыпты. Осы бестік бекем болмайынша, адами капиталдың көсегемізді көгерте қоюы неғайбіл деп айтып-ақ келеді. Олай болса, осы бестіктің бетін бері қарату қажет.

Адами капиталдың қайнары басы – білімде тұр десек, қолымыздағы деректер Қазақстанынң жоғары оқу орындарынан білім алған мамандардың бәсекеге қабілетсіз екендігін және көрсеткен. Мәселен, халықаралық TIMSS ұйымы жүргізген зерттеулер отандық білім беру жүйесінің инновациялық экономика талаптарына жауап бере алмайтынын анықтаған. Бұған қоса, жұмыссыздардың көбі – жоғары білімді тұрғындар екенін қосыңыз. Мәселен, өзге елдерде жоғары білімді жұмыссыздар саны тұрғындардың өзге тобына қарағанда екі есе аз болса, Қазақстанда жағдай, керісінше. Біз де дипломды жұмыссыздар басқа дипломсыз жұмыссыздармен салыстырғанда 3 есеге көп. Енді осыдан-ақ ойланыңыз. Отандық арнаулы орта және жоғары білімнің бәсекеге қабілет-қарымын.

Негізі, білгенге, адами капитал – дербес экономикалық ресурс. Адами капиталдың төмен деңгейі мен сапасыздығы орын алғанда жоғары технологияларға құйылған инвестициялардан пайда жоқ. Мұны қоғамда бүгінде орын алған үрдістерден көріп отырмыз. Мысалы, Қарағандыдағы бір кәсіпорындарда (атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық) білікті маманның қаттығынан жоғары технологиялы құрал-жабдықтардың қарап, шаң басып тұрғанын былтырлары естігенбіз.

Сондықтан, қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын кезең. Уақыт адамның үнемі өзін-өзі дамытуын талап етеді. Өзге озық елдегідей бақуатты һәм ауқатты ғұмыр кешкіміз келсе, Жаратқанның берген мына жұмыр басын біліммен толтыруымыз керек екен. Осы арада американдықтардың «ақылды болсаң, неге бай емессің?» дейтін мәтелі тұп-тура келеді. Басқаны қайдам, дәл бұл кезеңдегі адамның әлеуметтік жағдайы тікелей меңгерген біліміне, игерген мамандығына тәуелді. Білім-біліктілігің сұранысқа сай болып, ортаңызда бағаланса, әлеуметтік ахуалыңыздың да жақсаруына үміт бар. Олай болмаған жағдайда, сөге көрмеңіз, ақиқатын айтайық. Қазіргі тілмен айтқанда, сіз бәсекеге қабілетсізсіз. Демек, бәсіңіз де төмен. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, өз обалыңыз өзіңізге!

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.