Біздің сұхбат

«Адам болуға тырысып келемін…»

Теміртау десе, жасыратын несі бар, көзімізге өз бетімен өзі, қазағынан гөрі басқа ұлты басым, зауыттарының мұнарадай мұржасынан түтіні будақтаған шап-шағын, суық шаһар елестейді. Әуеліден қазағы қат  қалаға біздің ішіміз жылығанымен, бұл шаһар томағатұйық тірлігінен әлі арыла қойған жоқ. Сонау бір жылдары осы Теміртауда табиғи қалыбы бұзылмаған қазақ жоқ секілді сезілетін. Сөйтсек, қателесіппіз. Мұнда ұлттың, рухтың жоқшысы болар ақсақалдар аз емес екен. Соның бірегейі – Тілеуберді ағамыз. Былайғы жұрт, СМАҒҰЛДЫҢ Тілеубердісі деп біледі. Ғұмырының мәнді де мағыналы кезеңін Теміртаумен етене байланыстыратын ақсақалмен реті келгенде аз-кем сұхбат құрған едік. Жетпістің бесеуіне келген ағамыз су төктірмес жорғадай сұхбатымызда атының басын босатты…Теміртау десе, жасыратын несі бар, көзімізге өз бетімен өзі, қазағынан гөрі басқа ұлты басым, зауыттарының мұнарадай мұржасынан түтіні будақтаған шап-шағын, суық шаһар елестейді. Әуеліден қазағы қат  қалаға біздің ішіміз жылығанымен, бұл шаһар томағатұйық тірлігінен әлі арыла қойған жоқ. Сонау бір жылдары осы Теміртауда табиғи қалыбы бұзылмаған қазақ жоқ секілді сезілетін. Сөйтсек, қателесіппіз. Мұнда ұлттың, рухтың жоқшысы болар ақсақалдар аз емес екен. Соның бірегейі – Тілеуберді ағамыз. Былайғы жұрт, СМАҒҰЛДЫҢ Тілеубердісі деп біледі. Ғұмырының мәнді де мағыналы кезеңін Теміртаумен етене байланыстыратын ақсақалмен реті келгенде аз-кем сұхбат құрған едік. Жетпістің бесеуіне келген ағамыз су төктірмес жорғадай сұхбатымызда атының басын босатты…
      – Аға, 75 жастың түндігін айқара ашқан екенсіз. Құтты болсын! Баяғыда атақты сөз зергері Ғабит Мүсірепов 75 жасқа толғанда: “Мен 100 жас жасаған адамнан әліде болса 25 жас кішімін ғой “ – деген екен. Бүгінде  асқартаудай әкесіз, қадірлі атасыз, ел ақсақалысыз. Сұхбатымызды көптен көкейім де жүрген сұрақтан бастайын. Зейнеткер болған соң ғана қолыңызға қалам алдыңыз. Сонда әдебиет, өнер ордасына ертерек бас сұқпағаныңызға өкінбейсіз бе?
– «Өкінгеннен не пайда?» дегенді ауыл қарттары жиі айтатын. Анда-санда өткен-кеткендерді көктей шолып отырғанда, ойға шомылатыным бар. Жас келгендіктен болар. Бірақ “қ..а..а..п!” деп сан соғатын сәттерге апармайды. Шынтуайтына келгенде, басты нүктені қойған шешем болатын. Менің бойымдағы кейбір өнердің мұрты тебіндеп шыға бастағанын байқаса керек, өнер адамдарының барлығын “әртіс” дейтін әдетімен, “Балам, ел сені әртіс болады деп жүр ғой, айта берсін. Менің айтарым: әртіс болсаң, төрт бес қатын аласың, немерелерімді көре алмай менің басым қатады. Ел құсап, дастарқан жайып, жора-жолдастарыңа дәм бере алмайтыныңды былай қойғанда, өзің аттар босағаға зар боласың. Әкең марқұм 1943 жылы сен жаңа туып, қызылшақа кезінде бір иіскеуге ғана шамасы келіп кетіп бара жатқанда артымда атымды шығаратын, ұрпағымды жалғастыратын ұл қалды деп кеткен. Барлығын сырып таста да, адам болуға тырыс. Басқаша болса, теріс батамды беремін” деп шорт кескен. Содан бері адам болуға тырысып келемін. Ал, енді “кешігіп қолыңа қалам алғанға келсек”, мен бірдемені “шұқылай” бастағанда, екінің бірі ақын, жазушы, тарихшы, шежіреші болып кітап шығарып, Қазақ әдебиеті “байып” қалған кезең болатын. Сол уақыттарда «е..е..е.. сен де жазушы екенсің ғой» деген кекесін жиі естілетін. Содан да болар,  өз басыма қатысты жазушы деген сөз қыстырыла қалса, қарадан-қарап ұялып, қысылып, қымтырылып қаламын.
             – Мырзалық емес кішілікті, ырзалық емес кісілікті көрсететін сіздей ақсақалдардың барлығына шүкіршілік етейік. Бірақ та киіз туырлықты қазаққа белгілі Мәди Бапиұлының бұрын-соңды белгісіз батыр­лығы баяндалған “Наркескен “әңгімеңіз оқыр­мандарды елең еткізсе, сізді жазушы де­мегенде, кім дейміз? Ал, енді, осы батыр атамыздың ерлігінен, басқаларды былай қойғанда Едірей, Балқантау өңірі бейхабар екен, осыған не айтар едіңіз?
– Мәдидің халық жауы атанып, 1928

 

жылы атылғанын білесіздер. Осы “халық жауы” деген сөз елдің аузына құм құйды емес пе? Едірейдің бауырында Әкбар, Қазыбек бабамыздың шапанын сақтап қалған Алтын ақсақалдармен бір қораның ішінде тұрдық. Сол Әкбар атамыз Мәдидің көлеңкесі болып, бірге жүрген адам. Кейінірек Мәди ақталғаннан кейін де үкіметке сенбей, батыр жөнінде жақ ашпай кетті. Қандай өкінішті десеңізші. Атақты жезтаңдай әнші Жүсіпбек Елебеков “Шіркін-ай!” деген әнді халық жауы атанған «Мәдидің әні деп айта алмай, халық әні деп жазғызып едім» деп өкінген болатын. Сол кездегі ел басқарудағы соқыр саясат талай ақиқаттарды тұңғиыққа батырды емес пе? Жарыққа шығарылмай кезегін күтіп жатқан әлі де болса бар шығар. Реті келіп тұр, айта кетейін. Менің саналы ғұмырым Мәди атамыздың атыменен тығыз байланысты болды. Оның себебін анықтап өзім де айта алмаймын. Көзбен көріп, қолға ұстатпайтын тағдыр деген құдірет бір құпиясын маған сыйлаған мыр­залылығы болар, әйтеуір, ардақты ақын туралы ақпараттар менің алдымнан шыға берді. Құдай айдап, Қарағандының ет комбинатына мал айдауға жалданғанда, Сарыхамит ақсақалды кездестіріп, ешкімге тіс жармай жүрген батыр атамыздың ерлігін 1957 жылы маған айтты. Қазақстан магниткасына комсомолдық жолдамамен  келген жылдары металлургия комбинатының іргесінде  Мұздыбай деген жерде апа-жездемнің қолында тұрдым. Сол ауылда руы Қаржас Қақпан атты сері қарт болды. Бай әулетінен шыққан әкесі 1920 жылдары кәмпескеге ілініп, Атбасарға  жер аударылғанда Мәди атамызбен дәмдес болыпты. Сол уақыттағы бала Қақпанның есіндегі батыр туралы әңгімелері әсерлі болатын. Осылардың барлығы, айтылмай қалғандары да бар, жадымда сақталып, ой ұйытқысында қорытылып, сомдалып тұрғанда, жазбау­ға мүмкін емес-тін.
             – Сөз саптауыңызға қарағанда, көп дүние қоржыныңызда сақтаулы болды ғой.
– Қоржынымда сақтаулы еді деген дұрыс болар. Шежіре қарттардың заманы өткелі қашан. “Тыңдайтын кісі болмаса, гауһар дүлдүл сөз ғаріп». (Бұқар жырау) емес пе? Дер кезінде айтылып, ел құлағдар болмаған соң бәрі де көмескі тартып, ұмытылады. Көп нәрседен айырылып қалдық. Дегенменен, үміттің оты жылт еткендей.2017 жылдың қарашасының 17 жұлдызында Қазыбек бидің 350 жылдығына орай “Даналар сөзі – ақылдың көзі” Республикалық шешендік өнер сайысын Қарағанды облысының әкімдігі өткізді. Бұл шараның қазақ деген халықтың бай дәстүрінің жаңа өрлеу кезеңінің бастауы болсын деп тілейік. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген шешендер тіл тиегін ағытып көсілді дерсің. Тілдің шұрайлылығы, ойдың ұшқырлығына леп беріп елдің делебесін қоздырды. Бәрі де болды, дау-дамай да болды. Қазақ бола тұра “өнер алды – қызыл тіл” сайысында дау шығармасақ, кім болғанымыз, қуанып қалдым. «Шешендік ортаның тарих сахнасына қайтып оралуы неғайбыл-ау» деп жүргенде, тәубе Құдайға. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру “ атты теңдесі жоқ еңбегінде: “Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибемен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, заман сынынан  сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыру

 

дың маңызды алғы шарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани  тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды” деген екен. Көсегесі көгерсін.
– Сіз Елбасыменен кезінде бірге жұмыс істеп, тығыз байланыста, қарым-қатынаста болған адамсыз. Қарағанды облысындағы алғашқылардың бірі ретінде  2005 жылы Президентіміздің Теміртаудағы 20 жылдық ғұмырын айшықтайтын “Президент” атты  эссе жаздыңыз. Бұл еңбегіңіз  “Сарыарқа кітапханасы” сериясымен шыққан Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың еңбектегі және саяси қайраткерлік қызметі басталған Қарағанды облысымен байланыстылығына арналған “Ел басына тұғыр болған – Сарыарқа»  атты кітабына енді. Елбасының “ “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру “ еңбегі жөнінде ойыңызды суыртпақтайын деп отырғанда өзіңіз бастап кеттіңіз, ой тұжырымдарыңызды ортаға салсаңыз…– Елбасының аталаған еңбегі үлкен көрегендіктің сабағы дер едім.”Таңғы тамақ- тәңірден” деп бейқам жүретін сіз бен бізге, барлығымызға қозғаушы күш болатынына сеніміміз мол. Егемендік алғаннан бері біздің мақсатымыз – ұлттық мемлекет құру еді және де бұл мақсат күн тәртібінен түскен жоқ, түспейді де. Бағытымыз баянды болсын десек, белгілі бір тарихи кезеңдердің қиын-қыстауына төтеп беретін ұлттық тұғыр керектігін түсіну қажет. Есіңде болса, ғасыр басында еліміздің игі жақсылары “ұлттық идея” керек деп жар салып еді ғой. Еліміздегі бүкіл ақпарат арқылы “Айтар ауыз, естір құлаққа сөз жеткілікті “ болғанымен мардымды ештеңе шыға қоймаған. Сөйтсек, саяси әлеуметтік саладағы әлем тарихында да “Ұлттық идеяны” іздеп таба алмағандар жалғыз біз ғана емес екенбіз. Ұлттық деген сөз қай уақытта болмасын, көптік мағына беретіндіктен айтылуы менен естілуіне сәйкес адам жадына бірден құйылып, көптің көңіліне қона кететін, өте биік рухани әлеуметтік деңгейде бой көрсетуі керек. Осы тұрғыдан келгенде «Президентіміздің аталған еңбегі тарихи кезеңде ұлттық идеяның жүгін көтеріп тұр-ау!» дегенде ой келеді.   Тағы бір-екі ұсыныс айтайын. Біріншісі, кодсөзі.Қазақ тіліне жат, айтқанда тіліміз тіс­тердің арасында қапталып қалып, дыбыс тұншығып, әзер шығып құлаққа жағымсыз естіледі. Сонау 18 ғасырда біздің тіліміз жөнінде “…тіпті, оқымаған қазақтың өзіде сайрап кеткенде шешендігіне таңқаласын. Мұндай өнер Еуропада тек  француз бен орыстарда ғана ұшырасады…” деп ағынан жарылған В.Радловты еске алсақ, тіл мамандары, әсіресе, терминкомдағы ағайындар үшін ұяласың. Менің айтарым қазақта қарапайым, тілге о

 

рамды “болмысы” деген сөз бар. “Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық болмысымызды (кодты) сақтай білу” деп оқып байқаңыздаршы. Келесі айтарым Қазақстандағы “100 жаңа есім” жобасы хақында. Біз мәңгілік ел боламыз десек, әрбір пенденің этикалық, эстетикалық талғамдарының жоғарғы деңгейін айрықша қадағалауымыз керек. Осыны іске асырудағы пәрменді тәсілдердің бірі – адамдарды мақтауы мен марапаттау барысындағы субъективизмді мүмкіндігінше азайту. Оны азайту оңай емес, қазақ қазақ болғалы осы дертпен алысып келеді, бүгінде арпалыс жүріп жатыр. “Адамзатты тек ар ілімі түзейді “ деген екен Шәкәрім. Елбасы аталған жобаны ұсынғанда, бұл атақ тек қана ар тазалығына берілетінін баса айтып отыр десек, артық болмас.
            – Сіз Теміртауда қазақ тілі қоғамын құрылғаннан бері басқарып келесіз, тындырылған істеріңіз де қомақты. Қоғамдық негізде істей жүріп, 1991 жылы металлург қаласы тарихында тұңғыш қазақ  мектебін ашқаныңызды ел біледі. Тұңғыш ақындар айтысын өткізгенде де тізгін басын сіз ұстадыңыз. Металлургтер қаласындағы қазақ газеттерінде де  сіздің  жанашырлығыңыз­дың табы жатыр. Шаһарымыздағы ана тіліміздің қазіргі жай-жапсары қалай? Ең бастысы латын әліпбиіне ауысудағы асқар асу тарихи сәтті металлургтер қалт жібермеген болар.
– Тыңдырылған істерді еске салғаныңызға рахмет. Осындай үлкен істер сол кездегі қаланы басқарған Камалтин Ескендірұлы Мұхамеджанов, ішкі саясатты басқарған Ғабит Шораұлы Тұяқов сынды азаматтардың қолдауымен тындырылғанын айту – ләзім. Реті келіп тұр, айта кетейін.  Бүгінде сондай ұлтжанды азаматтардың жоқтығы  тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Ал, қоғамның жұмысына келсек, бүгін “Халықаралық қазақ тілі қоғамы” деп аталады. Жарғысы бойынша қалалық ұйымдар «филиал» деп аталады да оларға есеп шот ашуға тыйым салынған. Осыдан кейін қоғамның жұмысына араласып бірнәрсе тындыру мүмкін емес. Латын әліппесін бүгін әлемдегі өркениеттің 80% қолданып отырғанда, оған көшу ешқандай да күдік тудырмауы керек. Біз металлургтер бөркімізді аспанға атып, тойлап жатырмыз. Неге тойламасқа, егер де ең бастысы ана тіліміздің басқа тілдерге жұтылып, жоғалып кетуіне қатысты күмән толықтай сейілсе. Латын әліппесіне көшу Қазақстанның іргесін толықтай қымтап, әлем алпауыттарыменен “иық тірестіруімізді”, “үзеңгі қағыстыруымызды”одан әрі арттырады. Яғни, «Мәңгілік ел» болудың ең басты шарттарының бірі, бір емес бірегейі ана тіліміздің құдіреті болса, ендігі жерде осы құдіретті аспандататын латын әліпбиі екені айдан анық нәрсе.

               – Сіз 1960 жылы комсомолдық жолдамамен келіп, 47 жыл ғұмырыңызды металлургия комбинатына арнап, 2006 жылдан зейнеткерлік демалыстасыз. Уақытында үнділердің келуінің басы қасында болдыңыз. Бүгін металлургтер қаласының бағы мен соры болып отырған алпауыттың басы дау-дамайда. Кезінде  лауазымды қызметтердің басын қайырған адам ретінде ойыңызбен бөліссеңіз…
– Мен бұрында айтқам, бүгінде қайталайын: үнділер бізді байыту үшін келген жоқ, өздерін байытуға келген. Басынан бастап, оларды жүгенсіз жібергенде өзіміз. Оларға бүгін «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқтықтан  ойларына келгенін істеуде. Осыларды байытқан жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ақша табылмайды да, Лакшминнің жиені тұрмысқа шыққанда 80 млн. АҚШ доллоры табыла кетеді. Ал, енді, ұлттық кадрларды көзге де ілмейді. Кадр мәселесін басқаратын менеджерді сонау Украинадан алып келіп, қазір оныменен металлургтер соттасып жатыр. Тығырықтан шығаратын жол біреу-ақ,   ол – компания басшыларының жергілікті мамандарға сенім артуы. Осыны қадағалап “Сен қай жердің суын ішіп отырсың?” дегенді естеріне салып, тәубесіне түсіретін құзыр­лы орган табылмай, жағдай өзгермейді.
               – Сіз көпті көрген, көненің көзісіз, көкірегіңіз сайрап тұр, бүгін не толғандырады?
– Ақырзаманда өмір сүріп жатқандығымыз жанымды жегідей жейді.
                 – ???…

– Әлемдегі саяси әлеуметтік ахуалдың  бүгінгі жай-жапсарына қарап отырсаң, жаның түршігеді. Жаһанданудың “жақсылығынан” адамзаттың рухани бейшаралығының құлдырауы соншалық «осы біз адамбыз ба?» деген сұрақ көкірегінде саңылауы барлардың тас төбесінен жиі ұратын болды. Өркениет деген құдірет бір жыныстылықты заңдастырып, әйелді еркекке, еркекті әйелге айналдырды. Бұл не сонда? Адамның табиғи жаратылысына опасыздықпен қол сұғып, ақырында жер бетін құрдымға жібермек пе? Яғни, өркениеттің шарықтауы ақырзаманның басталуы болды  ғой. Енді осылардан үлгі аламыз деп бөркімізді аспанға  атып жүрген қазақтың қолы неге жетті? Қыздарымыз жезөкшелікке, ұлдарымыз нашақорлыққа, шенеуліктеріміз ұрлық-қарлыққа, байларымыз сараңдыққа,  басқаларымыз шарасыздыққа ұрындық.Ең сорақылығы сол – бұған бойымызды үйретіп алдық. Тағы да қазақшылығымызға салып, өзімізге шаң жұқтырмай кінәні басқадан іздеу әдетімізден айырыла алмай келеміз. Өткен ғасырда “Оян, қазақ!” деп жар салған Мыржақып Дулатовтың, “жанайқайы” бүгінде “Болашаққа бағдар: рухани жаңғырудың” дана да дара жолын анықтап беріп отырған Елбасымыздың қамқорлығы  қазақтың құлағына сіңісті болуын тілейміз де.

                 – Әңгімеңізге рахмет!

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button