Жаңалықтар

Абзал БӨКЕН. Лингвистика

Тілім тозды.
Тозғаны оның қырға азап,
Не тындырам өнбес істі құр қажап.
“Қанша”, – деген қолайына сөз жақпай,
“Қаншау”, – деген сөз шығарды бұл қазақ.

Заманың тура тисе өкпегі,
Тілің түгіл, күнің суыр көктегі;
“Қандырғанын құлағымның құрышын”,
Құлағымның құрыш етін жеп”, – деді.

Қозыдайын толтыратын көгенді,
Толық сөздің туабітті тегі өлді.
“Тауанымыз қайтты”, – деудің орнына,
Тауып алды “тауын шақты” дегенді.

Емес, әсте, бере салған кеңес құр,
Ескірсеңіз тіл заңымен тең ескір.
“Әулетті” дейтін болдық “әлеует”,
Хас қазақы дыбысталу емес бұл.

Тыңдау үшін жетпейтіндей құла таң,
Түйткілдерді тізе берсем шұбатам.
Бір бауырым берсе-деғы бір атан,
Қояр емес деп айтуын “братан”.

Сөз – құдірет, сөз-қасиет.
Ал, шырақ,
Қасиетін кеміткенге бар сұрақ.
“Қызыл шұнақ аяз”, – дейтін,
Қызығы –
Қызыл емес, болып шықты “сарышұнақ”.

Қара қоға көлегейлеп борықты,
Қайран көңіл түзете алмай торықты.
Ең дұрысы еді “тістеп-тірнектеу”,
Ендігілер “тырнақтайтын” болыпты.

Тілдің майын еміп өскен ел еді,
кеңес қалды Күлтөбеде келелі,
“Барсай”, – дейтін, “келсей”, – дейтін бауырға,
Мұндайыңды “қойсай”, – дегім келеді.

Шалағайлық шашымнан да көп, сірә,
Мен бықсыдым, сен де енді қоқсыма.
Бұзушы көп, түзеуші аз.
Көп жақтан
жебе тиді көбе киген топшыма.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button