Тұлға

Абзал ана

«Көк аспанда – Көк тәңірі, Қанатының астында оның қара жер, Екеуінің арасында – Адамзаттың үмбеті», – деп басталатын «Күлтегін» (VII-VIII ғ.ғ.) жырында баяндалатын бақи заманнан бері осы дүниеге қаншама ұрпақтың керуен көші келіп, жер үстінде қаншама буын ауысты. Жарық өмірге келген адамзат үшін бәрі өлшеулі. Шексіз-шетсіз жалғаса беретін тіршілікте табиғат-құдіреттің адамзат баласына тарту еткен ең үлкен сыйлығы өмір болса, екіншісі – Ана. Әшляевтер әулетінің отанасы, асыл анамыз – Орынтай Серікбайқызының өмірден өткеніне алты ай толыпты. 31 тамыз – туған күні болатын…

Иә, Ана – өмірдегі киелі де, қасиетті есім! Осы сөздің астарында ұшан-теңіз ой жатыр. Бұл сөзді естігенде өн бойыңа барлық жылулық, шексіз мейірім мен жанашырлықты жинаған ең жақын жанды еске аламыз. Адамзат баласы алғаш дүние есігін ашқанда ананың ақ сүтімен бойына нәр алады. Ана құшағына еніп, мейіріміне бөленеді. Жер бетіне бір соғып кетер адамзат та, кез келген тіршілік иесі де осынау ананың құрсағында жаратылған. Сәби шағыңда қорғанар мекенің – ананың құшағы. Кеудеңе сыр тұнып, жүрегіңді мұң шалса, жағдайыңды жанарыңнан аңғаратын адам – Ана. Мейірім, махаббат, жылулық, кешірім сияқты жақсы қасиеттер анадан бастау алады.

Баласының тәні ауырса, Анасының жүрегі сыздап, жаны ауырады. Баласы шалыс басса, көз жұма қарайтын да – ана. Ана махаббатын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Адамзат баласына жарық өмір сыйлаған ананың алдында бәріміз де бас иеміз. Бұл – Ұлы Анаға деген үлкен құрметтің белгісі. Перзенттік адал махабаттың үлгісі.

«Өмір бар жерде – өлім бар». Демек, басы бар нәрсенің аяғы да болмақ. Бұл – өмір заңы. Шаңырақтың ұйытқысы, ырыстың ошағы болған ардақты аналарды, өкінішке қарай, ақтық демі біткен күндері ортамыздан шығарып саламыз. Халқымызда «Өлместі Құдай жаратпайды, Сынбасты, тозбасты ұста соқпайды» дейтін аталы сөз бар. Сондықтан, тәубешілік етуіміз керек.

Жүйткіген өмір, зулап аққан уақыт легінде Орынтай апаның арамыздан кеткеніне бірталай уақыт өткен екен. Дәм-тұзы таусылып, өмірден өткен жанның ақ өлімін сабырлықпен қабылдап, шүкіршілік айттық. Себебі, анамыздың артында елге танымал ұрпақтар қалды.

Орынтай апа мәуелі отбасының тірегі еді. Табиғатынан жаны да, келбеті де жарасым тапқан біртоға жан болатын. Жылдар бойы Сопыжан аға мен Орынтай апайдың отбасымен жақсы қарым-қатынаста болып, жақын да жанашыр адамдарының бірі болғандықтан, анамыздың қазасы мені де бейжай қалдырған жоқ. Шешей өнеге-тәлімі мол, шапағаты шуақты жан еді. Бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнады. Әкелер – қашанда үйдің емес, түздің адамы. Орынтай апа отағасының қабағын бағып, ошақ отын жандырып, шаңырақтың берекесі бола білді. Отбасына әкеден дарыған өнегелі істі аналық мейіріммен жалғастырып, балаларын жақсыға баулып, сапалы білім алуға, адал еңбек етуге тәрбиеледі. Ұзақ жылдар отасқан отағасымен бірге отбасының айрандай ұйып, ошақ отының маздап жануына үлкен үлес қосқан жан. Олар ұл-қыздарына заманына сай білім мен тәрбие беруді өзіне парыз санап, қандай ауыртпалық болса да, қайыспай көтере білді.

Қиындыққа мойымай, көрші-қолаңының қызық-думанын бірге тойлап, қуаныш-қайғысын бірге бөлісті. Ғұмыр бойы қолынан келген жақсылығын жасап, ел-жұртының ықыласына бөленген жан болды. Қашанда абысын-ажындары мен қыз-келіншектерді бауырына тартып, білмеген жерлерін үйретіп, мейірім шуағын төге білді. Осы қасиеттерімен ел анасына айналып, жастарды адалдыққа тәрбиелеген, ойы адал, парасат-пайымы терең жан болды.

Әшляевтар отбасының балалары да адам бойындағы жақсы қасиеттің денін өздері түлеп ұшқан отбасынан алды. Ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын ізгілік, адамгершілік, үлкенді құрметтеу, сыпайылық сияқты халқымыздың асыл қасиеттері ананың сүтімен, атаның қанымен бойларына дарыды десем артық айтпағаным.

Кез келген болып-толған азаматтың адами парызын өтеуі – бұл ана алдындағы парызын өтеу. Қаншалық байлық иесі болсаң да, әйгілі танымал адам болсаң да, анаңның жасаған жақсылығын ұмытпау, ақ сүтін ақтау – біздің, адамзат баласының өмірлік борышымыз.

Бұл күндері Сопыжан аға мен Орынтай апаның балалары әрқайсысы өз өресіне сай еңбек етіп, халқы үшін талай тағылымды істердің басында болған азаматтар.

Атап айтсақ, күйеу баласы Ескендір Хасанғалиев – Қазақстан халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Президент стипендиясының иегері. Бүгінде ел білетін, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген композитор, әнші. Қызы Дарико Хасанғалиева – білікті дәрігер, елге танымал медицина саласының көрнекті ұйымдастырушысы.

Ұлдары Қазбек Сопыжанұлы – Кеңес Одағының спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Кезінде Спорт және туризм министрінің орынбасары болып қызмет істеген. Қазір Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі.

Серік Сопыжанұлы кезінде партия, совет, комсомол ұйымдарында, Осакаровка, Совет аудандарының партия және әкімшілігін басқарған. Мәдениет министрі, Парламент Мәжілісінің депутаты болған. Президент әкімшілігінде, Ұлттық компанияда қызмет еткен.

Хазболат Сопыжанұлы еңбек жолын Қарағанды қаласы атқару комитетінің сауда бөлімінің төрағасынан бастап, Қарағанды және Талдықорған облыстарының сауда басқармаларын басқарған, Қазақстанның Орталық Партия комитетінде қызмет жасаған. Қазір Қазақстан тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы қызметін атқаруда.

Алтай Сопыжанұлы, Нұртай Сопыжанұлы мен Алтын Сопыжанқызы көп жылдар бойы шағын және кіші бизнес саласында қызмет етіп, еліміздің әр саласында өз үлестерін қосып жүр.

Тамырын тереңге таратқан алып бәйтеректей әулеттің ақылшысы болған Орынтай апай еліне, халқына қызмет етіп жүрген азамат тәрбиелегенін көріп қана қойған жоқ, олардың жеткен жетістіктері мен шыққан шыңдарының шарапатына бөленді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Босаға аттап кірген келіндерін қызындай, күйеу балаларын ұлындай әлпештеді. Құдай қосқан құдақұдағиларымен шынайы сыйластықта ортақ немере, шөбере сүйіп, қуаныштарын бірге тойлады. Ананың артында қалған алтындай ұлдары, аяулы қызы, құда-құдағилары, келіндері Орынтай апамыздың аманатын арқалап, әрі қарай жалғастыратыны анық. Орынтай анамыздың жарқын бейнесі болашақ ұрпағы мен көзкөргендердің жүрегінде әрқашан жарқырап тұра берері сөзсіз.

Ананың есімін ұлықтап, құрмет көрсету – әрбір перзенттің парызы. «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген екен. Анамыздың ырзалығы – ұрпағының амандығы – иман байлығы.

Арамызда жүрген жақсы адам өмірден өтіп кетсе де, көңілден ешқашан өшпек емес. Бүгінде Орынтай ананың рухына тағзым ете отырып, ол кісінің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз. Соңында қалған үрімбұтақтарына бақытты да, баянды ғұмыр тілеймін.

Ерқара АЙМАҒАМБЕТОВ,

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, отбасының жақын досы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button