ҚарағандыТарих

Абырой асуында

Астанадан Қарағандыға келе жатқанда үлкен әріптермен «Шахтерская Караганда – политическая и экономическая опора страны» деген жазуды барлығы біледі. Бірақ, оны қызметінің алғашқы жылдары Камалтин Ескендірұлы жаздырғанын біле қоймас.

Камалтин Ескендірұлының адами қасиеттеріне куә болған жан ретінде, сөзіне берік, ісіне мығым екенін жақсы білемін. Тағдыр Камекеңмен қызметтес болуға, осы бір абзал жанның жанында жақын жүруге жазды.

Өскен жері еліміздің ең бір шұрайлы пұшпағы Шығыс Қазақс­танның Большенарын өңірі болса да Қарағанды қаласы Камекеңнің өнегелі өмірінде ерекше орын алады. Себебі, қаламыздың дамуына Камекеңнің қосқан үлесі зор. Мұны аға буын жақсы біледі. Жастар Камекеңнің еңбегін білсе деген ниетпен қолыма қалам алдым.

Қарағанды энциклопедиясында қала негізінен Бұқпа өзенінің бойында салынған, содан бастау алады делінеді. Сол Бұқпаның көзін алғашқы ашқан адамдардың бірі – Камалтин Ескендірұлы болатын. Бірде бірге аралап жүріп: «Білесіз бе, Бұқпа Қарағанды ішінде жоғалып кетіпті»,– деді. Содан қала ішін жаяу аралап жүріп, өзенді қазіргі «Айса» мейрамханасы тұрған жерден аштырып, жер астымен көлге құятындай жасады. Жағасы көркейтілді. Шағын көпір салынды. Бұл жұмыста Шортанбай Әлихановтың еңбегі зор. Қамкеңнің бастамасымен қолға алынып, халық игілігіне жасалған жұмыс бұл ғана емес.

Бір күні кабинетіне кіріп кетуімді сұрады. Барғанымда кеше мешітте болғанын, жаңа да болса көп жұмыс істелмегенін айтты. Осылай тұра берсе құлайтынын ескертіп, жөндеу жұмыстарын жасау керектігіне тоқталды. Ертесіне қала активін шақырып, мәселені ортаға салды. Жиналыста А.Осин, Т.Мұхамбедияров, Т.Тұяқов тағы басқалар қолдау көрсететіндерін айтып, қаржы бөлді. Осылай қызу жұмыс басталды.

Екі күннен кейін штаб бастығы Камекең бәрімізді мешітке жинап, аяғымызға етік, үстімізге брезент плащь беріп, мешіттің жағдайымен таныстырды, кемшіліктерді көрсетті. Жөндеу жұмыстары жүргізілген алты ай бойы «оперативка» сол мешіттің өзінде өткізіп отырды. Іскерлігінің нәтижесінде мешіт 2000 жылдың 23 желтоқсанында есігін айқара ашты. Мешіт қабырғасына «Мешіт Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша салынып, тікелей қатысуымен 2000 жылы 23 желтоқсанда ашылды» делінген тақта орнатылды. Камекеңнің бұл ісін көз көргендер бүгінде жыр қылып айтып жүр.

Қала көпірлері өте ұсқынсыз, көзге оғаш көрінетін. Бұл олқылықтарды да түзетуге барын салды. «Қарағанды Нан», «Қарағанды кәмпиттері» кондитер фабрикасын, вокзал маңындағы көпірлерді жөндетіп, елдің алғысын алды. Ал, Федоровкаға қарай өтетін көпірді жөндеуді Артур Романовичке тапсырып, Ленинградтың көпіріндей жасатты. Шынжырлатып, арыстанның мүсініне дейін қойылды. Содан бері 20 жылға тақау уақыт өтті. Көпірді қайта жөндеу қажет-ақ.

Қаланың көпшілігі Оңтүстік-Шығыс мөлтек ауданында тұрады. Дем алатын орны жоқ. Осыны ескерген Камалтин Ескендірұлы жаңа қаламен шектесетін жерінен демалыс саябағын ашуды қолға алады. Өзі басшылық жасап, әр мекеме, аудандар мен қалаларға абаттандыратын жер бөліп берді. Аз уақыттың ішінде саябақ бой көтерді. Оның жанында тұрған Мәкеңнің (М.Әлиақпаров – ред.) «Сүйінші» монументінің өзі неге тұрады? Бүгінде отбасын құрған жастардың баратын жеріне айналды.

Қалада көлік көбейді. Кептелістер пайда болды. Осыны дер кезінде байқаған Камалтин Ескендірұлы Бұқар жырау көшесі мен «ВЛКСМ 30 жылдығы» саябағының арасынан жол салдыртты. Бұл оңайға түспеді. Өйткені, барлық коммуникацияларды ауыстыру, су, жылу құбырларын тарту, оған қоса саябақтың шетінен жер бөлу мәселесі көлденең шықты. Халықтың да наразылығы туындады. Сол кезде барлығын жинап, Камекең өзі түсіндірді. Оның ішінде, вокзалға тіке шығатын жолды ретке келтіру қажеттілігі де туындады. Мамандармен келісе отырып, облыстық мұрағат орналасқан ғимараттың бірінші қабатын алдыртып тастап, жолды вокзалға тіке шығартты. Бүгінде бұл көшесіз қалай болар еді деп ойлайсың.

Қаланы көркейту мен абаттандыру ісіне Камалтин Ескендірұлы көп жұмыс атқарды. Әлі есімде, орталық цирк ғимаратының үстіне циркачтың мүсінін қою көп дау туғызған еді. Көпшілік ғимарат ол мүсінді көтере алмайды десті. Камекең бірден жобалау институтына тапсырыс беріп, мүсінді есептетіп қойғызды. Бүгінде ол қаланың сәулетті жерлерінің біріне айналды. Ал, алаңындағы мүсіндер ғимарат ажарын одан әрі ашып тұр.

Оңтүстік-Шығыстағы Құрылыс­шылар көшесі бұрын қандай еді? Көзімен көргендер біледі. Қазір көрсеңіз, қаланың бір сүйкімді даңғылына айналған. Қайдан тапқанын білмеймін, құрылысшының ескерткішін орнатып, сәулеттендірген де осы кісі еді.

Қала ішінде халықтың қысқы уақытта демалатын орны жоқ еді. Көпшілік Спасск маңындағы кезеңдерге баратын. Камекең Е.Бө­кетов атындағы Қарағанды мем­лекеттік университетінің жатақ­ханалары алдындағы биік жерді таңдап алып, биіктетуге тапсырма берді. Қаладағы кәсіпорын мекемелері жұмыла кірісті. Қаншама топырақ тасылды. Нәтижесінде, халықтың қыста шаңғы, шана тебетін орны пайда болды. Оның ашылуына қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, лентасын қиды. Көпшіліктің денсаулығын шыңдап, балалардың мәз-мейрам болатын жері жөндеу көрмей, азып тұрғаны өкінішті-ақ. Соны қолға алып, спортпен айналысуға жаңа мүмкіндіктер ашатын азаматтар болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Камекеңнің қала үшін жасаған еңбегі өте зор. Оның қайсыбірін тізбектеп айта бересің. Аэропорт бағытына, Теміртау қаласына дейін бағаналар қойып, жарықтандыруды қолға алған еді. Статистика бойынша жарық берілген уақыттан бастап жол апаты азайған. Камекеңнің еңбегі тек Қарағанды қаласына ғана сіңген жоқ. Облыс әкімі болып тұрған кезде өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласы дамып, қанат жайды. Қалалар мен аудан орталықтары абаттандырылды. Көшелеріне асфальт төселіп, жарықтандырылды. Мал басы артып, егін алқабының көлемі де ұлғайды. Бұл, әрине, бөлек әңгіме.

Камалтин Ескендірұлының же­­місті еңбегіне жұбайы Елена келін­нің де қосқан үлесі қомақты. Ештеңеге алаңдамай, қоғам жұмысы­мен айналысуына жағдай жасады. Ер-азаматтың тасының өр­ге домалауы жұбайының арқасы деп ойлаймын.

Камекең – әлі аттан түспеген адам. Үлкен мекемені басқарады. Басқаны айтпай-ақ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі екендігін айтсақ, жеткілікті. Өмірлік мол тәжірибесін жастарға үйретуші, қаланың Құрметті азаматы.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Қазақ жақсы көрген адамына «нұр жаусын» деп тілейді. Мұның астарында Тәңірім игілікке жұмсалатын күш-қуат берсін деген тілек жатыр.

Абырой – қазақ үшін қастерлі ұғым. Бұл шөміштеп емес, қасықтап жиналатын, көзге көрінбейтін материя іспеттес. Өте нәзік. Парасаттылық танытпасаң шытынайды, оның қайта орнына келуі неғайбыл. Өмір озады, дүние тозады. Азбайтын да, тозбайтын да абырой. Ендеше, абзал аға ретінде бар тілегім, халықтан алған абыройыңнан жазбасын. Әмсе абыройлы бол!

Қасымбек МЕДИЕВ,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері,

Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button